Болашаққа жол ашар, Әліппең келді ортаға
Қош бол, құтты Әліппе!
Бұл ертеңгіліктің мақсаты — оқушылардың алған білімдерін тиянақтап, өз өнерлерін ата-аналарына көрсету, эстетикалық талғамдарын тереңдету және өзін-өзі басқару дағдыларын дамыту.
Мақсат
- Білімді бекіту және оқу жетістігін көрсету
- Өнер көрсету арқылы сенімділікті арттыру
- Эстетикалық талғамды тереңдету
- Өзін-өзі басқаруға баулу
Көрнекілігі
Талапқа сай безендірілген сахна, оқулықтар, «Әліппе», «Балдырған», «Айгөлек» макеттері және басқа да материалдар.
Ертеңгіліктің басталуы
Мұғалімнің құттықтауы
Құрметті ұстаздар, ата-аналар! Қоңыр күзде қоңырау үнімен алғашқы білім сабағына енген 1 «Ә» сынып оқушылары бүгін бір асудан асты. Алғаш рет қолдарына ұстап, әріп таныған «Әліппемен» қоштасуға арналған ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Ана тілінің ғажайып әлеміне бүлдіршінді жетелейтін, оқуға ұмтылыс сыйлайтын, бүкіл білім мен ғылымға бастайтын даңғыл жолдың басы — «Әліппе». Осы оқулықтан білім нәрін алған балғын бүлдіршіндерімізді қошеметпен ортаға шақырайық.
Алфавиттің басында «А» командир тұрады,
Басқалары қасында әріп санын құрады.
Кезегімен алаңда қатар түзеп барады,
Оқулықтан бір демде шықты — бәрі де.
Қатар бұзбай, бірі де қалады әлі, әлі де...
Оқушылардың алғашқы жыр-жолдары
1-оқушы
Армысыздар, аналар!
Бармысыздар, балалар!
Сөзіме құлақ салыңыз,
Бір серпіліп қалыңыз.
Әліппеге арналмақ
Бүгінгі жыр-әніміз.
2-оқушы
Жақсы білім — көрімдік,
Болсын бізге, халайық.
Не үйреніп, не білдік —
Кәне, ортаға салайық.
3-оқушы
Өтті оқу — сан сабақ,
Бүгін — үлкен салтанат.
Басқа оқулық достаспақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Қоштасу лебі
4-оқушы
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол —
Сауатты болып шықты, міне, балаңыз!
5-оқушы
Әліппе деген — алтын жол,
Апарады сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол —
Тырысып бақ намысқа.
Шағын сұрақ-жауап
Мұғалім: Іші толған әріпке, білімдегі жарық не?
Оқушылар: Болашаққа жол ашқан — ол сүйікті Әліппе.
Әліппенің сөзі
Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол ашар — Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың Әліппесін меңгерген,
Келешегі қазақтың басталады сендерден.
Таудай болса талабың — айтары көп әріптің,
Қуанышы баланың — қуанышы халықтың.
Балалар ертеңгілік барысында өз білімдерін тағы да көрсетеді. Ал қазір өздерінің іні-қарындастарын құттықтау үшін 3-сынып оқушылары келіп отыр. Ендігі сөз — соларға.
3-сынып оқушыларының құттықтауы
Мұғалім: Сенің нұрың сөнбесін, ашық аспан, жарық күн!
Келешегі сөйлесін қазақ деген халықтың!
Білім көрінісі: өлең, ой, өнер
Сауат ашудың қуанышы
6-оқушы
Оқуды көп ойладық,
Қызығына тоймадық.
Әріптерді үйреніп,
Сауат аштық — тойладық.
7-оқушы
Барлық әріп бағалы — айттық әділ бағаны.
Әріпсіз сөз болмайды, буын онсыз толмайды.
Адам барлық әріпті ардақтайды, қолдайды.
Ұстазға алғыс
8-оқушы
Ең алғаш алғанымда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді —
Ұстазым оның кілтін алып берді.
9-оқушы
Әліппем менің, Әліппем!
«А» деген бастап әріптен
Сөз құрап жаза бастадым,
Таңба танып, тақылдап мен.
Осылай алға аттадым,
Әр әріпті жаттадым.
Жаттаған сайын әріпті
Сөз құрап жаза бастадым.
Не үйрендік?
Мұғалім: Балалар, осы Әліппеден не білдіңдер, не үйрендіңдер?
Оқушылар: Оқуды, жазуды, мақал-мәтел айтуды, жаңылтпаштарды, жұмбақ жасыруды үйрендік.
Ойын: «Шыршаны безендіру»
Әліппе: Балалар, білімдеріңді ойын арқылы тексеріп көрейін. Алда қандай мереке келе жатыр?
Оқушылар: Жаңа жыл!
Жаңа жыл әсем шыршасыз өтпейтіні белгілі. Ендеше, қазір «шыршаны безендіру» ойынын ойнаймыз: әр дұрыс жауап — бір ойыншық.
