Мысалмен танысу
Сабақ тақырыбы: «Арыстан мен тышқан»
Бұл сабақта оқушылар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өнеге мен тәлімге толы «Арыстан мен тышқан» мысалымен танысады. Негізгі мақсат — шығарманың идеясы мен негізгі ойын түсініп, көркем мәтінді оқуға қызығушылықты арттыру.
Сабақтың типі
Жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың әдісі
Дамыта оқыту технологиялары.
Сабақтың түрі
Таным сабағы.
Нәтиже
Түсініп, мәнерлеп оқу дағдысы нығаяды; сыни ойлау, дәлелді сөйлеу қабілеті дамиды.
Сабақтың мақсаттары
Білімдік мақсат
Мысал жанрын таныстыру арқылы негізгі ойды, идеяны ұғындыру және көркем шығарманы оқуға қызығушылық қалыптастыру.
Дамытушылық мақсат
Ой-өрісті кеңейту; түсініп, мәнерлеп оқу дағдыларын нығайту; сын тұрғысынан ойлауды дамыту; өз ойын еркін айтып, дәлелді сөйлеуге үйрету.
Тәрбиелік мақсат
Мейірімділікке, қайырымдылыққа және жағымды қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Психологиялық дайындық.
- Қажетті құралдарын дайындау.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Үй тапсырмасы бойынша дайындық деңгейін анықтау үшін «Бағдаршам» ойыны қолданылады:
Жасыл
Жақсы дайындалған.
Сары
Дайындалған, бірақ өзіне сенімсіз.
Қызыл
Дайындығы жеткіліксіз.
Топтық тапсырмалар
- 1-топ: әңгіменің мазмұнын баяндайды.
- 2-топ: «Ғажайып жетілік» сұрақтарына жауап береді.
- 3-топ: «Араласып кеткен оқиғалар» тапсырмасын орындайды.
III. Жаңа сабаққа кіріспе
Сабақ басында адам бойындағы құндылықтар еске түсіріліп, олардың мағынасы талқыланады:
Мұғалімнің бағыттауы: бүгін біз адам бойындағы жақсы және жағымсыз қасиеттердің ара-жігін ашып көрсететін, өнеге мен тәлімге толы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Арыстан мен тышқан» мысалымен танысамыз.
«Тұлғаны танып біл» стратегиясы
Берілген суреттер ішінен автордың бейнесін тауып, ақын туралы білетіндерін ортаға салады. Одан кейін авторға арналған хронологиялық кесте толтырылады.
Топтық ой қозғау
- 1-топ: «Арыстан деген не? Ол туралы не білесіңдер?»
- 2-топ: «Тышқан деген не? Ол туралы не білесіңдер?»
- 3-топ: «Арыстан мен тышқанның ұқсастығы мен айырмашылығы қандай?»
Сөздікпен жұмыс
- Зиян
- Залал, зақым; кесірін тигізу.
- Азат
- Еркін; өз еркі өзінде; бостандықтағы.
Мысалмен танысу
- Мультфильм көрсету арқылы мәтін мазмұнына қызығушылық ояту.
- Мұғалімнің мәнерлеп оқуы.
- Рөлге бөліп оқу.
- Іштей оқу.
Нақты сұрақ — дәл жауап
- Мысалдағы оқиға кімдер арасында болды?
- Арыстан тышқанды не үшін өлтірмек болды?
- Тышқан қалайша өлімнен құтылды?
- Тышқан өз уәдесін қалай орындады?
- Бұл мысалдың мазмұнына қандай мақал-мәтелдер сәйкес келеді?
- Ақын осы образдар арқылы қандай адамдарды бейнелейді?
Мысал өлең дегеніміз не?
Мысал өлең — жан-жануарлар мен өсімдіктерге адамдық қасиет беріп бейнелеу арқылы адамдар арасындағы жағымсыз қылықтар мен іс-әрекеттерді сын тезіне алып, ой-пікірді астарлап жеткізетін оқиғалы өлең.
Дәптермен жұмыс
Анықтама: мысал — сатиралық сипаттағы, сықақ арқылы сын айтылатын, шағын көлемді шығарма.
Оқушылар анықтаманы дәптерлеріне жазады.