Жабайы аңдардың балаларын ата

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Бірлік ауылы — А. Иманов атындағы негізгі орта мектеп, шағын орта тобы.

Тәрбиеші: Темиртасова Бақытгүл Байжановна

Жабайы аңдар туралы әңгімелесу

Бұл сабақ балалардың жабайы аңдар туралы түсінігін кеңейтіп, олардың тіршілік ету ортасы мен қоректену ерекшеліктерін таныстыруға бағытталған.

Мақсаты

Әрбір аңның атауын дұрыс айтуға жаттықтыру және олардың тіршілік ететін ортасы туралы түсінікті бекіту.

Білімділік

  • Жабайы аңдар туралы түсініктерін тереңдету.
  • Түрлерін бір-бірінен ажыратып, дене мүшелерін дұрыс атауға үйрету.
  • Аңдардың төлдерінің атауларымен таныстыру.

Дамытушылық және тәрбиелік

  • Көрнекіліктер арқылы балалардың ой-өрісін дамыту.
  • Аңдарға сүйіспеншілік сезімін арттырып, қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Аралас сабақ.

Әдістері

  • Жаңа білімді меңгерту.
  • Видео көрсету.
  • Сұрақ-жауап арқылы баяндау.

Көрнекіліктер

  • Жабайы аңдардың суреттері мен ойыншықтары.
  • Орман макеті, үй жануарларының муляждары.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

1) Балалардың назарын табиғат құбылыстарына аудару

  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қыс мезгілі ауылымызда қанша айға созылады?
  • Бүгін ауа райы қандай?

2) Балалардың назарын сабаққа аудару

Жабайы аңдар туралы әңгімелесуге қызығушылық тудыру, сабақтың тақырыбы мен мақсатын қысқаша хабарлау.

II. Жаңа сабақты меңгерту

Жоспар: жабайы аңдар туралы әңгімелесу

Бүгінгі сабақта жабайы аңдар туралы сөйлесеміз: олар қайда мекендейді, немен қоректенеді, қандай түрлері бар және төлдері қалай аталады.

1-слайд: Жабайы жануарлар туралы жалпы түсінік

Жабайы жануарлар орманда, таулы өңірлерде және далада мекендейді. Олар өз қорегін өздері тауып, тіршілік етеді. Жабайы аңдарды шартты түрде жыртқыш және пайдалы деп бөлуге болады.

Аңдардың пайдасы

Кейбір аңдардың терісінен тон, жаға, бас киім сияқты бұйымдар тігіледі.

Немен қоректенеді?

  • Қасқыр мен жолбарыс өзінен кіші аңдарға шабады.
  • Түлкі ұсақ аңдармен және тышқандармен қоректенеді.
  • Қоян шөппен қоректенеді, сүйікті тағамы — сәбіз.
  • Аю жазда жеміс-жидек жейді, қыста ұйқыға кетеді.

2-слайд: Аю

Аюдың екі түрі бар: ақ аю және қоңыр аю. Ақ аю суда және мұзды аймақтарда тіршілік етеді, суға сүңгіп балық аулайды. Қоңыр аю тоғайда, орманда мекендейді, жеміс-жидек теріп жейді.

  • Қыста аю апанда ұйықтайды, көктемде қар ерігенше оянбайды.
  • Апанда жатып қонжығын туады.
  • Иіс сезуі жақсы дамыған, көбіне өсімдікпен қоректенеді, балды жақсы көреді.

Аюдың төлі — қонжық.

3-слайд: Қоян

Қоян — ең үркек аңдардың бірі. Қыста көбіне мая түбінде немесе ағаш қуыстарында паналайды. Қорегі — түрлі шөптер мен ағаш қабықтары. Қыста ақ түсті, жазда қоңыр түсті тонға ауысады.

Сәбіз бен қырыққабатты жақсы көреді.

Қоянның төлі — көжек.

4-слайд: Қасқыр

Қасқыр сыртқы келбеті жағынан итке ұқсайды. Ол — өте күшті, айлакер, қауіпті жыртқыш. Далада аң-құспен қоректенеді, ал үй жануарлары кездессе, ұстап қоюы мүмкін.

Қасқырдың төлі — бөлтірік.

5-слайд: Түлкі

Түлкінің түсі қызғылт, дене бітімі қасқырға ұқсас, бірақ тұмсығы ұзындау келеді. Терісі бағалы аң. Қазақтың атақты бас киімі — тымақ — көбіне түлкі терісінен тігіліп, кейде түлкітымақ деп аталады.

Қорегі: әртүрлі құстар, құс жұмыртқасы, кейде балық.

Түлкінің төлі — түлкішек.

6-слайд: Жолбарыс

Жолбарыс мысық тұқымдасына жатады. Өте күшті әрі жылдам жүгіретін жыртқыш аң. Денесінде сұрғылт реңк пен қара жолақтар болады, құйрығы ұзын. Қорегі — жануарлар мен аңдардың еті.

7-слайд: Арыстан

Арыстан да мысық тұқымдасына жатады. Ол — ең ірі әрі күшті жыртқыштардың бірі. Ертегілер мен аңыздарда оны «аң патшасы» деп атайды, яғни аңдардың ең мықтысы деген мағына береді. Қорегі — жануарлардың еті.

Талқылау сұрағы

Адамдар жабайы аңдарды жақыннан көру және танысу үшін хайуанаттар бағына барады. Сендер хайуанаттар бағына барғыларың келе ме?

III. Видео көрсету: «Хайуанаттар бағы»

Хайуанаттар бағы — үлкен бақ. Онда тек жабайы аңдар ғана емес, жануарлардың көптеген түрлері мен әртүрлі құстар арнайы орындарда ұсталады.

Сұрақтар

  • Хайуанаттар бағында жануарлар қайда тұрады?
  • Неліктен оларды торда ұстайды?

Түсіндіру

Кейбірі қауіпті жыртқыш болғандықтан, қауіпсіздік үшін арнайы қоршаулар қажет. Жануарларды адамдар тамақтандырады, күтеді, ауырса емдейді. Бұл үшін арнайы қызметкерлер жұмыс істейді.

Ертегілер мен мультфильмдерде аңдар мейірімді болып көрінуі мүмкін. Бірақ олар табиғатында — жабайы аңдар. Сондықтан жыртқыш екен деп оларды көп аулауға болмайды: саны азайып кетуі мүмкін.

IV. «Кім жылдам?» ойыны

Балаларға үлестірме қағаз таратылады. Тапсырма: жабайы аңдарды олардың төлдерімен сызық арқылы сәйкестендіру.

V. Қорытындылау

Сұрақ-жауап

  • Орманда қандай аңдар өмір сүреді?
  • Олар немен қоректенеді?
  • Дала жануарлары мен үй жануарларының айырмашылығы неде?
  • Қыста қай жануар орманда ұйықтайды?
  • Қай жануар ең үркек?
  • Жабайы аңдардың төлдерін ата.

VI. Балаларды марапаттау

Сабаққа белсенді қатысқан балаларды мадақтау, жауаптарын бағалау, ынталандыру.

Күтілетін нәтиже

Білуі

Аңдарды бір-бірінен ажырата білу.

Меңгеруі

Жабайы (әсіресе жыртқыш) аңдар туралы толық мағлұматты меңгеру, төлдерінің атауларын есте сақтау.

Жасай алуы

Көру, есту, түсіну арқылы өз бетінше әрекет жасап, тапсырмаларды орындау.