Өзін - өзі тану 4 сыныпСабақтың тақырыбы
Сабақ: «Өзін-өзі тану», 4-сынып
Тақырыбы: «Жылы жүрек – жақсы тілек»
Мақсаты
Балалардың мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері
- Жақсы тілек, ізеттілік, ізгілік туралы түсініктерін қалыптастыру.
- Қайырымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту.
- Мейірімділікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Проектор арқылы презентациялар, дәптер, оқулық, глобус, көгершіндер, гүлдер және күн суреттері.
Шаттық шеңбері
Мұғалім оқушыларға шеңбер құрып, бір-біріне жылы лебіз білдіруді ұсынады:
«Балалар, бәріміз ортаға шығып, шаттық шеңберін құрайық. Әрқайсысымыз қасымызда тұрған досымыздың жақсы қасиеттерін ізгі сөздермен, көтеріңкі көңілмен, күлімдеген көзбен жеткізейік».
Мысал жылы сөздер
- Сен нағыз доссың.
- Сен өте мейірімдісің.
- Сен өте ұқыптысың.
- Сен еңбекқорсың.
- Сен ең әдемі қызсың.
- Сенің көмегің өте бағалы.
Мұғалім қорытындылайды: «Жарайсыңдар, балалар! Бір-біріңе айтқан жылы лебіздеріңді естіп, қатты қуанып тұрмын».
Тыныштық сәті
Оқушыларға өз жүректерінің жылулығын сезіндіру мақсатында тыныштық сәті ұйымдастырылады. Мұғалім орындау жолын түсіндіреді:
- 1 Оң қолымызды жүрегіміздің тұсына қоямыз.
- 2 Жүрегіміздің жылуын сезінеміз.
- 3 Жүрек жылуымызды айналамызға жеткізу үшін іштей жақсы тілектер тілейміз.
Осы сәттен кейін ризашылық әні орындалады.
Оқулықпен жұмыс: әңгімелеу
Мұғалім балаларға адамның мейірімділігі оның жылы жүрегі мен жақсы ойларынан танылатынын түсіндіру үшін әңгіме ұсынады.
«Неше мен Айша»
Түрік жазушысы Енгін Көсеоғлұ • Аударған Сәуле Доғайқызы
Ерте заманда бір патшаның Неше мен Айша атты екі қызы болыпты. Патша қыздарын қатты жақсы көріп, қолынан келгенше олардың айтқанын орындап жүреді екен.
Қыздар өскен сайын мінездері өзгере бастапты: Неше әрдайым көңілді жүрсе, Айша керісінше, жиі мұңайып, «Мені ешкім жақсы көрмейді, бәрің Нешені ғана жақсы көресіңдер» деп жылап-сықтай береді екен.
Патша Айшаның көңілсіздігін кетіру үшін данышпан адамдарды шақырып, ақыл сұрапты. Алайда ешкім оны күлдіре алмапты. Сонда патша сарай қызметкерлеріне: «Екі қызға да бірдей қараңдар», — деп әмір береді. Бірақ бұл да Айшаның көңілін орнына түсірмейді.
Бір күні сарайға білімді саяхатшы келеді. Патшаның қайғылы жүзін байқап, себебін сұрайды. Патша: «Күлмейтін қызым бар, дертінің неден екенін ешкім білмейді», — дейді. Саяхатшы бір ай сарайда қонақ болуға рұқсат сұрап, қыздың мұңын түсінуге тырысады.
Ол Неше мен Айшаны бақылап жүріп, екеуінің де ұйықтар алдында жастықтарының астынан дәптер шығарып, бір нәрселер жазатынын, ал таңертең сол жазғандарын қайта оқитынын көреді.
Бір түні қыздар ұйықтаған соң, саяхатшы дәптерлерін оқып шығады. Неше өзіне жасалған жақсылықтарды жазыпты, ал Айша өзіне жасалған әділетсіздіктерді тізіпті.
Ертеңіне саяхатшы Нешеден рұқсат алып, оның дәптерін Айшаның жастығының астына қояды. Таңертең Айша дәптерді оқығанда, өзіне жасалған жақсылықтарды есіне түсіріп, жүзі жадырап, қуаныштан ән сала бастайды.
Патша мұны естіп, бірден саяхатшыны шақырып, сырын сұрайды. Саяхатшы: «Патшам, өмір айна сияқты. Оның жақсы жақтарына қарасақ, ол бізге әдемі көрінеді. Айша тек жамандықты ойлағандықтан бақытсыз болды», — дейді.
Патша Айшаны шақырып, бұдан былай дәптеріне тек жақсы нәрселерді жазып жүруді, реніш пен өкпені ұмытуға тырысуды ақыл етеді. Сол күннен бастап Айша да Неше сияқты мейірімді, бақытты болыпты.
Талқылау сұрақтары
- 1 Айшаның көңілсіз, Нешенің көңілді жүруінің себебі неде?
- 2 Нешенің күнделігінде қандай жазбалар болды?
- 3 Айшаның күнделігінде қандай жазбалар болды?
- 4 «Өмір — айна» дегенді қалай түсінесіңдер?
- 5 Сендер кімдердің жақсы жақтарын еске түсіргенді ұнатасыңдар?
- 6 Сол сәтте қандай сезімге бөленесіңдер?
Дәйексөз
Халық мақалы
«Жақсы сөз — жан семіртер»
Жақсы ой, жылы лебіз, жақсы тілек адамды шаттандырады, қуантады, бақытты етеді. Ал ауыр сөз бен жағымсыз әрекеттер адамның көңілін түсіріп, мұңайтады, уайымға салады.
Оқушылар мақал-мәтелді дәптерлеріне жазып алады.
Сергіту сәті
Балаларды әрдайым жақсы ойлап, жақсы тілек білдіруге дағдыландыру мақсатында сергіту сәті өткізіледі. Мұғалім қимылдар арқылы ортақ тілек айтуға бағыт береді.
«Тілек»
Бейсебай Кірісбаев
Шөліркемей гүл тұрсын, (сол қолды жайып көрсету)
Жерім жайнап құлпырсын, (оң қолды жайып көрсету)
Нұрын сыйлап біздерге, (екі қолды жоғары көтеру)
Көкте мәңгі күн тұрсын, (екі қолды екі жаққа жаю)
Ортақ бізге туыстық, (екі қолды төбеге көтеру)
Нұр сыйлаған күн ыстық, (қолды жаю)
Ыстық бізге кең өлке, (оң жаққа қарау)
Ыстық бізге тыныштық. (сол жаққа қарау)
Қорытынды ой
Жылы жүрек — жақсы тілек. Жақсылықты көре білу, ризашылықты көбейту және айналаға ізгі сөз айту — адамның ішкі мәдениетін байытады.