Бал арасы

Мақсаттар мен күтілетін нәтиже

Білімділік

Оқушыларды сауатты жазуға дағдыландыру, ауызша және жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету, ой қорытуға жетелеу.

Дамытушылық

Сөздік қорды байыту, байланыстырып сөйлеуді дамыту, сурет арқылы ойды жүйелі әңгімелеуге жаттықтыру, дүниетанымды кеңейту.

Тәрбиелік

Ұқыптылыққа, ұйымшылдыққа және әсемдікке тәрбиелеу, өзара көмектесу мәдениетін қалыптастыру.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

Балалар, біз әліппе әлеміне күннен күнге терең бойлап келеміз. Әліппе бізге нені үйретті? Әліппе сан қырлы әріптер мен дыбыстардың құпиясын ашады.

Ендеше сабағымызды «Әліппе» өлеңімен бастайық:

Іші толы әріпке
Жақсы кітап — әліппе.
Әліппені аламыз,
Әріптерді жаттаймыз,
Есте мықтап сақтаймыз.

II. Өткенді пысықтау

Бүгін біз «Р» дыбысының екінші сабағын өтеміз. Сабағымызды бастамас бұрын өткенді қайталап алайық. Ол үшін тиінге көмектесіп, шыршаның бүрлерін «жинаймыз» — сұрақтарға жауап береміз.

  1. 1. Әріп дегеніміз не? — Әріпті жазамыз және көреміз.
  2. 2. Әріптің қандай түрлері бар? — Баспа және жазба; бас әріп және кіші әріп.
  3. 3. Дыбыс дегеніміз не? — Дыбысты естиміз және айтамыз.
  4. 4. Дыбыстарды нешеге бөлеміз? — Екіге: дауысты және дауыссыз.
  5. 5. Дауысты дыбыстар нешеге бөлінеді? — Екіге: жуан және жіңішке.
  6. 6. Дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді? — Үшке: қатаң, ұяң, үнді.
  7. 7. Буын дегеніміз не? — Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.
  8. 8. Сөз неден құралады? — Сөз әріптерден құралады.
  9. 9. Сөйлем неден құралады? — Сөйлем сөздерден құралады.
  10. 10. Сөйлемнің түрлері қандай? — Үшке бөлінеді: хабарлы, лепті, сұраулы.

Тілдік жаттығу

Біз неше тілде санай аламыз? Үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша.

Тиін сендерге көмектескендерің үшін рақмет айтады. Сендер де бір-біріңе көмектескенде «рақмет» деп айтып жүріңдер. «Рақмет» сөзі де «р» дыбысынан басталады.

радио ара парта анар арпа Рүстем Роза Рақымжан нар

III. Оқулықпен жұмыс (үй тапсырмасы)

  • Сөздерді оқыту.
  • Үй тапсырмасын жақсы орындап келдіңдер.

IV. Суретпен жұмыс: «Ара» сөзінің мағынасы

Оқулықтағы суретке назар аударайық: мұнда «ара» сөзі екі түрлі мағынада қолданылған.

1) Бал арасы (жәндік)

Бал арасы гүл шырынын сорып, бал жинайды. Балы үшін адамдар бал арасын қолда асырайды. Бал арасы мен құмырсқа — еңбекқор жәндіктер.

2) Ара (еңбек құралы)

«Ара» — ағашты немесе басқа материалды кесуге арналған еңбек құралы. Қандай құрал-саймандарды білесіңдер? Мысалы: балға, балта, күрек.

Дыбыстық талдау: «ара»

А — жуан, дауысты дыбыс

р — үнді, дауыссыз дыбыс

а — жуан, дауысты дыбыс

Буынға бөлу: а-ра. Екі буын, өйткені сөзде екі дауысты дыбыс бар.

V. Бағандағы сөздерді оқу (буындап оқу)

парта анар Анар арпа аттар

Ереже

Кісі аттары бас әріппен жазылады. Сондай-ақ жер-су атаулары да бас әріппен жазылады.

Сөз мағыналарын нақтылау

  • парта — оқушы отыратын үстел
  • апта — 7 күн: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі
  • анар — дәруменге бай жеміс
  • аттар — «ат» сөзінің көпше түрі

Хормен оқу

Парта, апта, анар, аттар.

Буындап оқу үлгісі: па-рта, ап-та, а-нар, ат-тар.

VI. Суреттер бойынша әңгімелеу

«Бала неге аралардан қашты?» — оқушылар өз болжамдарын айтады.

Қауіпсіздік және табиғатты қорғау

Ұяға жақындауға болмайды. Құстың да, араның да ұясын бұзуға болмайды.

VII. Сергіту сәті

Қане, қанат жазайық,
Қарлығашқа ұқсайық.
Ұшып-ұшып алайық,
Орнымызды табайық.
Әдемі етіп жазайық.

VIII. Дәптермен жұмыс

  • Үлгі бойынша жазу (3 жол).

IX. Ойын: «Қай әріпті жоғалттым?»

Жоғалған әріптерді тауып, сөзді толықтырыңдар:

па...та
ана...
ап...а
атта...

X. Дыбыстық талдау жаттығуы

Буындарды оқып, дыбыстарын ажыратыңдар:

та па на ға ра

Қорытындылау және бағалау

Қайталау

Өткен әріптер мен дыбыстарды еске түсіреміз: а, т, п, н, ғ, р.

«Бұл не?» — ара. (Ара суретін құрастыру тапсырмасы.)

Бағалау

Бүгін сабаққа белсенді қатыстыңдар. Жарайсыңдар!

Үй тапсырмасы

Жұмбақтар

  1. Сөйлеуді ол білмейді,
    Бірақ: «Тоқта!», «Жүр!» — дейді.
    (Жауабы: бағдаршам)
  2. Қонатыным — гүл,
    Теретінім — нәр.
    (Жауабы: ара)

Өлең

«Мен мектепке барамын» өлеңін жаттап келу.