Сөздердің байланысу түрлерін табыңдар
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Сынып
7-сынып
Тақырып
Сөздердің байланысу түрлері (презентация)
Сабақтың түрі
Дәстүрлі, конференция сабақ
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті
Көрнекіліктер
- Сабақ барысына құрылған слайдтар
- Тапсырмалар жазылған қағаздар
- Кеспе карточкалар
- Әртүрлі сызбалар
Әдістер
Пікірталас, сұрақ-жауап, анализ-синтез, жаттығулармен жұмыс.
Оқыту технологиялары
Сын тұрғысынан ойлау, деңгейлеп-саралап оқыту.
Міндеті мен мақсаттары
Сабақтың міндеті
Сөздердің байланысу түрлері туралы алған білімді ғылымдағы соңғы жаңалықтармен толықтыру, оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамыту.
Сабақтың мақсаты
-
1) Білімділік
Өткен тақырыптар бойынша ой қорытып, жаттығулар арқылы білімді пысықтау; теорияны пікірталас барысында практикамен ұштастыру.
-
2) Дамытушылық
Ауызша және жазбаша тілдік стильді дамыту; ой-өріс пен дүниетанымды кеңейту; шығармашылық іскерлікті арттыру.
-
3) Тәрбиелік
Ізгі қасиеттерге баулу; жақсы оқуға, үлгілі әрі білімді болуға, достықта адалдық танытуға үндеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу
- Кезекшінің есебі
- Оқу құрал-жабдықтарының толықтығын қадағалау
- Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен сабақта берілген тапсырмалар талданып, негізгі қателер мен табысты тұстар қысқаша қорытындыланады.
III. Жаңа сабақ
1) Тақырыппен таныстыру
Сабақтың тақырыбы, мақсаты, міндеті және жұмыс форматы (конференция сабағы) түсіндіріледі.
2) Мұғалімнің кіріспе сөзі
Бүгін сөздердің байланысу түрлері туралы білімімізді қорытып, өз көзқарасымызды ортаға саламыз. Сабақ конференция форматында өтеді: алдымен «қатысушы ғалымдар» мен «тілші» таныстырылады, кейін пікірлер тыңдалып, жаттығулар орындалады.
3) Таныстыру және жұмыс кезеңдері
«Білемін» бөлімі
Өткен тақырыптарды қайталау, ережелерді еске түсіру және деңгейлік тапсырмаларды орындау.
A) Қайталау сұрақтары
- Синтаксис нені зерттейді?
- Қазақ тілінің қай саласын өтіп жатырмыз?
- Сөз тіркесінің күрделі сөздер мен тұрақты тіркестерден айырмашылығы қандай?
- Сөз тіркесі дегеніміз не?
- Сөз тіркесінің айрықша белгілерін атаңыз.
- Сөз тіркесінің байланысу тәсілдерін атаңыз.
- Сөз тіркесінің түрлері қалай анықталады?
Ә) Деңгейлік тапсырмалар
- I деңгей: етістікті сөз тіркестерін тауып, жазыңыздар.
- II деңгей: жанасу мен қабысуды тауып, талдаңыздар.
- III деңгей: матасуды табыңыздар (төмендегі мәтін бойынша).
Мәтін
Шоң жолшыбай Баянауылға соқты. Потанин биді көк көзі күлімдеп қарсы алды. Амандықтан соң Шоң төңірегіне көз салды. Былтырғыдан гөрі құрылысқа елеулі ештеңе қосыла қоймағандай. Екі үйдің іргесі көтеріліпті. Олардың қатарынан бес-алты адам тағы жер қазып жатыр. Биіктігі алтыбақандай төрт аяқты тұғырлар үстінде бөренені тақтайға тіліп жатыр. Анадай жердегі қалқан астында сүргіленген тақтайларды жеке қалап қойыпты.
Б) Оқулықпен жұмыс (247-жаттығу)
- Мәтінді түсініп оқыңыздар.
- Абылайдың түсі нені меңзейді?
- Қарамен жазылған сөздер қандай байланысу тәсілі арқылы байланысқан?
Үлгі: «Бұқараны аламын» — жалғау арқылы байланысқан сөз тіркесі (меңгеру).
«Зерттей аламын» бөлімі
Үйге берілген жеке тапсырмалар тыңдалып, суреттер бойынша талдау жұмысы жүргізіледі.
A) Тілшінің сұрағы
Ғалым Мәулен Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінде сөздердің байланысу түрлерін қалай сипаттайды?
Ә) Ғалымдар пікірлері (бағыттар)
- Қиысу бағытындағы ғалымдар
- Матасу бағытындағы ғалымдар
- Меңгеру бағытындағы ғалымдар
- Қабысу бағытындағы ғалымдар
- Жанасу бағытындағы ғалымдар
Б) Суреттермен жұмыс
Берілген суреттер бойынша сөз тіркестерін құрап, олардың байланысу түрін анықтаңыздар.
