Алтынай апай
Ұстаз — ұлы ұғым
Ұстаз деген ұлы сөз — ұлағатты. Ол болмаса, кім береді парасатты? Өз асылын шәкірт бойына дарытып, ағартудың жолында талмай еңбек етеді.
Ұстазға әркім бас иуі керек, кемеңгер ақылшым деп білуі керек. Бүгін жетістікке жетсең де, соған жеткізген — ұстаз екені анық.
Жүректен шыққан тілек
Құрметті қонақтар, аяулы ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс және жанұяларыңызға бақыт тілейміз.
Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз — өздеріңізге арналады.
Өлең шумақтары: ұстазға тағзым
Нәби
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған, Мұғалімді ардақтайды барша жан. Ол мектептен шықпаса да қыс-жазы, Жемісі оның жердің жүзін шарлаған. Бала десе ойламайды өз қамын, Көрсем дейді күнге де қол созғанын, Шәкірттерін өзінен де озғанын.
Сымбат
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар! Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар. Жан біткен жанарына нұр сыйлаған, Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
Сәулет, Нұрсұлтан
Ұстаз деген — жарық күні ғаламның, Ұстаз деген — анасы ол адамның. Бүкіл әлем мойындайды еңбегін, Сен де одан адам болып жаралдың. Ұстазыңды тереңнен түсінген сен, Бар әлемге еңбегімен еленген. Сенің бағың өрге қарай өрлесе, Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Әліби
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың, Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның. Мақтау алсаң ұстаздардың алдында, Ол — өзіңнің орындалған арманың. Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып, Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып? Ұстаз деген — ұлылардың ұлысы, Қасиеті — бас иелік мәңгілік!
Айсұлтан
Ұстаз болу — жүректің батырлығы, Ұстаз болу — сезімнің ақындығы, Ұстаз болу — мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы.
Хор: «Ұстазым»
Мәтін
1) Ғалым да, шахтер де бас иетін, Ұстазым, бар сенің қасиетің. Білім берген, ой берген, ақыл берген, Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең.
Қайырмасы:
Ұстазым! Ақылшы дос, ой-арманым, Арналсын саған осы аяулы әнім.
2) Күтеді біздерді үміт алдан, Ұстазым, мен сені ұмыта алман. Үйретем деп өмірдің парасатын, Ағарды ғой біз үшін қара шашың…
Нақыл сөздер: ұстаз туралы ой жарысы
1-жүргізуші
- Ұстаз болу — өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау.
- Аспаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр.
- Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы.
2-жүргізуші
- Ұстазға қарап шәкірт өседі.
- Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла.
Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та, тауыса алмаймыз. Енді сыныптастарымыздың өздері жақсы көретін ұстаздарына арналған слайдтарға кезек берейік.
Жақсы оқушылар, сіздерге де осы ұстаздар сияқты ұлы тұлға болып қалыптасуларыңызға тілектеспіз.
Ұстазға арналған арнау
1-жүргізуші
Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға, Тарап демде кетеді шаршауың да. Бал — бұл жанған балғын жүз, жәудір көздер, Тұрғанында солардың қоршауында.
2-жүргізуші
Қиындықта кезіксең көп асу да, Қанша терің төгіліп жол ашуға, Сен шәкірттің ұстазы болмайсың тек, Сен өмірдің ұстазы боласың да!
Сұхбат: ұстаз жолының мәні
Құрметті қонақтар, сіздер салып кеткен сара жол — ұстаз жолы, ұлы жол. Өткен жолдарыңызға көз жүгіртіп, еске ала отырып, бірнеше сұрақ қоюға рұқсат етіңіздер.
Мирамгүл апайға
Ұстаздық өмірге қалай келдіңіз? Жүрек қалауымен бе, әлде осы мамандықты таңдауға себеп болған оқиға немесе жағдай бар ма?
Қаламқас апайға
«Ұстаз болу — жүректің батырлығы» дейді. Осы мамандықты таңдауда батылдықпен қатар адам бойынан қандай қасиеттер табылуы керек деп ойлайсыз?
Алтынай апайға
Кешегі өзіңіз еңбек еткен мектебіңізден қандай өзгерістерді байқадыңыз? Мектебіңізге айтар тілегіңіз қандай?
Қорытынды арнау
2-жүргізуші
Данышпан да, дана да оқып сенен, Атақ-даңқын асырды бар әлемнен. «Ұстаз» деген аяулы, асыл жанды, Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!
1-жүргізуші
Ұстаз мейірі — ана мейірімімен пара-пар, Тұла бойға қуат болып таралар. Көп жасаңыз бұл өмірде шуақ боп, Айналайын, білім берген ұстаздар!