Отбасы - бала бақыты
Ұйымдастыру кезеңі: шаттық шеңбері
Балалар шаттық шеңберіне тұрып, келген қонақтармен амандасады. Амандасу бірнеше тілде орындалып, жылы атмосфера қалыптастырылады.
Қазақша
Қайырлы күн, ұстаздарым!
Қайырлы күн, достарым!
Шеңберге тұрайық,
Жылулық сыйлайық!
Орысша
Добрый день, учителя!
Добрый день, друзья!
Посмотрите друг на друга,
Пожелайте добра!
Ағылшынша
Good morning, good morning,
Good morning to you.
Good morning, good morning,
We are glad to see you!
Педагог: Good morning, children!
Балалар: Good morning, Teacher!
Оқушылар көңіл күйін ағылшынша жеткізеді:
Hello, hello, how are you?
I’m happy, happy, happy!
Hello, hello, how are you?
I’m great, great, great!
Hello, hello, how are you?
I’m OK, OK, OK!
Отбасы — өмірдің тұтқасы
Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! 4 «Ә» сыныбының «Отбасым — берекем, Отаным — мерекем!» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер.
Қазақ қоғамында отбасы — өмірдің тұтқасы, адамды жылытатын ошақтың шуағы. Ошақтағы оттың маздап тұруы — үміттің өшпес алауы. Үй ішінің қуанышқа толы болуы да сол бірліктен, сол жылылықтан басталады. Оттың басы, ошақтың қасы — ырыстың ұйытқысы.
Ой қозғайтын сұрақтар
- Қазіргі қоғамда ата-ана баласынан не күтеді?
- Ата-ананың бақыты неде?
- Бала ата-анасын қалай бақытты ете алады?
Көрсетілім арқылы жауап беру
Ата-аналарға сұрақ қойылады: жауапты ауызша айтудың қажеті жоқ. Егер жауап әке болса — бас изейсіздер, ана болса — шынайы жымиып қоясыздар, екеуі де болса — қол шапалақтайсыздар.
- 1) Бала-шағаның қамы үшін еңбек етіп, «балам уайымсыз, қайғысыз болсын» деп үйден гөрі түзде көп болатын кім? Жауап: Әке.
- 2) «Жаным-ау, сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп, баласының көңілін үнемі сұрап отыратын кім? Жауап: Ана.
- 3) «Балаларымыз аман-есен, дені сау болып, қанаттары қатайып, биіктен көрінсін» деп күндіз-түні тілеулес болатын жандар кімдер? Жауап: Ата-ана.
Бүгінгі тәрбие сағатында сіздердің қолдауларыңыз біз үшін маңызды. Ұнаған тұстарда жылы жымиып, бас изеп, қол шапалақтап отырайық.
Топқа бөліну: отбасы мүшелері
Оқушылар отбасы мүшелеріне байланысты топтарға бөлінеді: ата, әже, әке, ана, ұл, қыз. Әр топ өз атауын қорғайды және өнерін көрсетеді.
Жүргізуші сөзі: ата-ана үміті
1-жүргізуші
Қипақтайды қит етсе анаң, әкең:
— Қайтсем ғана осыны адам етем?
Басқалардың осындай балалары
Тап осындай жаңғалақ бола ма екен?
Үміт пен күдіктің ортасында
Ата-ананың үміті талмайды екен!
2-жүргізуші
Баласының болашағына алаңдап, «қайтсем де баламды адам етем» деген ата-ананың үміті баласымен бірге жасайды. Ыбырай Алтынсарин: «Балаға берілетін бірінші тәрбие — ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Ата-анасын сыйламаған бала қоғамға да пайда келтіре алмайды», — деп айтқан.
Ассоциация әдісі: «Отбасы» дегенде не ойлаймыз?
Алтын ұя
Отбасы — алтын ұя, киелі шаңырақ.
Жылулық
Отбасы — мейірім мен жылулық.
Аялы алақан
Отбасы — ананың аялы алақаны.
Мейірімді жүрек
Отбасы — әкенің мейірімді жүрегі.
Бала бақыты
Отбасы — бала бақытының бастауы.
Шағын мемлекет
Отбасы — шағын мемлекет.
Хормен:
Ата-ананы тыңдайық, айтқанынан шықпайық.
Ал, достарды қолдайық, қиын шақта қорғайық.
Отбасымыз аман, деніміз сау болсын!
Өсиет сөздер: ата-ананы құрметтеу
Оқушы ойы 1
Әрбір адам жарық дүние есігін ашқанда мейірімі мол, жүрегі жылы жандарды көреді. Ол — ата-ана. Балаға олардан артық, олардан қымбат жан жоқ. Әр ата-ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын тілейді.
Оқушы ойы 2
Алдымен сүй, ардақта ата-анаңды,
Үлгілі ұрпақ атадан бата алады.
Бар жақсылық балаға бұл ғаламда
Мейірімінен ананың жасалады.