«Білгім келеді» бөлімі
Тілшінің проблемалық сұрақтары және тест арқылы білімді нақтылау.
A) Проблемалық сұрақтар
- Қиысу сөз тіркесіне жата ма, әлде жалаң сөйлем құрылымына жата ма?
- Матасу мен меңгеруді кейбір ғалымдар бір құбылыс деп қарастырады. Бұл пікір қаншалықты негізді?
- Қабысу мен жанасуды біріктіріп, бір байланысу тәсілі ретінде қарастыруға бола ма?
Ә) Тест сұрақтары
-
1. Етістікті тіркесті табыңыз.
- A) Жақсының ашуы
- B) Басы жеткенше
- C) Жаманның ашуы
- D) Жаманның басы
-
2. Тұрақты сөз тіркесін көрсетіңіз.
- A) Дархан дала
- B) Ғұмырнама
- C) Мұзға отырғызып кету
- D) Кедей-кепшік
-
3. «Мен естідім» тіркесіндегі байланыс түрі қайсы?
- A) Матасу
- B) Жанасу
- C) Қиысу
- D) Меңгеру
-
4. Меңгеруді табыңыз.
- A) Сынға түсті
- B) Біздің өлке
- C) Аман келді
- D) Кең дала
-
5. Байланыс түрлеріне қатысты талдаудың қайсысы дұрыс емес?
- A) Тоғыз адам — қабысу
- B) Кең бөлме — жанасу
- C) Оқуға лайық — меңгеру
- D) Алатаудың Жамбылы — матасу
-
6. Ретіне қарай сөз тіркестерінің байланысу түрін анықтаңыз: «Ағаштың бұтағы, хат алу, қалың орман»
- A) Матасу, қабысу, жанасу
- B) Меңгеру, қиысу, қабысу
- C) Қабысу, меңгеру, жанасу
- D) Матасу, меңгеру, қабысу
-
7. Есімді тіркесті табыңыз.
- A) Үлкен үй
- B) Он шақты
- C) Тағы да келді
- D) Онға жуық
4) «Білдім» бөлімі: бекітуге арналған жаттығулар
1. Сөз тіркестерін құрастырып жазыңыз
I деңгей — «Ойлан»
- Зат есім + зат есім
- Сын есім + зат есім
- Сан есім + зат есім
II деңгей — «Тап»
- Есімдік + зат есім
- Септеулік шылау + етістік
- Зат есім + етістік
III деңгей — «Ізден»
- Үстеу + етістік
- Сын есім + етістік
- Сан есім + етістік
2. Сөз тіркестерінің түрлерін ажыратыңыз
3. Сөздердің байланысу түрлерін табыңыз
4. Мәтіннен матаса байланысқан сөз тіркестерін анықтаңыз
Талай күн бойында ілбумен ғана жүріп, Жидебай тұсына жеткен Құнанбай қосы сан жағынан бірталай кеміп қалыпты. Әсіресе, шошытатын — жылқының түсі. Нелер атпал айғырлар мен сақа билердің өзі де алты айлық аурудан тұрғандай, көлеңкесі ғана қалған. Жүндері ұзарып, үрпиген. Аяқтары жуандап, сүйек-сүйегі адырайып кетіпті. Тарамыс, шандыр атаулының бәрі білініп тұр. (М. Әуезов)
5. Мәтіннен меңгеруді табыңыз
Жас мал болғанда жүріске мықты, астынан ит өтіп жатса да, жымың қақпайтын мінезді жылқыны Ерік жан жолдасындай жақсы көретін. Құлын кезінен құндаққа орағандай мәпелеп өсірді, шошаң етер жерге шоқырақтатпай, осындай азамат тақымы, арғымақ арқасы сыналар ұзақ та еңку-еңку сапарға сақтайтын. Әзірге екеуі де сыр алдырған жоқ. Маңдай мен сауырдан сорғалаған бір күнгі тер деген не тәйірі, ертең-ақ жайлауға қайтып барған соң, екеуі қарға аунаған түлкідей түрленіп шыға келмей ме?! (О. Бөкей)
IV. Сабақты бекіту
Оқушылар берілген тақырыпқа қатысты мақал-мәтелдер айтып, олардың құрамындағы сөздердің байланысу түрлерін анықтайды.
V. Сабақты қорыту
Негізгі ұғымдар жинақталып, қиын тұстарға қысқаша түсіндірме беріледі. Оқушылардың жауаптары бойынша ортақ қорытынды жасалады.
VI. Үйге тапсырма
Міндетті деңгей
«Көктемнің айшықты сәттері» тақырыбында мәтін жазу
Мүмкіндік деңгейі
Жанаса байланысқан сөз тіркестерінің астын сызу
VII. Бағалау
Оқушылардың сабақтағы белсенділігі, пікірталасқа қатысуы, тапсырмаларды орындау сапасы және тест нәтижелері бойынша бағаланады.