Аяз ата, Ақша қар
Мерекелік сценарий
Бұл мәтін — балабақшадағы Жаңа жылдық ертеңгілікке арналған қойылым-сценарий. Төменде жүргізушінің сөзі, балалардың тақпақтары, әндер мен билердің реті, сондай-ақ кейіпкерлердің (Аяз ата, Ақша қар, Жаңа жыл) диалогтары берілген.
- Тақырыбы
- «Армысың, Жаңа жыл!»
- Оқиға желісі
- Балалар мерекені бастап, Аяз атаны оятып, Ақша қарды шақырып, ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алады.
Жүргізуші сөзі және мерекенің басталуы
Жүргізуші: Құрметті ата-аналар, қадірлі қонақтар! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Жаңа жылға арнап дайындаған Аққу тобы бүлдіршіндерінің ән-жыры мен өнерін қабыл алыңыздар.
Тақпақтар (бастапқы бөлім)
Абдулла:
Ақ қыс келіп сән құрды,
Тау-далама жараса.
Әйнектердің сан түрлі
Әшекейі тамаша.
Жасыл шырша төрдегі,
«Бәрің келіп көр мені!» —
Дегендей боп құлпырып,
Ойыншықтар тұр тұнып.
Көрініс: Аяз атаны ояту
Осы сәтте қорылдап ұйықтаған дыбыс естіледі.
Жүргізуші: Тыңдаңдаршы, балалар! Бір дауысты естіп тұрмын. Бұл кім болды екен? Жақындап барып оятып көрейік. Байқаңдар, аш қасқыр болып жүрмесін.
Шырша түбінде алдын ала дайындалған қар үйіндісінің астынан Аяз ата шыға келеді.
Балалар: Алақай! Аяз ата! Сәлеметсіз бе?
Аяз ата: Амансыңдар ма, ұлдарым! Амансыңдар ма, қыздарым! Мен мына шырша түбінде Ақша қар қызымды күтіп отырып, ұйықтап кетіппін. Сендер оятпағанда, Жаңа жыл тойынан қалып қоя жаздаппын.
Жүргізуші: Қош келдіңіз, Аяз ата! Балалар сізді асыға күтті. Төрлетіңіз. Бүлдіршіндеріміздің әні мен биін тамашалаңыз.
Өнер көрсету (I бөлім)
Әндер мен билер реті
-
Ән
«Біздің балабақшамыз»
-
Би
«Шығыс биі» (Жанель)
Тақпақтар (жалғасы)
Рамазан:
Бақша іші — мереке,
Ойын-күлкі, асқақ ән.
Жақсы әпкелер жаңа кеп,
Мерекені бастаған.
Жеңісбек:
Жылдың әнін бастайын,
Аяз ата кеп қалды.
Майысады жас қайың,
Көтере алмай көп қарды.
Айсана:
Келді Аяз атамыз,
Қасында Ақша қары бар.
Қызыққа әбден батамыз,
Қарсы алайық баршамыз.
Айша:
Аяз ата, аман ба?
Аман болғай қашанда.
Қарша қызды сүйеміз,
Ізетпен бас иеміз.
Ақбала:
Қалып едік сағынып,
Күтіп алдық жабылып.
Жолың болсын жарық деп,
Шыршаға шамдар тағып.
Нұрболат:
Көрдің бе Аяз атаны?
Аппақ екен сақалы.
Аппақ екен мұрты да,
Аппақ екен шапаны.
Аяз ата: Бәрекелді! Жаңа жыл тойына жақсы дайындалып келіпсіңдер. Ал, балалар, менің Ақша қар қызымды көрмедіңдер ме?
Балалар: Жоқ, көрмедік!
Аяз ата: Ақша қар неге кешікті екен? Мүмкін, осы маңда жүрген шығар...
Жүргізуші: Аяз ата, сіз өнерімізді тамашалай беріңіз. Мүмкін, Ақша қар дауысымызды естіп келіп қалар. Ал, балалар, даусымызды қатты шығарып, өнерімізді көрсетейік!
Өнер көрсету (II бөлім)
Би мен ән
-
Би
«Қуыршақ» (Айша, Мөлдір, Мерей, Жансұлу)
-
Ән
«Көкшолақ» (Жұмат, Абдулла)
Шырша, қыс және мереке туралы жырлар
Лашын:
Шырша қандай керемет,
Ойыншықтар ілінген.
Жымың қағып шамдары,
Бүкіл қызық тірілген.
Жансұлу:
Жаңа жылды қарсы алып,
Жасаймыз той жылда бір.
Жарқын-жарқын ән салып,
Жалғасады жырға жыр.
Нұрасыл:
Жүзімде қуаныш,
Әр көңілде жақсы үміт.
Келе жатқан Жаңа жыл
Әкелсін көп жақсылық.
Әсем:
Қош келдіңіз, Аяз ата,
Қарсы аламын орын беріп.