Оқушы ойы 3
Ата-ананы сыйлау — сәби шағыңда олар сені қалай бағып-қағып өсірсе, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялау. Ананың ақ мейірін бағаламау — үлкен қиянат.
Оқушы ойы 4
Кейде кейбір балалар ата-анасына қарсы сөйлеп, тыңдамай жатады. Ондай қылықтан аулақ болайық. Әке — тірегің, қамқоршың, асқар тауың. Ана — өмір сыйлаған аяулы жан.
Арнаулар: ата, әже, әке, ана
Оқушылар өз ата-әжесі мен ата-анасына арнауын көпшілік алдында шын көңілмен жеткізеді.
Атаға арнау
Қыдырып бардым атама,
Қалыпты атам ауырып.
Мейірімді аташым,
Айтшы маған, аташым,
Тиді саған қайсы дерт —
Қорқытайын сол дертті.
Дәруменді ішкізіп,
Сауыққын сен тезірек.
Аташым менің тірегім,
Атыңды сенің ардақтап,
Жүремін әр кез мақтанып.
Әжеге арнау
Әжеме кетсем жұғысып,
Тапқандай болам сөз кенін.
Ертегін қызық ұғысып,
Тыңдаймыз көзбен көргенін.
Құшағы менен пейілі
Далаға байтақ тең келер.
Нұрындай күннің мейірі
Біздерге бақыт дем берер.
Әкеге арнау
Көмегімен біздерді мәпелеген,
Ардақты жан өмірге — әке деген.
Бақыттымын өмірде әкем барда,
Сол бастаушым — биікке жетелеген.
Асқар тауым аман жүр, аяулы әкем,
Жақсы өнеге бердіңіз — мақтан етем.
Кіп-кішкентай жүрегім сендіреді:
Мен өзіңізді, әкетай, бақытты етем.
Анаға арнау
Нұрын шашқан күнімсің ғой, жан анам,
Бар шуағын баласына арнаған.
Бір өзіңнен қуат алып өмірде
Сенің салған сара жолды жалғағам.
Қымбат жансың, мен үшін ең асылсың!
Алла сенен жамандықты қашырсын.
Әкемменен мәңгі шалқып бақытқа,
Жастарыңды жүзден да асырсын!
Жағдаяттық сұрақтар: ата-ана шешімі
Жағдаят 1
«Анашым, мен бүгін сабаққа бармай-ақ қояйыншы. Үй тапсырмасын орындамадым. Мұғалім сұраса, “ауырып жатыр” деп айта салыңызшы».
Жағдаят 2
«Анашым, мен бүгін математикадан “2” алдым».
Жағдаят 3
«Анашым, мен бүгін мектептегі жарысқа қатысып, мақтау қағазын алдым».
Сергіту сәті: бірлік пен татулық
Бір шаңырақ астында,
Тату-тәтті тұрамыз.
Бірге ішеміз асты да,
Бірге сайран құрамыз.
Достықты үлгі санаған,
Бір үйде біз тұрамыз.
Қалған ата-бабадан —
Бірлік асыл мұрамыз!
Көрініс: «Қарт пен бала»
Саябақта әкесі мен баласы серуендеп жүреді. Әкесі бірнеше рет: «Балам, мынау ненің дауысы?» — деп сұрайды. Бала: «Құстың дауысы», — деп жауап береді. Әкесі қайта-қайта сұрай бергенде, бала ренжіп: «Ол — құс, құс! Шаршап келе жатырмын, неге сұрай бересіз?» — дейді.
Сонда әкесі: «Балам, кішкентай кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келсем де, сен “Анау не? Мынау не?” деп күніне жүз рет сұрайтынсың. Бетің қайтпасын деп әр сұрағыңа үнемі жауап беретінмін», — дейді.
Талқылау: Бұл көріністен қандай ой түйдіңдер? Кімнің іс-әрекеті дұрыс емес?
Отан туралы ой: тамыр, тарих, мақтаныш
Біз өз тарихымызды, жеті атамызды білуге тиіспіз. Ел болу жолында ата-бабамыз ру-рудың басын қосып, жұрттың бірлігін бекемдеген. Менің елім — Қазақстан. Өз еліммен, тіліммен, дініммен мақтана аламын. Бұл — әрбір дала перзентінің жүрегіндегі асыл сезім.
Поэзиялық түйін
Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды,
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға сол қайғы.
(Мұқағали Мақатаевтың ойымен үндес)
Ал біз — тәуелсіз еліміз, тарихымыз, тіліміз бар халықпыз. Қазақстан — туған өлкем.
Қазақстан — туған өлкем,
Жер көп пе сендей көркем?
Көрсін деп күллі әлемге,
Жалауыңды желге желпем.
Мәлімет
- Мектеп
- №83, А. Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі
- Сынып
- 4 «Ә»
- Мұғалім
- Джумабаева Гүлжар Абдимуталиевна