Желтоқсан оқиғасы туралы түсінік
Әлқисса: Желтоқсан желі
1986 жылғы 17–18 желтоқсанда бүкіл елді дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Бұл — кеңестік кезеңде бұрын-соңды болмаған құбылыс еді. Алматыда демонстрация басталып, Брежнев алаңына халық көптеп жиналды. «Көшеде сап түзеген жастар» деген хабар ел арасына тарады. Жұртшылық оқиғаның мән-жайын бірден түсіне алмай, алаңдаушылыққа түсті.
Бұл қозғалыс кейіннен 1825 жылғы орыс декабристері көтерілісімен салыстырылып, бейресми түрде «қазақ декабристері» деп аталып кетті.
Оқиғаның алғышарттары
1985 жылғы қайта құру мен жариялылық үрдістері қоғамның барлық саласына әсер етіп, кадр саясаты қатаң бақылауға алынды: бір басшы орнынан алынса, енді бірі жауапқа тартылып, тағы бірі жоғарылап жатты. Осы тұста көпшілікті толғандырған мәселе — Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде қалуы немесе қызметтен босатылуы еді.
Пленум өтетіні туралы сыбыс жылдам тарады. Қазақстан Компартиясы ОК-нің бесінші пленумы 1986 жылғы 16 желтоқсанда өтіп, ұйымдық мәселе қаралды. Пленум Қонаевты зейнетке шығуына байланысты қызметінен босатып, орнына сырттан әкелінген Геннадий Васильевич Колбинді сайлады. Бұл шешім жергілікті жұрттың пікірін ескермей, жоғарыдан бекітілген тәртіппен қабылданды.
Ақпараттың таралуы
Пленум туралы алғашқы ақпарат 16 желтоқсанда сағат 15:00-де республикалық радио арқылы хабарланды. Ертеңіне, 17 желтоқсанда, мәліметтер радио мен баспасөзде жарияланып, Колбиннің өмірбаяны қысқаша берілді.
Жастардың алғашқы келуі
17 желтоқсанда таңғы сағат 8:00 шамасында алаңға жастардың алғашқы тобы келді. Алғашында 200–300 адам болса, кейін бұл сан күрт өсе бастады.
Алаңдағы ахуал
Көп ұзамай алаңға қарулы күштер жеткізіліп, қалаға кіреберіс жолдар жабылды. Шеруге жиналған жастар саны түске қарай көбейіп, шамамен 5000-ға жетті. Кешкі сағат 19:00 шамасында халықты қуып-тарату әрекеті басталды: өрт сөндіру машиналары су шашып, алаңдағы дүрбелең таңға дейін басылмады.
Көрініс: Әже мен немере сұхбаты
Немере
Әже, неге мұнша күңіренесіз, неге күрсінесіз? Тәуелсіздіктің мерейтойына байланысты Қазақстан тарихынан шежіре айтып беріңізші.
Әже
Балам, мына ескерткіш тақта 1990 жылғы 17 желтоқсанда Желтоқсан құрбандарына арнап орнатылған. Бұл күнге жету үшін ата-бабамыз қанын төкті, жанын берді, жеріміздің тұтастығын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етті.
Немере
Әже, неге тоқтап қалдыңыз? Мен тыңдауға әзірмін.
Әже
Қасиетті қазақ даласы талай қанды оқиғаларды бастан кешті. 260 жыл патшалық Ресейдің отары болдық, 70 жыл әміршіл-әкімшіл жүйе үстемдік етті. Тіліміз бен дінімізден айырылу қаупі төнді. Тәуелсіздік жолында халқымыз талай мәрте көтерілді.
1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс өршіді. 1920–1921 және 1931–1932 жылдары қолдан жасалған ашаршылық халқымызды титықтатты: зорлық-зомбылықтан қашқан жұрт жан сақтап, дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылды. 1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін талай арысты жаламен атты, абақтыға жапты.
1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына опасыздықпен шабуыл жасады. Бұл — халық үшін ауыр сын болды. Жеңіс оңай келген жоқ.
Немере
Иә, әже, мен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларды білемін: Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова.
Әже
1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында қазақ жеріне көптеген ұлт өкілдері қоныстанды. Қазақ халқы келген жұртты құшағын жайып қарсы алып, кеңдігін көрсетті.
Ал осы алаңда өз пікірін ашық айтуға шыққан жастардың бейбіт шеруі кейін қанды қақтығысқа ұласты. Бұл — Қайрат, Қайыргелді, Түгелбай, Сәбира, Ербол, Ләззат сияқты жүздеген, мыңдаған қыршынның қанатын қиған өктемдік пен озбырлықтың күні еді.
Дегенмен 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміз егемендігін жариялап, тәуелсіз мемлекет атанды. «Егемен болмай — ел болмас, тәуелсіз болмай — тіл болмас» деген сөздің мәні осы.
Немере
Әже, осы тақтаға қолыңды қойып, арман айтсаң орындалады дейді. Ол рас па?
Әже
Рас, құлыным. Арманыңды іштей тілеп жібер.
Немере
Мен елімізде тек тыныштық болсын, соғыс өрті жерімізді шарпымасын, бейбітшілік орнасын деп тіледім.
Әже
Балапаным, біз көрген ауыртпалық сендердің бастарыңа келмесін. Жер-Анамыз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Өлең: Желтоқсанға тағзым
Осы оқиғаға байланысты өлең жолдарына кезек берейік.
Әсия
Желтоқсан рухына арналған шумақ
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер.
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға ала көк —
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындықта елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз жамылған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен — хас тұлпары, нары жоқ,
Ал біреулер намысы жоқ, жігер-қауқар қары жоқ.
Кемсітпеші Желтоқсанның жалаңаяқтары деп,
Жоқ! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от
Тұрған солар — аяз сорған қызыл беттің ары боп.
Бұл өлең жолдары Желтоқсан оқиғасының тарихи салмағын, алаңда төгілген жастың жасын, ұлт намысының оянуын еске салады.