Бейнелеу құралдарымен тәжірибе жасау

Мастер-класс

Тақырыбы

«Ақылды балақай»

Дәстүрлі емес бейнелеу тәсілдерімен таныстыру және балалардың дамуындағы саусақпен сурет салу әдісінің маңызы.

Өткізу түрі

Семинар-практикум

Ұраны

«Бала үшін, баламен бірге, баланың мүмкіндігіне сай.»

Мақсаты

Үйден оқитын балалардың шығармашылық ойы мен қиялын дамытуда, шығармашылық белсенділігін арттыруда дәстүрлі емес тәсілдердің маңызын ашу және өзектілігін көрсету. Педагогтарды дәстүрлі емес бояу тәсілдерінің сан алуандылығымен таныстыру.

Даярлық кезең

1) Көрме

Әртүрлі әдіспен орындалған балалар суреттерінің көрмесін дайындау.

2) Материалдар

Дәстүрлі емес тәсілдерде қолданылатын құралдар мен материалдарды көрсету.

3) Дәйексөздер

Тақырыпқа сай қанатты сөздер мен ой-тұжырымдарды іріктеу.

Кіріспе

Шығармашылық тұлғаны қалыптастыру — қазіргі кезеңдегі педагогикалық теория мен тәжірибенің маңызды бағыттарының бірі. В. А. Сухомлинскийдің сөзімен айтсақ:

«Балалардың мүмкіндігі мен дарындылығының бастамалары саусақтарының ұшында. Бейнелеп айтқанда, саусақтарынан шығармашылық ойды қоректендіретін өте жіңішке жылғалар сынды жіптер тарайды. Баланың қолында неғұрлым шеберлік көп болса, соғұрлым ол ақылды болады».

Педагогтардың пайымдауынша, барлық бала дарынды. Сондықтан дарынды дер кезінде байқап, оны тәжірибеде және күнделікті өмірде қолдануға жағдай жасау қажет. Ересектердің қолдауымен көркемдік-шығармашылық қабілеттері дамыған сайын бала жаңа туындылар жасайды (сурет, жапсыру), ал әрбір жаңа жұмыс — тәжірибе мен ізденіске бастайтын қадам.

Бақылау нәтижелері: күшті және әлсіз тұстар

Жақсы дамыған дағдылар

  • Штрихтау икемділігі; түрлі түсті қарындашпен әртүрлі сызықтар жүргізу.

  • Жіңішке және жуан қылқаламмен бояуды жаға білу.

  • Негізгі түстер мен реңктерді тану және бояуларды араластыру.

  • Үлгі мен дақты (дақтық) жұмыста қолдана білу.

  • Жұмыс орнын жинақтай білу.

Кездескен қиындықтар

  • Жауап беру кезінде сенімсіздік, бөгеліп қалу.

  • Құралдарды өздігінен таңдау және суретті параққа орналастыруда енжарлық.

  • Дәстүрлі емес бояу тәсілдерін қолданудағы жасқаншақтық.

  • Бейнелеу құралдарымен тәжірибе жасауға құлықсыздық.

  • Таныс әдістерде педагогтың нақты түсіндіруін күту.

  • Қиялын, көркем шығармашылығын және суретке жеке көзқарасын еркін білдірудің жеткіліксіздігі.

Түйін

Бақылау нәтижелері балаларға көбіне өзіне деген сенімділік, елестету және дербестік жетіспейтінін көрсетті. Осы мәселені шешу үшін әдістемелік әдебиеттерді тереңірек зерделеп, бейнелеу әрекетін басқарудың негізгі критерийлерін айқындадым: баланың даму ерекшелігін ескеру, даралығын байқау, әдепті түрде дербестігі мен ықыласын қолдау, қажетті дағдыларды меңгеруіне жағдай жасау.

Неліктен дәстүрлі емес тәсілдер маңызды?

Еркіндік береді

Бала өз ойын, ықыласын, сезімін шектеусіз білдіреді. Бейнелеуде «дұрыс-бұрыс» қысымы азайып, шығармашылыққа жол ашылады.

Тәжірибе мәдениетін қалыптастырады

Түрлі құралдар мен материалдарды үйлестіру арқылы бала жаңа тәсілдерді байқап көреді, қорықпай ізденуге үйренеді.

Ересекке де қолайлы

Бұл техникалар балаларға ғана емес, педагогтарға да қызықты әрі қолдануға ыңғайлы: нәтижесі тез көрінеді, қатысу деңгейі жоғары болады.

Іске асыру алаңы

Міндеттерді «Көңілді суретші» үйірмесі аясында жүйелі жүзеге асыруға болады. Үйірмеде бала сурет арқылы ойын, сезімін, уайымын және көңіл күйін еркін білдіреді. Түрлі тәсілдердің көмегімен түрлі түсті дақтар мен сызықтардан таныс бейнені «тауып», оны әсемдеуге мүмкіндік алады. Сабақтар шығармашылық үдерістің кезеңдерімен жүріп, педагог пен балалардың бірлескен жасампаз жұмысына айналады.

Практика: саусақпен сурет салу әдісі

Қажетті заттар

  • Ыдыстағы гуашь

  • Ақ түсті қатты қағаз

  • Құтыдағы таза су

  • Сүрткіш (майлық/сүлгі)

Орындалу тәсілі

  1. 1

    Бала саусағын гуашьқа малып, қағазға дақтар мен нүктелер түсіреді.

  2. 2

    Әр саусаққа әртүрлі түсті бояу жағуға болады.

  3. 3

    Жұмыс соңында саусақтарды сүрткішпен сүртіп, қолды жеңіл жуады.

Көңіл күймен жұмысқа шақыратын өлең-ойын

Қане, қане, не болды?
Ренжідің бе біреуге?
Үйретейін мен сені
Шаттанып бір күлуге.

Міне ақ бет — аппақ-аппақ,
Сүлгі, гуашь — түрлі-түсті.
Міне стакан таза сумен,
Дос болайық біз олармен.

Ұшайық біз олармен бірге —
Ғажайыптар әлеміне.
Алдыменен қолымыз
Таза суға сулансын.

Гуашьтарға түрлі-түсті
Саусағымыз малынсын.
Тыңдамайтын тентек бала
Сияқты ол былғансын.

Ашулысың, қарашы —
Қабағың тұр түйіліп,
Ал көздерің аларып,
Танауың тұр шүйіріліп,
Аузың кетті қомпиып.

Саған күннің өзі де
Қарап тұр ғой бұртиып.
Көбелек те көңілсіз —
Жарамайды бұл мүлде.

Қане-қане, күлеміз!
Қарашы енді анықтап:
Қабақтарың жадырап,
Көздерің тұр күлімдеп,
Ал танауың делдиіп,
Аузың кетті ыржиып.

Міне күнді қарашы —
Бізге қарап күліп тұр.
Ал көбелек қалықтап,
Қанатына сурет сап,
Ұшып жүр ғой шаттанып,
Суретіне мақтанып.

Қорытынды кезең

Ынталандыру және қолдау

Педагогтарға дәстүрлі емес тәсілмен сурет салатын «суретші» атағын беру және күлкілі куәлік табыс ету ұсынылады. Бұл — қатысушылардың белсенділігін арттырып, тәжірибені жағымды эмоциямен бекітетін тиімді қадам.

Орындаған

Акбергенова А. С.