Торғайға қамқорлық жасаған бала кім

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырыбы

Б. Соқпақбаев — «Қамқорлық»

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ

Сабақтың типі

Аралас оқыту

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі, дүниетану

Мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты

Мәтіннің мазмұнын ашу, талдау жұмыстарын жүргізу және мазмұнын толық меңгерту.

Білімділік

  • Мәтіндегі негізгі ой мен идеяны ұғындыру.
  • Сұрақ қою арқылы жан-жақты ойлауға дағдыландыру.
  • Топпен жұмыс істеуге және өзіндік пікір айтуға үйрету.

Дамытушылық

  • Сын тұрғысынан ойлау мен шығармашылық қабілеттерді дамыту.
  • Сөздік қорды, ой-өрісті және тіл байлығын арттыру.

Тәрбиелік

  • Топта бірлесе жұмыс жасауға, пікір алмасуға тәрбиелеу.
  • Адамгершілік пен мейірімділік құндылықтарын нығайту.

Әдіс-тәсілдер, жабдықтар

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап Әңгімелеу Талдау Топтасу Ой шақыру

Жабдықтар

  • Интербелсенді тақта
  • Күн бейнеленген суреттер
  • Бұлтшалар (карточкалар)

Сабақ барысы

  1. 1) Ұйымдастыру кезеңі

    Оқушылармен амандасу, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру (шеңберлік тренинг).

    Өлең жолдары

    Жылы, жылы лебізді шын ниетпен айтайын,
    Алақанға толтырып, өзіңе сыйлап қайтайын...

    Сабақтың мақсат-міндеттерімен таныстыру.

  2. 2) Психологиялық жағдаят

    Мұғалім: «Балалар, бүгін топпен жұмыс жасаймыз. Алдымен сұраққа жауап берейік. Табиғатты жарық етіп тұрған көктегі күнді білімімізбен одан әрі жарқырата түсейік».

  3. 3) Топқа бөлу және ұран айту

    Кішкентай күншелерден 1, 2, 3, 4 сандарын таңдап, оқушылар 4 топқа бөлінеді.

    1-топ ұраны

    1 дегенім — білім,
    Біліммен жарқырар күнің.
    Бүгінгі сабақ барысында,
    Бұлттан ашайық күн көзін.

    2-топ ұраны

    2 дегенім — еңбек,
    Еңбек бәрін жеңбек.
    Жаттығуды орындасақ,
    Күн көзі бізге күлмек.

    3-топ ұраны

    3 дегенім — үміт,
    Мына біздер — жігіт.
    Намысты қолдан бермейміз,
    Елдің туын тігіп.

    4-топ ұраны

    4 дегенім — төзім,
    Төзімді бол өзің.
    Қандай қиындық болса да,
    Аш білімнің көзін.

    Сабақтың кіріспе сөзі

    Мұғалім: «Ендеше сабағымызды Ж. Аймауытовтың сөзімен бастайық».

    Оқу, білім — жанған шырақ, ойласаң,
    Үйренерсің іздеп көрсең, қоймасаң.
    Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,
    Пайда аларсың, қажымассың, тоймасаң.
  4. 4) Үй тапсырмасын тексеру

    Үй тапсырмасы сұрақ-жауап әдісі арқылы тексеріліп, қысқаша бекіту жұмыстары жүргізіледі.

  5. 5) Жаңа сабақ

    Автор туралы

    Алдымен авторға қысқаша сипаттама беріледі, содан кейін сыныпқа сұрақ қойылады: «Бұл жазушы кім деп ойлайсыңдар?» Оқушылардың жауабы: бұл — Б. Соқпақбаев.

    Сабақтың мазмұны

    Бүгін біз Б. Соқпақбаевтың «Қамқорлық» әңгімесімен танысамыз.

    Түсінік пен ассоциация

    «Қамқорлық» сөзін қалай түсінеміз? Оқушылар ойы тыңдалады.

    қайырымдылық кішіпейілділік жақсылық мейірім

    Мәтінмен жұмыс

    Мәтін 4 бөлікке бөлінеді. Әр топ өз бөлігін тізбектей оқып, талқылайды, мазмұнын ашады және басқа топтарға баяндайды.

  6. 6) Сергіту сәті

    Слайд арқылы құстардың қимыл-қозғалысын қайталау.

  7. 7) Топтық тапсырмалар

    1-топ

    Оқулықтың 269-беті: суретпен жұмыс.

    2-топ

    Торғай туралы 5 жол өлең құрастыру.

    3-топ

    Бұрын оқылған «Торғай» мәтінін еске түсіріп, Ж. Аймауытов пен Б. Соқпақбаев шығармаларын салыстыру: Венн диаграммасын толтыру, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажырату.

    4-топ

    «Егер мен Қожа болсам...» тақырыбында эссе жазу.

    Әр тапсырманы орындауға уақыт беріледі, мұғалім бақылау жасап, бағыт-бағдар береді.

  8. 8) Бекіту

    «Күн ананың балаларға айтар сөзі бар» деген ойын элементі қолданылады: әр жауаптан кейін Күннің көзінен сөздер ашылады.

    Сұрақтар

    • Торғайды атпақ болған кім?
    • Торғайға қамқорлық жасаған бала кім?
    • Жантасқа қандай ақыл айтар едің?

    Жасырынған сөз

    Құстарға қамқор болайық!

  9. 9) Бағалау

    Жеке, жұптық және топтық бағалау жүргізіледі. Белсенділікке қарай күншелер таратылады.

  10. 10) Қорытынды

    Күндей күлім қағамыз,
    Әсем әнге саламыз.
    Татулықпен, бірлікпен,
    Білім шыңына барамыз.

  11. 11) Үй тапсырмасы

    • «Қамқорлық» әңгімесін түсініп оқу.
    • Мазмұндау.
    • Мәтін бойынша сұрақтар дайындау.