Аспапты тап

Сабақтың тақырыбы

«Сиқырлы музыка аспаптары: Шаңқобыз. Дабыл»

Сабақ түрі

Аралас

Мақсаты

1) Білімділік

  • Ұлттық аспаптармен таныстыру.
  • Аспаптардың дыбыс тембрін ажыратуға үйрету.
  • Ұрып ойнайтын аспаптардың ерекшелігі мен дыбыс бояуын таныстыру.
  • Ән айту және музыка тыңдау ережелерін сақтауға баулу.

2) Дамытушылық

Есту және есте сақтау қабілеттерін дамыту.

3) Тәрбиелік

Ұлттық аспаптарды құрметтеуге тәрбиелеу, жан-жақты эстетикалық тәрбие беру.

Көрнекіліктер

  • Оқулық
  • Аспаптар: баян, домбыра, шаңқобыз, асатаяқ, қоңырау, мүйіз, дабыл
  • Интерактивті тақта (слайдтар)
  • Электронды оқулық

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап Әңгіме Пікірталас

Сабақ барысы

  1. 1.Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2.Үй тапсырмасын сұрау
  3. 3.Жаңа сабақ
  4. 4.Оқулықпен жұмыс
  5. 5.Сергіту сәті
  6. 6.Музыка тыңдау
  7. 7.Жаңа ән
  8. 8.«Аспапты тап» (сөзжұмбақ)
  9. 9.Сабақты қорытындылау
  10. 10.Үйге тапсырма
  11. 11.Оқушыларды бағалау

Ұйымдастыру кезеңі: сәлемдесу

Оқушылар

Сәлеметсіз бе, ұстазымыз,
Өнер-білімге біз құштармыз.

Мұғалім

Сәлеметсіз бе, балалар,
Ұстаз еңбегін бағалар.

Сәлемдесу «Жас дәуірдің түлегіміз» (И. Нүсіпбаев) әнінің әуенімен орындалады.

Үй тапсырмасы

Сазсырнай аспабын еске түсіреміз: оның жасалуы, дыбысы және қолданылуы туралы қысқаша қайталаймыз.

Жаңа сабақ: Шаңқобыз және дабыл

Сабақты жырдан үзіндімен бастаймыз:

Керней, сырнай тарттырып,
Даңғыра, дабыл қақтырып,
Барып түсті Алпамыс,
Қаракөзайым үйіне... («Алпамыс батыр» жырынан)

Сұрақтар

  • Өлеңнен нені аңғаруға болады?
  • Қандай аспаптардың атаулары аталды?

Дұрыс жауап: керней, сырнай, даңғыра, дабыл. Бүгін біз негізінен ұрып ойнайтын аспаптармен танысамыз: дабыл, дауылпаз, тұяқ, қоңырау.

Оқулықпен жұмыс

  • Күннің ретін, сабақтың тақырыбын жазамыз.
  • Музыка тыңдау бөліміне қысқаша белгі түсіреміз.
  • Аспаптарға берілген анықтаманы оқып, жұмбақтарды шешеміз.
  • Аспаптарға арналған қысқа қайырманы орындап көрсетемін.

Аспаптар туралы қысқаша мәлімет

Дабыл

Дабыл — ерте заманнан келе жатқан, барабан тектес ұрып ойнайтын ұлттық аспаптардың ең көнелерінің бірі. Ағаш шеңбердің екі жағына тері керіліп тартылады, ағаштан немесе қайыстан жасалған тұтқасы болады.

Дабыл шабуылға шақырғанда, бейбіт күндері мерекеге үндеуде және аңшылықта қолданылған. Бұл әрекет «дабыл қағу» деп аталған. Қызметіне қарай көлемі әртүрлі болған.

Тұяқ

Тұяқ — қазақ тұрмыс-салтында ежелден бар музыкалық аспап. Жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып, суға қайнатады: ішкі сүйегі босап, сыртқы қабығы ажырайды. Іші мұқият тазартылып, күнге кептіріледі. Ұстауға ыңғайлы болуы үшін белдеуше бау тағылады.

