Оқушылардың мейірімділік қасиетін дамыту
Сабақтың мақсаты мен идеясы
Бұл сабақта Абайтану орталығы мен «Өзін-өзі тану» пәні арасындағы байланысты түсіндіру көзделеді. Негізгі өзек — рухани-адамгершілік сүйіспеншілік құндылығы. Оқушылар махаббат пен кішіпейілділіктің, аянбай қызмет етудің және мейірімділіктің мәнін тереңірек ұғынады.
Тереңдету
Жақсы көру, кішіпейілділік және аянбай қызмет ету туралы білімді кеңейту.
Дамыту
Мейірімділік қасиетін дамыту арқылы қарым-қатынасты ізгілендіру.
Тәрбиелеу
Риясыз сүйіспеншілікке, жанашырлыққа, қызмет ету мәдениетіне тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену». Оқушылардың ішкі күйіне назар аударып, сабаққа зейін қою.
- Көңіл күйіңіз қандай?
- Қандай сезімде болдыңыз?
2) Үй тапсырмасын тексеру
- 1 Дәптердің 28-бетіндегі 2-тапсырманы талдау.
- 2 Ел үшін еңбек етіп жүрген адамдар туралы мәлімет әкелу және сол адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерді сипаттау.
3) Мұғалім сыйы: Абайдың 17-қара сөзі
Аудиодискіден Абайдың 17-қара сөзін тыңдау. Тыңдалымнан кейін ой қозғау сұрақтары арқылы талдау жасалады.
Талқылау сұрақтары
- Қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің дауласуының себебі неде?
- Сіз қайсысын жақтар едіңіз? Неліктен?
- Адам қай кезде өз жүрегін тыңдайды?
Жеке рефлексия
Өз жүрегіңізді қашан тыңдадыңыз? Сол сәттен қандай ой түйдіңіз? Жауап — қысқа, бірақ шынайы болсын.
4) Шығармашылық іс-әрекет: топтық жұмыс
Оқушылар кезекпен «ақыл», «қайрат», «жүрек», «ғылым» сөздерін айтып, тиісті топтарға бөлінеді.
Ақыл тобы
Абайдың 17-қара сөзі бойынша жоспар құру.
Қайрат тобы
Сахналық көрініс көрсету: рөлдерге бөліп, артистік шеберлікпен және шынайы сезіммен орындау.
Жүрек тобы
Қара сөздегі ақыл, қайрат, жүрек, ғылым ұғымдарының бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерді анықтау және ортақ қорытынды шығару.
Үй тапсырмасы
Шығармашылық жұмыс
«Риясыз сүйіспеншілік — адамзат бақытының негізі» тақырыбына шығарма жазу: өлең, эссе немесе сурет.
Оқылым
Оқулықтың 95–96-беттеріндегі І. Есенберлин мәтінін оқу.
Сабақтың қорытынды тыныштық сәті
Адам әрқашан өмірдің жақсы жақтарын көруге талпынуы керек. Ол үшін айналаға жақсы ниетпен, жағымды оймен, жылы жүрекпен қарау қажет.
Риясыз сүйіспеншілік — адамдық өлшемнің айқын белгісі. Сүйіспеншілік күллі тіршілікке, болмысқа, адамзатқа арналғанда ғана өзара үйлесім мен түсіністік нығаяды.
Бүгінгі сабақтағы ойларды зерделей отырып, сүйіспеншілік құндылығының негізінде махаббат пен кішіпейілділіктің, аянбай қызмет етудің, мейірімділіктің маңызын жүрегімізге түйіп қояйық.
Рақмет! Сау болыңыздар!
Толық нұсқасын жүктеу