Ана туралы мағлұмат беру

Ана тілі

Сабақтың тақырыбы: «Бұл кім?» (Ыбырай Алтынсарин)

Бұл жоспар ана туралы өлең арқылы оқушылардың тілін, ойлауын және адамгершілік құндылықтарын дамытуға бағытталған. Сабақ құрылымы оқушының қызығушылығын оятып, мәтінді түсініп оқуға, өз ойын еркін айтуға және ананы құрметтеуге тәрбиелеуге негізделген.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Оқушыларды өлең мазмұнымен таныстыру, көркем шығармаға қызығушылығын арттыру.
  • Өлеңдегі негізгі ой мен идеяны ұғындыру.

Дамытушылық

  • Түсініп, мәнерлеп оқу дағдысын нығайту.
  • Сөздік қорын, белсенділігін, қызығушылығын және қиялын дамыту.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеуге, танымдық қабілеттерін арттыруға, өз ойын еркін айтуға үйрету.

Тәрбиелік

Ананың құдіретті әрі мейірімді жан екенін түсіндіре отырып, ананы сыйлауға және құрметтеуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер мен ұйымдастыру

Әдістер

Түсіндірмелі, сұрақ-жауап, дөңгелек үстел, болжау, тест, топтау.

Сабақ түрі

Жаңа білім беру сабағы.

Формасы

Жалпы сыныппен және топпен жұмыс.

Көрнекілік пен техника

  • Қорап, топшамалар.
  • Теледидар, бейнемагнитофон, слайд.

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі, дүниетану, әуез (музыка) сабақтарымен байланыс.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Слайдтан күлімдеген күннің суреті көрсетіледі. Оқушыларға: «Күн сияқты күлімдеп, бүгінгі сабақты жақсы көңіл күймен бастайық» деп бағыт беріледі.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Үйге берілген тапсырма сұралады, оқушылардың салған суреттері тексеріледі.

III. Өткенді пысықтау (топтық жұмыс)

  • I топ

    Тест тапсырмаларын орындау.

  • II топ

    Еңбекке және білім алуға қатысты мақал-мәтелдер айту.

  • III топ

    Сөзжұмбақ шешу.

IV. «Бейнесөз» және жұмбақ

Бейнесөз: «Бұл кім?»

Жұмбақ:

Даласындай дарқан, данасындай,
Кімнің кең пейілі?
Кімнің мол мейірі?

Жауабы: Ана

V. Болжау әдісі

Слайдтан құрастырылған сурет көрсетіледі. Оқушылар бүгінгі тақырып туралы өз болжамдарын айтады.

VI. Жаңа сабақ

1) Қызығушылықты ояту

I топ — «Ой қозғау»

Аналарың сендерге қандай жылы сөз айтып, қандай қамқорлық жасайды?

II топ — «Топтау»

«Ана» деген сөзді естігенде ойларыңа не келеді? Бір сөзбен жазыңдар.

III топ — «Дөңгелек үстел»

Қ, Ә, А, С, Т, Ұ, Қ әріптерін пайдаланып, ананың мінезін сипаттайтын сөздер айтыңдар.

2) Ана туралы мағлұмат

Ана — мейірімнің, жылулықтың, өмірдің бастауы. Анаға құрмет көрсету — адамгершіліктің өлшемі.

3) Өлең авторымен таныстыру

Ыбырай Алтынсарин Қостанай облысында туған. Ол — қазақтан шыққан тұңғыш ұстаз, ағартушы. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық жазған.

4) Өлеңді тыңдау

Өлең магнитофоннан тыңдатылады.

5) Сөздік жұмысы

Изен

Шөптің бір түрі.

VII. Сергіту сәті

«Анашым» әні хормен орындалады.

VIII. Кітаппен жұмыс

  • I топ

    Өлеңді мәнерлеп оқу.

  • II топ

    «Түн ұйқысын төрт бөліп» дегенді қалай түсінесіңдер?

  • III топ

    Пантомима: аналарыңа қандай сый-құрмет көрсетесіңдер?

IX. Дәптермен жұмыс — «Бұл не?» ойыны

Мұғалім оқушыларға: «Қорапта не бар деп ойлайсыңдар?» деген сұрақ қояды. Оқушылар өз нұсқаларын айтады (кәмпит, кітап, сурет, торт және т.б.).

Қораптан шыққан мақал

Ананың құшағы жылы,
Күннің шуағы жылы.

Оқушылар мақал-мәтелді дәптерге жазады.

X. Сабақты бекіту

  1. Аналарыңа арнап қандай тілектер айтар едіңдер? (Оқушылар тілектерін айтады.)
  2. Енді аналарың сендерге қандай тілек айтады? Теледидардан бейнетаспаны тыңдаймыз. (Аналары тілек айтады.)
  3. «Анамның дауысы» ойыны: ананың еркелеткен дауысын балалар тауып алуы керек.

Қорытынды сөз

Ананы ардақтамас адам бар ма,
Бас иер алдында оның даналар да.
Жаз құшақ, аққу жанды, күн келбетті,
Не жетсін дүниеде аналарға.

Әрдайым аналарыңды сыйлап, құрметтеп, қуанышқа бөлеп жүріңдер.

XI. Үй тапсырмасы

  • Өлеңді түсініп оқу.
  • Анаға байланысты өлең шығару.

XII. Бағалау және мадақтау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларға аналарына сыйлайтын гүлдер беріледі.