Әскербектің әкесі Көпіштің алғашқы сөзін әңгімеден тауып оқы

І. Ұйымдастыру кезеңі

Сабаққа әзірлік. Мен бүгін көтеріңкі көңіл күймен келдім.

Кәне, шеңбер құрайық: жақсы көңіл күйімізді бір-бірімізге сыйлайық. Көңіл күйіміз жақсы болса, қиындықтарды да оңай жеңеміз.

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау

  1. Сұрақтар

    • Үшінші тоқсанда Бақытжанның сабағы неге төмендеп кетті?
    • Телефоннан естілген хабар Бақытжанның анасына қалай әсер етті?
    • «Бармағын тістеу» дегенді қалай түсінесің?
    • Бақытжанның анасы неге бармағын тістеп тұрып қалды?
  2. Қосымша сұрақ

    • Бақытжан қандай бала?

ІІІ. Үй тапсырмасын пысықтау

Әңгімеден қандай қорытынды жасауға болады?

ІV. Мақсат қою кезеңі

  1. Сабақтың мақсатын және тақырыбын хабарлау.
  2. Жаңа сабаққа даярлық

    • Балалар, сендердің үйлеріңде тауықтарың, әтештерің бар ма?
    • Сендер оларға қандай қамқорлық көрсетесіңдер?

V. Жаңа сабақ

Роза Әбілқадырованың «Әскербектің әтеші» әңгімесі бойынша

Сабақтың бағыты

Бүгінгі сабақта «Әскербектің әтеші» әңгімесі арқылы Әскербектің кішкентай жүрегіндегі дарқан мейірімділік туралы білеміз.

Оқулықпен жұмыс

  • Іштей оқу
  • Тізбектей оқу
  • Жалғастырып оқу

Әскербектің әтеші

Әскербектің әдемі қауырсынды әтеші бар. Ол өзін басқалардан әлдеқайда артық сезінетіндей, өте маңғаз. Оның үстіне үш мезгіл шақырған даусы да ерекше. Ауылдағылардың көбі Әскербектің әтешін даусынан таниды.

Үлкендер: «Мал иесіне тартады» деген рас, Көпіштің әтеші тура өзі тәрізді маңғаз, — дейді.

Осы ауылға атағы шыққан Әскербектің әтеші бір күні аяқ астынан, не болғаны белгісіз, қырылдап қалды. Бірақ ол мезгілі келгенде қырылдап келіп шақыра береді. Енді ол Көпіш үйінің «қырылдауық әтеші» атана бастады.

Бұған намыстанған Әскербектің әкесі бірде:

Тамам елге күлкі болмай, ана сұмырай әтештің көзін жойып, басын қырқып тастау керек, — деді.

Мұны естіген Әскербек жыламсырап отырып, ауыл шетінде тұратын ең жақын досы Амангелдіге барды. Әтешіне төнген қауіпті айтып берді.

Амангелді:

Апам айтады: «Сендердің үйдің әтешіне көз тиді». Оны енді көз тигеннен емдеу керек, — деді.

Сосын тағы да:

Сарыбастың үйіне барып, киімінен кішкене қиқым қиып алып, тұтатып, әтештің үстінен айналдыруымыз керек, — деді.

Екі бала қалталарына қайшы салып, Сарыбастың үйіне тартты. Ойында ештеңе жоқ Сарыбас оларды көргеніне қуанып, ойынға жинала бастады. Амангелді Сарыбасты ертіп тысқа шыққан кезде, артта қалған Әскербек апалақтап жан-жағына қарап, Сарыбастың ақ көйлегіне көзі түсті. Сасқалақтап, қолы дірілдей барып ақ көйлектің жеңінің ұшын қиып алды.

Сыртқа шығып, Амангелдіге көзін қысты. Келген істерінің тынғанын сезген Амангелді:

Сарыбас, біз саған қазір қайтып келеміз. Тағы баратын жеріміз бар, ұмытып кетіппін ғой, — деп, Әскербекті ерте жөнелді.

