Есіл бойының табиғаты

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы

Қ. Нұржанов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп КММ · Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі: Райымбекова Ардақ Жарқынбекқызы

Әдебиет · 7-сынып Сабақ түрі: жаңа сабақ

Сабақ тақырыбы

С. Мұқанов: «Есіл бойында»

Сабақтың мақсаттары

Мазмұндық мақсат

Әңгімедегі Есіл бойының табиғатын және жекелеген көріністерін танып-білу; мәтіндегі пейзаждық суреттеудің мәнін түсіну.

Көркемдік-эстетикалық мақсат

Жазушының суреттеудегі сезімін, тіл көркемдігін, музыкалық өнерді шебер кіріктіре беруін, реалистік сипатын және эстетикалық әсердің күшеюін сезіне алу.

Дамытушылық мақсат

Әдеби-теориялық ұғымдармен жұмыс істей білу, сұрақтарға жауап беру, ой қорыту, өз пікірін еркін жеткізу арқылы тіл мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік мақсат

Қазақ музыка өнерін, халық әндерінің құдіретін тереңірек сезіну; өнерпазды қадірлей білуге тәрбиелеу.

Сабақтың әдістері мен ресурстары

Әдістер

  • СТО (сын тұрғысынан ойлау)
  • Сұрақ–жауап
  • Ой қорыту
  • Ән тыңдау
  • Пікір айту

Көрнекіліктер

  • Халық әндері жинағы
  • Музыка өнеріне қатысты материалдар
  • Кестелер

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі және қызығушылықты ояту

Үйде оқып келген мәтін бойынша қысқаша талдау жасалады. Оқушылардың назарын Есіл өзені туралы бастапқы ойға бағыттау үшін жетекші сұрақтар қойылады.

Жетекші сұрақтар

  • «Есіл тасып барады» деген тіркес нені меңзейді?
  • Есіл деген не? Ол Қазақстанның қай өңірінде орналасқан?
  • Елімізде қандай ірі өзендер бар?
  • Есіл қандай? (толқынды, сағымды, мөлдір және т.б.)

Мәтінді жүйелеу: әңгіменің негізгі бөліктері

  1. Есіл бойының табиғаты.
  2. Жекелеген суреттері (шалғыны, жеміс-жидегі), тоғай көрінісі.
  3. Жазушының шуақты сезімдері: Есіл өзені, құстар үні, «хор» әсері.
  4. Бес болыс Керей–Уақтың ең ірі «жемісі» (астарлы мағынаға назар аударту).
  5. Мырзатай салған әндер.
  6. «Есіл тасып барады» әнінің тарихы.
  7. Әннің орындалу ерекшелігі.
  8. Кейіпкер пікірі мен бағамы.

II. Мағынаны тану: тіл көркемдігі және талдау

Мәтіннің көркемдік жүйесін тану үшін диалог, баяндау, пейзаж, теңеу секілді тәсілдерге назар аударылады.

Топтық тапсырмалар

  • 1-топ: мәтіннен диалогті табу.
  • 2-топ: мәтіннен пейзаждық суреттеуді табу.
  • 3-топ: мәтіннен теңеулерді табу.
  • 4-топ: Мырзатай салған әндердің сипатын анықтау.

Музыкалық кеңістік: аталған дәстүрлі ән арналары

  • Алтайдан
  • Құлтума
  • Ғазиздің әні
  • Мәди әні
  • Жаяу Мұса
  • Естай
  • Қанапия

Ізденімпаздық тапсырма

Қазақ музыка мәдениетіндегі Құлтуманың, Ғазиздің, Мәдидің, Жаяу Мұсаның, Естай мен Қанапияның орны қандай? Олардың өмірі мен шығармалары туралы дерек жинап, қысқаша таныстырылым дайындау.

Мәтін бойынша салыстырмалы талдау

  • Мәтіннен «Есіл тасып барады» әнінің шығу тарихы берілген бөлікті тауып, мәнерлеп оқу.
  • Осы бөлікті Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіндегі «Ақтамақ» хикаясымен салыстыру.

«Есіл тасып барады»

Тарихы, туындау себебі, мәтіндегі қызметі бойынша талдау.

«Ақтамақ» хикаясы

Ән мен кейіпкер тағдырының көркемдік байланысын салыстыру.

III. Толғаныс және кері байланыс

Шығармашылық жұмыс

«Ән тарихы» тақырыбында шағын әңгіме құрастыру: әннің тууына әсер еткен жағдай, көңіл күй, табиғат көрінісі және кейіпкер сезімі.

Кері байланыс

БББ (Білемін — Білгім келеді — Білдім) стратегиясы арқылы сабақ қорытындыланады.

Үй тапсырмасы

  • Әңгіме мазмұны бойынша Есіл өңіріне қатысты географиялық мәліметтер жинау.
  • Мырзатай салған әндердің таралу аясын (радиусын) картаға түсіру.

Бағалау

Бағалау сабақ үстіндегі белсенділік, топтық тапсырмаларды орындау сапасы, мәтіннен дәлел келтіруі және ойды жүйелі жеткізуі бойынша жүргізіледі.