Бағбаншы атай

«Ғажайып дорба»

Мақсаты

  • Қызықты, көңілді ойындар арқылы балалардың білімін жетілдіру және пайдалы дәрумендер туралы түсінігін бекіту.
  • Қолмен сипап-сезу әрекеттерін дамыту, көкөністер туралы білімін тереңдету.
  • Сөйлеу тілін жетілдіру, сөздік қорын байыту, ой-өрісін дамыту және байқағыштыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Шағын маркет (дүкен бұрышы).
  • Дүкен тауарлары (шырын, тәттілер және т.б.).
  • Көкөністер салынған дорба, сиқырлы сандықша.

Билингвальды компонент

Көкөністер
овощи
Дүкен
магазин
Заттар
товары

Ойын барысы

1) Шағын маркеттегі көрініс

Балалар шағын маркетке келеді. Дүкенші балалардың қызығушылығын оятып: «Балалар, келіңдер! Дүкенімде сендерге арналған тәттілер, шырындар, чипсілер, сағыздар бар. Не аласыңдар?» — деп сұрайды.

Балалардың әртүрлі заттарға қызығушылығы артып, сатып алғысы келеді. Осы кезде дүкенге қолында сиқырлы сандықшасы бар бағбан ата кіреді.

Бағбан ата: «Сәлеметсіңдер ме, балалар!»

Балалар: «Сәлеметсіз бе, бағбан ата!»

Бағбан ата: «Дүкеннен не сатып алмақсыңдар? Мұндай тағамдарды көп жеуге болмайды, денсаулыққа зиян. Менің қолымдағы сиқырлы сандықтың ішінде сендерге пайдалы әрі қызықты нәрсе бар сияқты. Сандықты ашуға көмектесесіңдер ме?»

Тәрбиеші: «Қане, балалар, бағбан атаға көмектесейік!»

Бағбан ата: «Сандықты ашу үшін кілт керек. Бірақ менде кілт жоқ…» Дәл осы сәтте қоян келіп, балаларға жұмбақтар арқылы кілтті табыстауға дайын екенін айтады.

2) 1-тапсырма: Жұмбақтар

Қоян: «Сендерді білімді әрі тапқыр деп естідім. Кілтті тек жұмбақтарымды шешсеңдер ғана беремін».

Әрі қызыл, әрі тәтті,
Татқан жанды таңырқатты.

Жауабы: Алма

Үлкендігі алмадай,
Сырты жанған қызыл от.
Ішін жарып қарасаң —
Майда-майда қызыл шоқ.

Жауабы: Анар

Отыз көйлек киінген,
Бір түйме жоқ ілінген.

Жауабы: Қырыққабат

Қорытынды: «Жарайсыңдар, балалар! Білімді екенсіңдер.»

3) 2-тапсырма: Дидактикалық ойын — «Дәмін тауып ажырат»

Мақсаты: кесілген жеміс-жидектердің дәмін тату арқылы олардың қайсысы екенін ажырату.

Балалар тапсырманы орындағаннан кейін қоян кілтті табыстайды. Бағбан ата сандықты ашады — ішінен сиқырлы дорба шығады.

4) 3-тапсырма: Эстафеталық ойын — «Картопты жинау»

Мақсаты: бір себеттен екінші себетке картопты қасыққа салып апару.

«Жарайсыңдар, балалар! Тапқыр әрі шапшаң екенсіңдер. Міне, сиқырлы дорбаны да аштық!»

Бағбан ата дорба ішіндегі жеміс-жидектерді балаларға сыйлайды.

Қорытынды бөлім

Тәрбиеші: «Балалар, бағбан атаға ризашылығымызды білдіріп, өзге ұлт тілінде жеміс-жидектер туралы ән айтып берейік».

Ән: «Жемістер мен көкөністер»

Бағбан ата: «Мен бау-бақшама барайын. Сау болыңдар, балалар! Қоян, сен де менімен бірге жүр».

Балалар бағбан атамен қоштасады. Соңында бүгінгі ойын-сауықтан алған әсерлерін тақтадағы смайлдар арқылы көрсетеді.

Мәлімет

Қала

Атырау

Мекеме

МКҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасы

Автор

I санатты тәрбиеші Қарасаева Гүлнар Жұмабайқызы