Ән салыңыз бізбен бірге,
Би билеңіз бірге еріп.
Бағдәулет:
Аулада ойнап шулайды,
Қар лақтырып балалар.
Сырғанақта зулайды,
Шаңғылар мен шаналар.
Диас:
Ақ таяғын таянып,
Таңмен бірге оянып,
Аяз ата келіп тұр,
Ақ күпіге оранып.
Көрініс: Ақша қардың келуі
Ақша қар: Ой, балалар, сәлеметсіңдер ме? Орман ішінде адасып жүріп, сендердің дауыстарыңды естіп келдім. Аяз ата да осында екен ғой!
Жүргізуші: Қош келдің, Ақша қар! Аяз ата да, балалар да сені асыға күтіп отыр еді. Келгенің қандай жақсы болды! Енді Аяз атамен бірге балалардың өнерін тамашала.
Өнер көрсету (III бөлім)
-
Би
Қазақ биі (ұлдар)
-
Ән
«Тамаша»
Ортақ шаттыққа шақыру
Жанель:
Бізбен бірге жайдары
Жарқырайды, жайнайды.
Айналамыз шыршаны,
Айналамыз баршаны.
Ажар:
Жаңа жылда басталған
Жаны жайсаң жақсы адам.
Аяз ата, сізге мен
Айтам әнді жүздеген.
Іңкәр:
Аппақ тонға оранып,
Базарлықты мол алып,
Келді алыс сапардан
Аяз ата оралып.
Бекзат:
Жаңа жыл, Жаңа жыл —
Тамаша тойымыз.
Алақай, алақай —
Өседі бойымыз!
Жүргізуші: Аяз ата, Ақша қар! Ескі жылмен қоштасатын уақыт та келіп қалған сияқты. Қане, балалар, бірге ескі жылды шығарып салайық!
Балалар ескі жылмен қоштасып, оны шығарып салады.
Би: «Саңырауқұлақтар»
Орындаушылар: Рамазан, Ердос, Жеңісбек, Балжан, Ажар
Нұрлыбек:
Жаңа жылда жаңаша
Тақпақ айтамыз.
Болсын риза баладай
Аппақ атамыз.
Динара:
Жаңа жыл, Жаңа жыл —
Тамаша тойымыз.
Алақай, алақай —
Өседі бойымыз!
Дилнара:
Асыр салып ойнаймыз,
Ақша қардай жалықпай.
Сырғанайды шанамыз,
Жел қайықтай ағындай.
Мөлдір:
Тамаша сый алып,
Келді Аяз атамыз.
Шаттанып, қуанып,
Шырқап ән саламыз.
Ару:
Ақ қырауға малынған
Сақалы да, мұрты да.
Аяз ата сағынған
Сәлем берді жұртыма.
Жүргізуші: Балалар, енді бәріміз бірге Жаңа жылды қарсы алайық!
Балалар: Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!
Жаңа жылды қарсы алу
Жаңа жыл: Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен — жаңа жылан жылымын. Енді сендермен бірге бір жыл жүремін.
Жүргізуші: Қош келдің, Жаңа жыл! Кел, төрлет — Жаңа жылым, құтты жылым! Өзіңді бүкіл елім күтті бүгін. Қарсы алдық сені еңселі еңбегімізбен, жарқырап алдыңнан шықтың бүгін!
Өнер көрсету (қорытынды бөлім)
Қазақ биі және қорытынды тақпақтар
Мерей:
Оралдың өлкеме,
Жаңа жыл, армысың!
Оранды ақ көрпеге
Асқар тау, қарлы шың.
Анель:
Жарқырайды жан-жағым
Жаңа жылдық киіммен.
Жаңа жылдың сыйлығын
Жеңіп алғын өнермен.
Жансұлу:
Жаңа жылды қарсы алып,
Жасаймыз той жылда бір.
Жарқын-жарқын ән салып,
Жалғасады жырға жыр.
Ақжелең:
Безендіріп шыршаны,
Жыл қуантты баршаны.
Той-маскарад басталды,
Аяз оны басқарды.
Қоштасу және алғыс
Аяз ата: Ой, бәрекелді, балаларым! Әсем ән шырқап, би билеп, аталарыңды бір қуандырып тастадыңдар. Көп-көп рақмет! Енді Ақша қар екеуміз қайтайық. Баршаңызбен қоштасамыз. Сау болыңдар!
Ақша қар: Сау болыңдар! Келесі Жаңа жылда кездескенше!
Балалар: Сау болыңыздар!
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, балалар! 2019 жылғы Жаңа жылға арналған мерекеміз мәресіне жетті. Көріп тамашалағандарыңызға рақмет. Жаңа жыл құтты болсын!
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, №5 «Балғын» балабақшасы.
Тәрбиеші: Әлменова Ботакөз Ақылбекқызы.