Ойыншылар таусылғанға дейін

Сабақ туралы

Пән / сынып
Дене тәрбиесі, 6-сынып
Тақырып
Көңілді старттар және ұлттық ойындар
Сабақтың типі
Жаңа білімді қалыптастыру сабағы
Сабақтың әдісі
Жеке және топтық жұмыс, жан-жақты түсіндіру

Сабақтың мақсаттары

Теориялық

Ойын түрлерін, мазмұнын, ережелерін және ерекшеліктерін меңгерту.

Дамытушылық

Өзіндік шұғылдануға қажеттілік пен қабілеттілікті арттыру.

Тәрбиелік

Ойындардың тәрбиелік мәніне назар аударту, ынтымақтастық пен тәртіпті нығайту.

Құрал-жабдықтар

  • Ысқырық
  • Доптар
  • Қаптар
  • Кеглилер
  • Орындықтар
  • Сақина
  • Арқан

Сабақтың құрылымы

Кіріспе бөлім

Оқушыларды сапқа тұрғызу, сыныпты түгендеу, мәлімет қабылдау. Оңға, солға және кері бұрылу жаттығуларын орындау.

Ұйымдастыру

Дайындық кезеңі

Қозғалмалы бой жазу

  • Қолды жоғары ұстап, аяқ ұшымен жүру.
  • Екі қол белде, өкшемен жүру.
  • Екі қол белде, аяқтың ішкі және сыртқы қырымен жүру.
  • Бірқалыпты жеңіл жүгіру.
  • Тіркеме адыммен оң және сол бүйірмен жүгіру.
  • Арқаны алға қаратып, оң иық арқылы қарап жүгіру.
  • Алға созылған алақанға екі тізені тигізе жүгіру.
  • Алақанға аяқтың ішкі және сыртқы қырын тигізе жүгіру.
  • Өкшені артқа көтеріп, екі алақанға тигізе жүгіру.
  • Екі қол тізеде, толық отырып жүру.
  • Отырып секіре жүру.
  • Дем алу, дем шығару.

Саптағы бой жазу

  • Саппен келіп, бірнеше қатарға тұру.
  • Қол белде: басты оңға және солға айналдыру.
  • Қол иықта: шынтақты алға және артқа айналдыру.
  • Қолды алға созып: кезек-кезек айқастыру.
  • Бір қол белде, бір қол жоғары: оңға және солға кезекпен иілу.
  • Екі қол екі жаққа: оң қолды сол аяққа, сол қолды оң аяққа кезекпен тигізу.
  • Алға қадам жасап, тізені бүгіп: екі қолды тізеге қойып, төмен басылып қайта бастапқы қалыпқа келу.
  • Қол алға: екі аяқты кезекпен жоғары көтеру.
  • Қол белде: отырып-тұру.
  • Екі қол тізеде: тізені ішке және сыртқа айналдыру.
  • Дем алу, дем шығару.

Негізгі кезең: «Көңілді старттар» және ұлттық ойындар

Қашықтық: 10–15 м

Доппен жарысу

Сынып екі командаға бөлінеді. Белгі бойынша бірінші ойыншылар допты баскетболдағыдай алып жүріп, жалаушаны айналып келіп, допты келесі ойыншыға мәре сызығында береді. Доп түсіп кетсе, сол жерден жалғастырылады. Белгі берілмей алаңға шығуға болмайды.

Мақсаты: мәреге бірінші жетуге ұмтылу арқылы жылдамдықты дамыту.

Допты түсірме

Екі команда. Бірінші ойыншы допты екі тізесінің арасына қысып алып, жалаушаны айналып келуі керек. Барлық ойыншы орындап шыққанша жарыс жалғасады.

Қап киіп жарысу

Екі команда. Белгі берілгенде бірінші ойыншылар екі аяғын қапқа кигізіп, қаптың жоғарғы жағын екі қолымен ұстап, секіре жүгіріп жалаушаны айналып келеді. Команда толық аяқтағанша ойын қайталана береді.

Жеңіс шарты: тапсырманы бірінші болып толық аяқтау.

Кім жылдам

Екі команда. Бірінші ойыншы кері бұрылмай допты басынан асырып келесі ойыншыға береді де, саптың соңына өтеді. Доп ойыншылар арасында осылайша беріле береді. Бастапқы ойыншы өз орнына қайта келгенге дейін ойын жалғасады.

Көп болып жүгіру

Екі команда бір уақытта қатысады. Сөре сызығынан 10–15 м жерде айналып қайтатын белгі қойылады. Белгі бойынша бірінші ойыншы жүгіріп барып белгі айналып келеді де, келесі ойыншының қолынан ұстайды. Екеуі бірге жүгіріп барып қайтады, кейін үшінші ойыншы қосылады. Соңында бүкіл команда қол ұстасып бірге жүгіріп шығады.

Жеңіс шарты: ережені бұзбай бірінші болып аяқтау.

Бір топ үйрек

Ойыншылар бір қатарға тұрып, тізені сәл бүгіп, қолдарын тізелерінің артынан біріктіріп ұстайды. Белгі берілгенде қол мен аяқ қалпын өзгертпей жалаушаны айналып келеді.

Тақия тастамақ

Балалар шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңберді айнала жүгіріп, бір ойыншының артына білдіртпей тақия тастайды. Тақия тасталғанын сезген ойыншы жүргізушіні қуып жетуге тырысады, ал жүргізуші оның орнына тұрып қалуға ұмтылады. Қуып жете алмаған ойыншы айыбын өтеп, өнер көрсетеді.

Орындықтар айналасында

Спортзалдың ортасына бір-біріне түйістіріп 4 орындық қойылады. Алдымен 5 оқушы шығады. Белгімен ойыншылар орындықты айнала жүгіреді, қайта белгі берілгенде орындыққа отырып үлгеруі тиіс. Үлгермеген ойыншы ойыннан шығады, орнына басқа ойыншы қосылады. Кейін орындықтар біртіндеп алынады.

Жеңіс шарты: соңғы қалған орындыққа бірінші болып отыру.

Сақина жасыру

Басқарушы және сақина іздейтін кезекші белгіленеді. Қалған ойыншылар дөңгелене отырып, алақандарын ашып тізесінің үстіне қояды. Жүргізуші сақинаны әр ойыншының қолына «кіргізіп» өтіп, біреуіне қалдырады. Содан соң: «Сақинам кімде?» деп сұрайды. Кезекші дұрыс тапса, сақина жасырған ойыншымен орын ауыстырады; таппаса, өлең айтып, би билеп немесе өзге өнер көрсетеді.

Арқан тартыс

Ұзындығы 8–10 м арқан дайындалады. Арқанның ортасына байланған қызыл мата едендегі ортаңғы сызыққа дәл келтіріледі. Екі команда арқанды белгісінен бастап ұшына дейін екі қолдап ұстайды. Белгі бойынша екі жаққа тартады.

Мақсаты: қарсылас команданың ойыншысын ортаңғы сызықтан өз жағына тартып шығару. Ортаңғы сызықтан өтіп кеткен ойыншының командасы жеңіледі.

Ескерту: барлық ойындарда қауіпсіздік ережелері сақталады, белгі бойынша бастау міндетті, тапсырма эстафеталық тәртіппен орындалады.

Қорытынды кезең

  1. 1Сабақты қорытындылау.
  2. 2Оқушыларды бір сапқа тұрғызып, тыныс алуды қалпына келтіру.
  3. 3Үй тапсырмасын беру.
  4. 4Оқушыларды бағалау.
  5. 5Қоштасу.
  6. 6Оқушыларды бір саппен спорт алаңынан немесе залдан шығару.