Қажетті заттар
Сарамандық жұмыс
Жаратылыстану ғылымдарының ішінде химия — эксперименттік ғылым. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап оқушыны қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтай отырып қарапайым тәжірибелер жасауға үйрету, зертханалық құрал-жабдықтарды дұрыс қолдана білу дағдыларын қалыптастыру — жалпы орта білім беретін мектептерде химияны оқытуда оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптардың маңызды бөлігі.
Осы талаптарды іске асыру үшін химия сабақтарында сарамандық және зертханалық жұмыстарды әр оқушы жеке орындап, оның мәнін түсіндіре алатындай деңгейде жүйелі әрі тиімді ұйымдастырудың маңызы зор. Оқушының жүрегіне жол тауып, білімді нақты, жүйелі және түсінікті түрде беру оқу-тәрбие үдерісін технологияландырумен тығыз байланысты.
Өз тәжірибемде бірнеше жыл бойы модульдік оқыту технологиясын қолданып келемін. Төменде 9-сынып химиясындағы «Электролиттік диссоциация және электролиттер қасиеттері» тарауы бойынша құрылған 10 сағаттық модульдің сөйлесу бөлімінде өткізілетін сарамандық жұмысқа арналған сабақ жоспарын әріптестер назарына ұсынамын.
Сабақ тақырыбы
1-сарамандық жұмыс: «Электролиттік диссоциация және электролиттер қасиеттері» тақырыбы бойынша эксперименттік есептер шығару.
Сабақ мақсаты
-
1) Теорияны тәжірибеде бекіту
Оқушылардың «Электролиттік диссоциация және электролиттер қасиеттері» тарауы бойынша алған теориялық білімдерін іс жүзінде бекіту; қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтай отырып тәжірибе жасай білуге, тәжірибе мәнін түсіндіріп, қорытынды шығаруға үйрету.
-
2) Иондық теңдеулерді сауатты жазу
Ион алмасу реакцияларының толық және қысқартылған иондық теңдеулерін дұрыс құрастыру біліктерін дамыту; зертханалық құрал-жабдықтарды пайдалану икемділіктерін қалыптастыру.
-
3) Тәрбиелік мақсат
Білім алуға жауапкершілікпен қарауға, кіші ұжымда жұмыс істей білуге, ізгілікке, адамгершілікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу. Химиялық заттармен жұмыс барысында экологиялық тәрбие беру.
Құрал-жабдықтар
Негізгі құралдар
- Сынауықтар
- Сынауық ұстағыштар және қыздырғыштар
- Сүзуге арналған құралдар: сүзгі қағазы, құйғы
Әдістемелік материалдар
- Қышқылдардың, негіздердің және тұздардың суда ерігіштігі кестесі
- Қауіпсіздік техникасы ережелері бойынша нұсқаулық
- Тапсырмалар жазылған үлестірмелер
- Жұмыс істеу алгоритмі
Қажетті заттар
- Тұз қышқылы ерітіндісі
- Күкірт қышқылы ерітіндісі
- Азот қышқылы ерітіндісі
- Натрий гидроксиді
- Калий карбонаты
- Күміс нитраты
- Натрий сульфаты
- Барий хлориді
- Мыс(II) хлориді
- Кальций хлориді
- Темір(III) хлориді
- Кальций карбонаты (бор үгіндісі)
- Лакмус ерітіндісі
Сабақты ұйымдастыру
Сабақ жеке → жұптық → топтық (кіші ұжым) схемасы бойынша ұйымдастырылады. Сабақ барысында оқушылар алты адамнан топтарға бөлініп отырады.
Ең алдымен қауіпсіздік техникасы бойынша 2–3 минуттық тест алынады. Тест нәтижесі бойынша барлық сұраққа дұрыс жауап берген оқушы топ үйлестірушісі болып тағайындалады.
Әр топқа қауіпсіздік техникасы нұсқаулығы таратылады, ал әр оқушыға тапсырмалар жазылған үлестірмелер және тапсырманы орындау алгоритмі беріледі. Тақтаға қышқылдардың, негіздердің және тұздардың ерігіштік кестесі ілінеді.
№1 тапсырма
Берілген ерітінділер арасында реакция жүргізіңдер:
- а) Натрий сульфаты мен барий хлориді
- ә) Темір(III) хлориді мен натрий гидроксиді
- б) Натрий гидроксиді мен азот қышқылы
- в) Калий карбонаты мен тұз қышқылы
Бақылау нәтижесін түсіндіріп, реакция теңдеулерін молекулалық, толық иондық және қысқартылған иондық түрде жазыңдар.
№1 алгоритм
- Тапсырманы мұқият оқып, ой елегінен өткіз.
- Заттар арасында жүретін реакция теңдеулерін алдын ала жаз.
- Қышқылдардың, негіздердің және тұздардың ерігіштік кестесін пайдаланып, болжам жаса.
- Жұппен талдау жасап, шешіміңнің дұрыстығын нақтыла.
- Топтық талдауға қатыс: өзгені тыңда, өз жауабыңды дәлелде.
- Қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтай отырып тәжірибе жаса.
- Кестені толтырып, топ үйлестірушісіне тапсыр.