Сарыбас аңырып ауласында қала берді.

Амангелді мен Әскербек қуалай жүріп, әтешті әзер ұстады. Әтешті қолтықтарына қысып, қораның сыртына барды. Әскербек оны алдына алды, ал Амангелді жаңағы қиқымды тұтатып, апасы құсап әтештің үстінен айналдыра бастады. Қолы күйіп бара жатқан соң, Амангелді лаулаған шүберекті оның үстіне лақтырып жіберді.

Әтештің әдемі қауырсындарының біразы күйіп, қырылдап ауланы басына көтерді. Енді ол бұрынғысынан да көріксіз болып қалды.

Ертеңгілік әтеш бұрынғы әуеніне салып тағы шақырды. Әкесі іштей: «Қап, мына бәлеге ертең ертемен жұмысқа бармас бұрын көзін құртармын», — деп ойлады.

Әскербек Амангелдіге тағы жөнелді:

Кешегі «білгірлігіңнен» түк шықпады. Әтешім сол қалпында, — деді ренжіп.

Амангелді бұл жолы:

Сен былай істе: кешке тауықтар қонақтаған соң, әтешті ұстап ал да тұмсығын байлап қой! — деп ақыл айтты.

Әскербек қуанып қалды. Әтештің тұмсығын мықтап байлағанына әлі де сенімсіздеу болған ол, ертеңгілік әкесі тұрғанда жер соғып қалмас үшін, өз аяғына әкесінің жұмысқа киетін қара етігін мықтап байлап қойып жатты.

Ертеңіне ертемен оянған әкесі етігін алып киемін десе, баласының аяғына қосақталып байлаулы тұр. Етікті тартып қалғаны сол еді, Әскербек атып тұрды.

— Әй, мұныңды қай қалжың деп ұғамыз?! — деді әкесі ашуланып.

Әскербек:

— Әке, қалжыңым емес. Таңертең ұйықтап жатқанда әтешті сойып тастайсыз ба деп қорықтым. Әтешіме тимеңізші. Ол енді қырылдап шақырмайды. Түнде тұмсығын жақсылап байлап қойғанмын, — деді, аяғындағы жіңішке жіпті шешіп жатып.

Осы тұста Әскербектің әтеші біреу өңешінен қылқындырып жатқандай қинала қырылдап шақыра бастады.

Әкесі мырс етіп: — Кішкене жүрегімнің дарқан мейірімінен айналайын! Несі бар, жұрт айта берсін. Ауыздары шаршағанда, өздері де қояды. Мұндай күйге ұшырағанына әтеш кінәлі емес қой, солай емес пе? — деді.

Әскербек жымың-жымың етті.

Мәтін бойынша тапсырмалар

  • Әскербектің әкесі Көпіш туралы алғашқы сөзін мәтіннен тауып оқы.
  • Амангелді мен Әскербек әтешке «емді» қалай қолданғанын өз сөзіңмен айтып бер.

Сөздік жұмыс

Қиқым
Бұл жерде: киімнен кесіп алынған кішкентай қиынды.

VІ. Түсінгендерін тексеру

  1. Талқылау сұрақтары

    • Әскербектің әтеші туралы ауылдастары не дейді?
    • Әскербек әтешін көз тигеннен қалай емдемек болды?
    • Амангелді Әскербекке тағы қандай ақыл айтты?
    • Әкесі бұрынғы ойынан неге қайтып қалды?
    • Соңғы сөйлемді оқығанда қандай қорытындыға келдің?
  2. Әскербектің әтеші қалай шақырады?
  3. Әскербектің әкесінің соңғы сөзін көшіріп жаз.

    Бұл сөйлемнен нені түсіндің?

VІІ. Қорыту

Бүгін не туралы өттік?

Егер Әскербектің орнында болсаң, әтешті қалай «емдер» едің?

VІІІ. Үйге тапсырма

  • Түсініп оқу
  • № 5 тапсырма

ІX. Бағалау

Оқушылардың жұмысы бағаланады.