Неліктен олай ойлайсыңдар

Сабақтың тақырыбы

Дос болайық бәріміз

Мақсаты

  • Балалардың достық туралы ұғымын кеңейту және нақтылау.
  • Достарға деген дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыру.
  • Достықты қадірлей білуге, бір-біріне көмектесуге және қамқор болуға үйрету.

Көрнекі құралдары

Жапырақтар Үнтаспа Мультфильм Презентация

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін біздің сабағымызға қонақтар келді. Бүгін қандай керемет күн!

Осы күнді жақсы, қуанышты көңіл күймен өткізу үшін сендерді «Дос болайық бәріміз» атты ашық сабағымыздың Шаттық шеңберіне шақырамын.

Балалар, біз бәріміз шеңберге тұрдық — шеңберіміз қандай тамаша! Ол бізді достық пен сүйіспеншілікке шақырып тұрғандай.

«Шаттық шеңбері» өлеңі

Армысың, досым, кел, маған қосыл! (қолымен шақырады)

Алақанға салып алақан, шеңберге бірге тұрайық. (қолдарынан ұстайды)

Жер шарындай айналып, әлемге жарық ұқсайық. (айналады)

Қолымызды көтеріп, күннің нұрын алайық. (қолдарын көкке созады)

Ортамызда күн нұры, құшаққа оны алайық. (құшақтасады)

Саяхат: «Адал достық қаласына»

Бүгін біз Адал достық қаласына мейірімділік жолымен барамыз. Алдымен «Ғажайыпстанға саяхат» атты мультфильмді тамашалаймыз.

Сұрақ 1

«Достық» дегенді қалай түсінесіңдер?

Сұрақ 2

«Айнымас досы бар адам — ең бақытты адам» дегенді қалай түсінесіңдер?

Талқылау

Қандай достықты біз адал деп айтамыз?

таза ашық мейірімді қамқор сүйіспеншілігі мол айнымас

Ертегі: «Екі дос»

Бір күні екі дос орманда келе жатады. Кенет алдарынан бір аю шыға келеді. Сол сәтте біреуі қаша жөнеледі, ал екіншісі ағашқа өрмелеп, жасырынып қалады.

Қашып үлгермегені ортада қалып қояды. Не істерін білмей тұрғанда, «өлген адам сияқты етбетімнен жата қалсам, бәлкім құтылармын» деп жерге жата кетеді.

Аю келіп, оны иіскелей бастайды. Ол демін ішіне тартып, тырс етпей жатады. Біраздан соң аю кетіп қалады.

Ағашқа өрмелеп кеткен досы төмен түсіп, қасына келіп күліп:

— Айтшы, аю сенің құлағыңа не деп сыбырлады?

Сонда досы:

— Қауіп-қатер төнгенде досын тастап қашып кететін адамдардан сақ болу керек екенін айтты, — дейді.

Сұрақ

Қалай ойлайсыңдар, бұлар адал дос па?

Жаңа ақпарат: Айнымас дос қандай болады?

Айнымас дос ұғымы адал дос түсінігімен сабақтас. Егер адам уәдесіне берік болса, қандай жағдайда да досының жанынан табылса, қолынан келген көмегін аямаса, көңілін көтеріп, қиын сәтте сүйеу болса — ол, әрине, айнымас дос.

1) Адал достық

  • Шынайылық
  • Жауапкершілік
  • Қамқорлық
  • Көмекке дайын болу

2) Айнымалы (алдамшы) достық

  • Пайда үшін жақындасу
  • Қиындықта алыстау
  • Уәдеге тұрмау
  • Сенімге селкеу түсіру

Біз осы екі достықтың қайсысын таңдаймыз? Олай болса, балалар, бір-бірімізге адал дос болайық.

Сыныппен жұмыс: Дәйексөз таңдау

Мына дәйексөздердің ішінен сабағымыздың мәніне сай келетінін таңдап көрейік:

  • Жақсы жолдас — жанға серік, жаман жолдас — малға серік.
  • Татулық — достық кепілі.
  • Достық малға емес, басқа жарасады, Нағыз дос бір-біріне шынайы қарасады. (Амандық шешен)

Тыныштық сәті

Енді көздеріңді жұмып отырыңдар. Мен әдемі әуен қосамын. Әуенді тыңдай отырып, достарыңа жасаған жақсылықтарыңды есіңе түсіріңдер.

Ой бөліскеннен кейін талқылаймыз: сендердің араларыңда кімді адал дос деп айтуға болады? Неліктен?

Біз «Адал достық қаласына» кірдік, өйткені әрқайсыңның жүректерің ашық, мейірімді, жылы, аялы, қамқор. Жауаптарыңды тыңдай отырып, сендердің шынайы адал дос бола алатындарыңа көзім жетті.

Жағдаяттарды талдау

Жағдаят 1

Сырым мен Жанар дос болатын. Бір күні Сырым лақтырған доп Жанардың басына тиіп кетеді. Сырым болса добын домалатып теуіп алып, кете береді.

  • Жанар мен Сырымды шын достар деп айтуға бола ма?
  • Неліктен?
  • Олардың достығы қалай жалғасады деп ойлайсыңдар?

Жағдаят 2

Сен асығып барасың: кешігуге болмайтын маңызды кездесуге үлгеруің керек. Сол сәтте досың келіп, «Тез көмектесші, бір жағдаймен қатты қысылып тұрмын» дейді.

Сенің әрекетің қандай болады?

Жағдаят 3

Екінші сынып оқушылары арасында өтетін «Өнерге қанат қаққандар» атты жарысқа сыныптастары Әлиханды ұсынып, оған үлкен сенім артады. Жарыс болатын күні Әлихан сабаққа келмей қалады. Сыныптан жарысқа ешкім шықпайды.

  • Әлиханның бұл ісіне көзқарастарың қандай?
  • Сендер оның орнында болсаңдар, не істер едіңдер?

Кейіпкермен кездесу: Періште қыздың өтініші

Періште қыз келеді: «Саламатсыңдар ма, балалар! Мен орманнан келген періште қызбын. Орманда көлеңкесінде саялайтын мәуелі ағашым бар еді. Қатты желден ағашымның жапырақтары түсіп қалыпты. Сол жапырақтарды қайта орнына жапсырайын деп едім, жапырақтағы тапсырмаларды жалғыз өзім орындай алмаймын. Маған көмектесетін достар іздеп келдім. Көмектесесіңдер ме?»

Жапырақтағы тапсырмалар

Сұрақ

Әдептілікті кімнен үйренеміз?

Жауап: данадан.

Сұрақ

Дана деген кім?

Жауап: көпті көрген қария.

Сұрақ

Мейірімділікті кімнен үйренеміз?

Жауап: анадан.

Тапсырма

Мақалды жалғастыр:

  • Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа.
  • Жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа.
  • Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын.

Қорытынды сұрақ

Балалар, сендер достық, мейірімділік, махаббат туралы қандай тақпақтар білесіңдер? Періште қызға кім айтып береді?