Есептік сан есім

Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім. Абай мен Мұхтар сөйлеген дана тілім. Ұл-қызың сені мәңгі қастерлейді — болашағым, бақытым, дара тілім!

Тіл құндылығы Дәстүр Білім

Ой толғаныс: 3, 5, 7 сандары нені білдіреді?

Қазақ дүниетанымында кейбір сандардың мағынасы терең. 3, 5, 7 — тұрмыс пен тәрбиеде жиі ұшырасатын, ұғымды жинақтап беретін қасиетті межелер.

3 санына байланысты

  • Үш тәтті

    Жан тәтті, жар тәтті, бала тәтті.

  • Үш би

    Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.

  • Үш жүз

    Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.

5 санына байланысты

  • Бес қару

    Садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта.

  • Бес жаратылыс

    Күн, ай, жұлдыз, күндіз, түн.

  • Бес асыл

    Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым.

  • Бес сезім мүшесі

    Көз, құлақ, тері, тіл, мұрын.

  • Бес дұшпан

    Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашпақ.

7 санына байланысты

  • Жеті қазына

    Әйел, ер жігіт, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, тазы ит.

  • Жеті жоқ

    Жерде сүйеніш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада тамақ жоқ, желде тұрақ жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ.

  • Жеті күн

    Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.

  • Жеті жұт

    Құрғақшылық, жұт (малдың қырылуы), соғыс, өрт, оба (індет), топан су, зілзала.

  • Жеті ата

    Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.

Кім тапқыр?

Логикалық тапсырма

Төмендегі тізбекті бөліп оқып, мағыналы сөздер мен сан атауларын табыңдар:

Айнабіржүкекіөнбіріншіқуаттөртәнұоныншыестіджг

Сабақ тақырыбы: есептік және реттік сан есім

Сабақ мақсаты

  • Сан есім туралы ұғымды кеңейту.
  • Есептік, реттік, дара, күрделі түрлерін ажырата білу.
  • Сөйлем ішінен сан есімге сұрақ қоя білуге үйрету.

Негізгі ұғымдар

Есептік сан есім

Заттың нақты санын білдіреді; қанша? неше? сұрақтарына жауап береді. Мысалдар: бес, он екі, жүз, жиырма сегіз, тоғыз жүз бір.

Реттік сан есім

Заттың саналу ретін (қатарын) білдіреді; нешінші? сұрағына жауап береді. Мысалдар: бірінші, тоғызыншы, екінші, алтыншы.

Жасалу жолы

Реттік сан есім есептік сан есімге -ыншы, -інші, -ншы, -нші жұрнақтары жалғану арқылы жасалады.

Топтық жұмыстар

І топ

Көп нүктенің орнына есептік сан есімді реттік сан есімге айналдырып жазыңдар:

  • Бір қатар— ... қатар
  • Үш орын— ... орын
  • Тоғыз мектеп— ... мектеп

ІІ топ

Реттік сан есімдерді сөз құрамына талдаңдар:

бірінші екінші бесінші алтыншы отызыншы

ІІІ топ

Реттік сан есімдерді есептік сан есімге айналдырыңдар. Сонда қандай сұрақ қойылады?

  • Бесінші бөлме
  • Жетінші пәтер
  • Он төртінші қатар
  • Сегізінші қайық

«Сиқырлы қапшық» тапсырмасы

Берілген сөздерді екі бағанға бөліңдер: реттік және есептік сан есім.

бір төрт алпысыншы елуінші он екінші жиырма бір

Реттік сан есім

Осы жерге орналастырыңдар

Есептік сан есім

Осы жерге орналастырыңдар

Үй тапсырмасы

«Менің мектебім» тақырыбына әңгіме құрап жазыңдар.