Абай шаңырағы
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
«Абай шаңырағы» әңгімесінің мәтінін оқыту арқылы оқушыларға қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жайлы мәлімет беру, сондай-ақ киіз үйдің жабдықтарын таныстырып, мәнін түсіндіру.
Білімділік
- Саналы, түсініп, дұрыс оқуға машықтандыру
- Мәтін мазмұнын жүйелі әңгімелей білуге үйрету
Дамытушылық
- Ой-өрісін кеңейту
- Сөйлеу тілін дамыту
Тәрбиелік
- Адамгершілікке баулу
- Ұлттық салт-дәстүрді құрметтеп, сақтауға тәрбиелеу
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгендеу, назарын сабаққа аудару.
- Психологиялық дайындық, күндер туралы қысқа сұрақ-жауап.
Шағын ұйқас-тілек
Бүгін қай күн? — Бейсенбі.
Ертең қай күн? — Жұма.
Оят онда бейсенді, оят онда жұманы,
Сабағынан қалмасын!
Қайырлы күн, балалар!
Қайырлы күн, мұғалімдер!
Тыныш болсын түніміз, ашық болсын күніміз,
Сәттілікке толсын!
2) Үй тапсырмасын сұрау
Үй жұмысы: «Шал мен бала» әңгімесі бойынша сұрақтар.
- 1 Мәтінде не туралы айтылған?
- 2 Атаға көмектескен бейтаныс баланың аты кім?
- 3 Мәулен не себепті атадан ұялды?
- 4 Мәулен қандай оқушы?
3) Жаңа сабаққа кіріспе
«Абай» тақырыбына арналған сөзжұмбақ арқылы жаңа сабаққа қызығушылық ояту.
Сөзжұмбақ сұрақтары
- Үлкен қарияны қалай атаймыз?
- «Шал мен бала» әңгімесінің авторы кім?
- Мәулен кімге көмектесті?
- Қария кісіні бала неден демеп түсірді?
Сөзжұмбақ нәтижесі бойынша бүгінгі тақырыппен танысамыз: «Абай шаңырағы».
Жаңа материалды меңгерту
Абай Құнанбаев туралы қысқаша
- Абай кім?
- Ақын, философ, жазушы, аудармашы, композитор.
- Туған жері мен жылы
- 1845 жыл, Семей өңірі, Шыңғыс тауы.
- Шығармаларынан мысал
- «Жаз», «Күз», «Қыс», «Қара сөздер» (45 сөз), «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы» және т.б.
Кәмен Оразалин (1920–2008)
Кәмен Оразалин 1920 жылы 16 маусымда Семей облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылы маңындағы Қылышбек жайлауында дүниеге келген. 1939 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін мұғалім болып, сауатсыздықты жою науқанына қатысты.
Әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысында 365-атқыштар полкінің құрамында соғысты. 1947 жылы Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын бітірді. Ұлағатты ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атанды.
Алғашқы повесі «Жексен» 1950 жылы жарық көрді. «Ақжазық» (1957), «Көктем салқыны» (1964) романдарының авторы. Ол бала кезінен Абайдың әндері мен шығармаларына ерекше ықыласпен өсті.
Қарауылдағы Абай атындағы мектепте қызмет еткен жылдары Мұхтар Әуезовпен бірге ел аралап, ақын туралы деректер жинастырған. Мектептегі «Абай ұрпақтары» қолжазба альманағын басқарған.
Жазушы 1972 жылы жарық көрген «Абайдан соң» романын өз шығармашылығындағы ең негізгі туындысы санаған. Кәмен Оразалин 2008 жылдың наурыз айында дүниеден өтті.
Еңбегі еленіп, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі атанды; Октябрь революциясы, III дәрежелі Даңқ ордендері, «Парасат» ордені және көптеген медальдармен марапатталды.