Қоңырау

Қоңырау ертеректе бесікке байланып, тұрмыста да кең қолданылған. Үні таза шығуы үшін көбіне таза жезден немесе мыстан құйып жасаған. Қалыңдығын өзгерту арқылы дыбыс ауқымын реттеуге болады.

Шаңқобыз

Шаңқобыз — қазақтың көне музыкалық аспабы. Ол темірден, ағаштан, кейде күмістен жасалады. Ойнау кезінде аспапты тістеп ұстап, кішкентай темір тілшесін қозғау арқылы дыбыс шығарылады.

Дыбыс бояуы (тембрі) өте нәзік, кейде екі дауысты ән айтқандай әсер береді.

Тәжірибелік бөлім

Аспаптарды көрсетемін, оқушыларға қолдарына ұстатып көреміз. Слайд арқылы таныстырып, видеодан дыбыстарын тыңдатамын.

Сергіту сәті: «Сырнай мен дабыл»

Мұғалім

Ойнап көрші сырнайды,
Сырнай былай жырлайды:

«ГУ, ГУ, ГУ, ГУ»

Соққанда дабылды,
Үн шығады жаңғыра:

«Даң, даң, даң, даң»

Орындау тапсырмасы

Енді осы аспаптармен халық әні «Еркем-ай» әнін орындап көреміз: алдымен мұғалім орындайды, кейін оқушылар тақтаға шығып аспаптарды алып, бәріміз бірге айтамыз.

Халық әні: «Еркем-ай»

Өлең

Айт дегенде өлеңді аңырмаймын,
Көлден ұшқан аққудай мамырлаймын,
Еркем-ай.

Қайырмасы

Еркем, еркем, еркем-ай,
Еркелеген еркем-ай.
Еркелеген еркемді
Еркелетсем екен-ай.

Музыка тыңдау

Композитор Н. Тілендиевтің күйі — «Ата толғауы».

Тыңдау барысында күйдің құрамында бүгін қарастырылған аспаптардың үнін аңғаруға тырысамыз.

Жаңа ән: «Наурызым — мерекем»

Ұлттық аспаптармен танысып, дыбыстарын тыңдағаннан кейін алдағы ұлттық мерекеміз туралы әңгімелесеміз. Оқушылардың жауабынан соң Наурыз мерекесіне арналған әнді үйренеміз.

Авторы

Әні мен сөзі: Ақзира Еспенбетова

1-шумақ

Күн күліп көктен,
Шуағын төккен.
Келді Наурызым,
Сағынып жеткен.

Қайырмасы

Наурызым — жыл басы,
Өзіңді өлкеде
Бөбектер жырласын.

2-шумақ

Бусанып дала,
Босап қар-мұздан.
Тыста бар бала
Ойынға қызған.

Талдау

Әннің көңіл күйін (характерін) анықтаймыз: әуені, ырғағы, орындалу мәнері қандай әсер береді?

Сөзжұмбақ: «Аспапты тап»

Сөзжұмбақты дұрыс шешкенде «Аспаптар» сөзі шығады.

  1. 1.Шертіп ойнайтын аспап
  2. 2.Үрмелі аспап
  3. 3.Музыка жазатын адам
  4. 4.Ұрып ойнайтын аспап
  5. 5.Ұрып ойнайтын аспап
  6. 6.Шертіп ойнайтын 7 ішекті аспап
  7. 7.Сілкіп ойнайтын аспап
  8. 8.3 ішекті шертіп ойнайтын аспап

Қосымша жұмыс

Электронды оқулықтан «Аспаптардың үнін тап» тапсырмасын орындаймыз.

Сабақты қорытындылау

Оқушыларға үлестірмелі карточкалар таратылады. Оқушылар жауаптарын белгілеп, қысқаша пікір білдіреді.

Қорытынды сұрақтар

  • Қандай аспаптармен таныстық?
  • Қандай күй тыңдадық?
  • Қандай ән үйрендік?

Үйге тапсырма

  • Шығармашылық папкаға аспаптардың суреттерін салып келу.
  • Аспаптарға қатысты анықтамаларды жаттау.
  • «Наурызым — мерекем» әнін жаттау.

Бағалау

Сабақ барысында белсенділік танытқан оқушылар бағаланып, жетістіктері атап өтіледі.