- 1. Қазақ тілінде неше әріп бар?
- 2. Өзің білетін бір мақал айт.
- 3. Ырым-тыйым сөздерді білесің бе?
- 4. Оқуға, білімге шақырып өлең жазған қандай ақын аталарымызды білесің?
- 5. Қазақстан Республикасының рәміздерін ата.
- 6. Қазақстан Республикасының Президенті кім?
Көрініс кейіпкерлері: «Балдырған» және «Айгөлек»
Көңілді музыка ойналады. Сахнаға иығында қоржыны бар Балдырған мен Айгөлек шығады. Оқушылар хормен қуанышпен қарсы алады.
Балдырған
Рахмет, балалар! Бізді таниды екенсіңдер ғой.
Айгөлек
Сендердің мерекелеріңді естіп, арнайы келдік.
Балдырған: Бұрын сендерге үлкендер оқып беруші еді, енді өздерің де оқитын болыпсыңдар. Осының бәрін кім үйретті?
Оқушылардың жауабы:
— Әліппе — оқуға үйреткен әр күні,
— Мұғалім апай — анаңдай аяулы, мәпелеп өсірген,
— Үйретіп санауды көп еңбек сіңірген.
Мұғалім: Рахмет, балалар! Мәртебемді бір көтеріп тастадыңдар.
Әріптер шеруі
Енді өтілген әріптерге байланысты тақпақтар айтылады. Бұл бөлім балалардың тілдік қорын, дыбыстық мәдениетін және сахнадағы еркіндігін айқындайды.
Тақпақтар (үзінді)
А
А дегенің — ана ғой, ана деген — дана ғой.
Ә
Әжем әнге басады, әтеш ұйқы ашады.
Б
Б дегенің — бала ғой, жұмсаса апаң бара ғой.
Г
«Гу» деп алғаш бөбектер, гуілдейді ақырын.
Ғ
Ғалым ғылым ғасырды, ғ — білімге асырды.
Д
Дүлдүл аттар баптаған, Дәркенді жұрт мақтаған.
Е
Елге есті ер керек, ер жет өсіп ертерек.
Ж
Жасұланбыз, жастармыз, жарқын істер бастармыз.
З
Зауза ұшады зыңылдап, зымыранша зырылдап.
Қ
Қарқа қол бер, жасқа жол бер.
Л
Лашын биік самғайды, лашын көкті шарлайды.
М
Мақтанышым ұдайы — Маңғыстаудың мұнайы.
Сандар әлемі
Мұғалім: Балаларыңыз тек «Әліппені» ғана игеріп қойған жоқ. Математикамен танысып, сауаттанды. Ендеше сандар сырына көңіл бөлейік.
Жаңа дос: «Ана тілі»
Әліппе: Өзімнен бастау алатын, өздеріңе даңғыл жол салатын жаңа достарың — «Ана тілін» ортаға шақырайық.
Ана тілі
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі мерекелерің құтты болсын! Сендер барлық әріптерді танып, оқи алатын болыпсыңдар. Ендеше, бірнеше сұраққа жауап беріңдер:
- Таулары бар ең биік, даласы бар жерұйық — бұл қай ел?
- Төтеп беріп не сынға, қайыспаған ауырға, адал болып досына, бас имеген жауына — ердің аты кім?
- Ең алғаш қазақ әліпбиін кім жазды?
- Ең алғаш қазақ балаларына арналған мектепті кім ашты?
Ана тілі: Өте жақсы! Тәртіп пен білім — егіз. Тәртіп болмаған жерде білім де болмайды. Сондықтан ең алдымен тәртіпті болыңдар.
Оқушылар: Сабақты жақсы оқып, үлгілі оқушы боламыз деп ант береміз!
Қоштасу сәті
Әліппенің ақ батасы
42 әріпті игердің,
Әріптен буындап сөз тердің.
Ризамын, балалар, сендерге —
Рахмет айтар кез келді.
Оқушы
Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаң оқи, жаза білгенім —
Сауатты адам қатарына кіргенім.
Ұстаздың түйіні
«Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», — деп Абай атамыз айтқандай, бүгін Әліппе ұстап, санамақ ойнап тұрған бүлдіршіндер — ертең ел тізгінін ұстар азаматтар.
Білім негізі бастауышта қаланады. Осы балаларды алға сүйреп, білімнің де, өмірдің де шыңына жетелеу — біздің міндетіміз. Бүгінгі «Әліппені» аяқтап, жас ұрпақтың санасына білім сәулесін ұялатқан сәтте, ұстаз ретінде шәкірттерімнің балаң арман, сәби қиялдарына құлақ асқым келеді.
Бөлім: Оқушылардың арман-тілектері
(Әр оқушының арман-тілегі тыңдалады.)
Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Балалардың білімі құтты болсын. Денсаулығы мықты болсын. Білімдерін ары қарай дамытатын, ерінбейтін еңбекқор болсын!
Осы сөздермен бүгінгі ертеңгілігіміз аяқталады.