Мәтінмен жұмыс: «Абай шаңырағы»
Мәтінді оқып, түсінгенін айту. Мәтін үш бөлімнен тұрады: әр бөлімді мұқият тыңдап, түсініп оқимыз; кейіпкерлерге назар аударамыз; бөлімдерге ат қоюға тырысамыз.
1) Киіз үй
Бұл бөлімде Күнжанның киіз үйдің уығы мен керегесін қайта жөндетіп, шымшилерді тоқыттырып, баулары мен таңғыштарын әзірлеуді тапсырғаны айтылады. Жаңа бұйымдар Абай ұнататын өрнекті баулармен көркемделеді.
2) Күнжанның қонақтары
Бұл бөлімде Әуез, Кәрім, Кәкітай, Мекайіл, Закен сияқты кейіпкерлер көрінеді. Кәкітайдың Абай шаңырағын көріп, таңданып, риза болған сәттері айқын беріледі.
3) Абай шаңырағы
Үшінші бөлімде Әуез бен Кәрімнің үй ішіндегі сәттері суреттеледі. Әуез киіз үйдегі қаттап жиналған сүйек төсек, кітап шкафы мен үш ішекті домбыраны көріп, көңілі босайды. Ол Абайдың «Нағашы, төрлетіңіз!» деген қоңыр үнін естігендей болып, қатты толқиды. Бұл шаңырақ Абайды қайта тірілткендей әсер қалдырады.
Дәптермен жұмыс: сөздік
| Сөз | Түсіндірме |
|---|---|
| Шымши | Өрнектеп тоқылған ши. |
| Ызу | Тігістің бір түрі. |
| Алаша | Қой жүнінен тоқылған төсеніш. |
| Сүйек төсек | Сүйекпен өрнектеп жасалған төсек. |
«Тапқыр болсаң, тауып көр»: жұмбақтар
Киіз үйдің бөлшектеріне қатысты жұмбақтарды шешу арқылы негізгі ұғымдарды бекіту.
Көрсең, алып тор жолды парақтай,
Жайсаң, қатарлап сызған жолақтай.
Жауабы
Кереге
Қабырғасы тор көз,
Төбесінде зор көз.
Жауабы
Кереге, шаңырақ
Бір басы имек,
Бір басы үшкір сырық.
Қатар-қатар тұрып,
Күмбез сынды шеңберді
Көкке тіктеп көтерді.
Жауабы
Уық
Ұқсайтын шеңберге,
Қабырғасы жиылып, керіледі.
Жиһазы мол кең бөлме,
Төбесінен жұлдыздар көрінеді.
Жауабы
Киіз үй
Тіреусіз күмбез,
Сылақсыз қабырға.
Жауабы
Киіз үй
Бір нәрсе өзі биік, іші қуыс,
Ол заттың сүйегі көп айқыш-ұйқыш.
Көзі бар жабырқаған төбесінде,
Жайса үлкен, жиналғанда бір-ақ уыс.
Жауабы
Киіз үй
Қорытындылау, үй тапсырмасы, бағалау
5) Сабақты қорытындылау (сұрақтар)
- Абайдың үйін көрікті етіп ұстаған кім?
- Киіз үйге Кәрім мен Кәкітай қандай баға берді? Бұл қай бөлімде айтылған?
- Күнжанның еңбегіне сен қандай баға берер едің?
- Мәтіннің әр бөліміне өзің қалай ат қояр едің?
- Абайдың үйіндегі заттарды сипаттап айтып бер.
6) Үйге тапсырма
199-беттегі сурет бойынша «Абай шаңырағы» тақырыбында әңгіме құрап келу.
- Киіз үйдің сол және оң жағында не орналасқан?
- Киіз үйдің төрінде және ортаңғы бөлігінде не орналасқан?
- Заттарды сипаттап, жазбаша жұмыс дайындау.
7) Бағалау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды бағалау.
| Баға | Сипаттама |
|---|---|
| 5 | Өте жақсы |
| 4 | Жақсы |
| 3 | Қанағаттанарлық |