Сөздерді аудар
Қазақ тілі • 5-сынып • Қорытынды сабақ
Сабақтың тақырыбы
Сөздік қорды байытқан менің отбасым.
Сабақтың түрі
Қорытынды сабақ.
Жұмыс формасы
Жеке жұмыс.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: модуль бойынша алған білімдерін саралау, әңгімелей білу дағдыларын байқау.
- Дамытушылық: модуль бойынша білімдегі олқылықтарды анықтап, қайталау және пысықтау жұмыстарын жүргізу.
- Тәрбиелік: ұйымшылдыққа баулу, отбасындағы сыйластық пен қамқорлық қасиеттерін қалыптастыру.
Әдіс-тәсілдер және ресурстар
Әдістер
Әңгімелеу, баяндау, сұрақ-жауап, жаттығу орындату.
Көрнекіліктер
Орамал, ребус, қабырға газеті, отбасына қатысты фотосуреттер, алма ағашы, қазақы үлгідегі сандықша, үлестірмелі кеспе-карточкалар.
Пәнаралық байланыс
Өзін-өзі тану, музыка.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу.
- Кезекші арқылы сыныпты түгендеу.
- Сыныптың тазалығын қадағалау.
- Оқушылар мен кезекшінің қысқаша сұхбаты (сұрақтарға кезекші жауап береді).
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
Тілек айту (мұғалім сөзі)
Қазақ тілі – өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім!
Кемеңгер ақын жырлағандай, бүгінгі сабағымыз тіл апталығына арналады.
Психологиялық ахуал: «Шаттық шеңбері»
Оқушылар шаттық шеңберіне шақырылады. Мұғалім бағыттаушы сұрақтар қояды:
- Біз күнде аспанға қарағанда нені көреміз?
- Күннің көзі бізге не береді?
- Күн бізді қалай жылытады?
Оқушылар жүректеріне қолдарын қойып, жылуын сезінеді. Орамалды қолдарына ұстап, бір-біріне жылы сөздер айтады: «Сен ақылдысың», «сен мәдениеттісің», «сен әдемісің», «сен озат оқушысың». Содан кейін орындарына жайғасады.
1) «Ойлан, тап!» (ребус)
Мұғалім ребус ұсынады: берілген сандардың алғашқы әріптерін атап, ребусты шешу арқылы сабақтың тақырыбы шығады. Жаңылмау үшін жауапты дәптерге жазып отыру ұсынылады.
Үлгі:
10 – 9 – 5 – 6 – 8 – …, «ы», (қасқыр суреті) → Отбасы
Осыдан кейін сабақтың мақсатымен таныстырылады.
2) Шығармашылық жұмыс: «Отбасы» қабырға газеті
Тақтада алдыңғы сабақта бірігіп жасаған қабырға газеті таныстырылады (бірі бояды, бірі қиды, бірі жапсырды).
Отбасы – әр адамның шағын Отаны. Отбасында сүйіспеншілік, татулық, сенім қалыптасады. Сүйіспеншілік бар жерде байлық пен сәттілік те болады.
Оқушылар қабырға газетіндегі отбасылық фотосуреттеріне сүйене отырып, өз отбасы туралы әңгімелейді (2–3 оқушы).
Қайталау сұрағы
Өткен сабақта қандай грамматикалық тақырыптарды өттік? (дыбыстар, буын түрлері, зат есім, үндестік заңы)
3) «Даналық ағашы» ойыны
Оқушылар даналық ағашынан алмаларды алып, сұрақтарға жауап береді де, алмаларды себетке салады. Сабақ соңында мұғалім алмаларды балаларға үлестіреді.
1-алма
Менің отбасымда … адам бар. Олар: …, …, … және мен.
2-алма
Сөздерді аудар: отбасы мүшелері, родители, семья, әже, «әкеңді сыйла».
3-алма
Қазақ тілінде неше буын түрі бар?
4-алма
Қазақ тіліне тән дыбыстар нешеу?
5-алма
Қазақ әліпбиінде неше әріп бар?
6-алма
Қай мектепте оқисың?
7-алма
Мен … пәнін ұнатамын.
8-алма
Дауысты дыбыстар тілдің қатысына қарай қалай бөлінеді?
9-алма
Үндестік заңы дегеніміз не?
4) Карточкамен жұмыс
- Зат есім дегеніміз не? Мысал келтір.
- Сөйлемді аудар: «Я живу в Республике Казахстан».
- «Ана» сөзін тәуелде.
- «Отан» сөзін септе.
- Жаңылтпашты тез айт: «Шеше, неше кесе сынды кеше?»
- Мына сөйлемнен септік жалғауы жалғанған сөздерді тауып, қай септік екенін ата: «Мен – қазақпын, жаныммен, жүрегіммен».
- Қазақстанның астаналарын ата.
5) «Адасқан әріптер»
Берілген сөздердегі әріптерді дұрыс ретімен орналастырып, сөздерді тап:
Імлғаұм
Садқныра
Тоысба
Ілісң
6) «Сиқырлы сандық» (мақал-мәтелді толықтыру)
Сандықшада мақал-мәтелдердің алғашқы жартысы беріледі. Оқушылар екінші жартысын толықтырып айтады.
1. Өнер алды — қызыл тіл.
2. Отан — отбасынан басталады.
3. Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
4. Мектеп — кеме, білім — теңіз.
5. Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
Кейін 2 оқушы қабырға газетіндегі материалдарға сүйене отырып, «отбасы» және «шаңырақ» ұғымдарын қалай түсінетінін, сондай-ақ шаңырақ жарастығы туралы өз ойын білдіреді.
7) Әнмен аяқтау
Сабақ әнмен аяқталады (3 тілде орындау ұсынылады).
Үзінді: «Күн әдемі, көк әлемі…»
8) Қорытындылау (рефлексия)
Талқылауға арналған сұрақтар:
- Отбасында қандай қасиеттер қалыптасуы керек?
- Қазақ отбасында төрде кім отырады?
- Бала тәрбиесіндегі ата-әженің рөлі қандай?
- Нұрдәулет, сенің отбасыңда қандай дәстүр бар?
9) Үй тапсырмасы
«Отбасы – шағын мемлекет» тақырыбына эссе жазу.
10) Бағалау және қорытынды сөз
Оқушылардың білімі бағаланады. Сабақ аяқталады. Сау болыңыздар!