Жеңіс тойын қарсы алам
Залдың безендірілуі және ашылуы
Зал мерекеге сай әсем безендірілген. Балалар «Көк тудың желбірегені» әнімен қолдарына туларын ұстап залға кіріп, шеңбер жасап тұрады.
Жылулық шеңбері: тілек айту
- Күніміз жарық болсын!
- Аспанымыз ашық болсын!
- Көк туымыз биік болсын!
- Нанымыз көп болсын!
- Елімізде тыныштық болсын!
- Бейбітшілік болсын!
Балалар қолдарындағы шарларын аспанға жібереді.
Жеңіс күніне тағзым
Жүргізушінің сөзі
1941 жылы тұтқиылдан сұрапыл соғыс басталды. Соғысқа миллиондаған адам аттанды. Сол жылдары аталарымыз бен апаларымыз Отан қорғауда ерен ерліктер көрсетіп, ел жадында мәңгі қалды. Биыл Жеңіс мейрамын 68-рет атап өтеміз.
Қара бұлтқа оранбасын күн көкте,
Барлық халық бейбіт өмір сүрмекке.
Отанымның бақыты үшін мерт болған,
Батырларды есіңе ұста, құрметте.
Енді осы сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп қаза тапқан батыр аталарымыз бен аналарымызды еске алып, бір минут үнсіздік жариялайық.
Мирас оқитын өлең
Көшеде тулар самғаған,
Көктемнің қызыл гүліндей.
Жеңіс тойын қарсы алам,
Өзімнің туған күнімдей.
Бүгін мейрам салтанат,
Бүгін халық алаңда.
Кешке салют! Анталап,
Тамашалар адамдар!
Батырларды еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылады. Ерасыл мен Әлихан гүл қояды.
Балабақшамен қоштасу мерекесі
Жүргізушінің құттықтауы
Армысыздар, құрметті қонақтар, ата-аналар, әріптестер және бүгін балабақшамызбен қоштасқалы отырған бүлдіршіндер! Бүгін бізде үлкен мереке: кеше ғана балабақша табалдырығын тәй-тәй басып келген кішкентайларымыз енді балабақшамен қоштасып отыр.
Бүгінгі «Қош бол, сүйікті балабақшам!» атты ертеңгілікті тамашалаңыздар.
Құттықтау сөз балабақша меңгерушісі Жұбаева Әсем Дәулетханқызына беріледі.
Ақ жол тілегі (жүргізуші)
Бізге сыйлап сыңғырлаған күлкіңді,
Сәбилерім, жүздеріңде нұр тұнды.
Бізден ұшып, қанат қағып есейдіңдер —
Өздеріңмен қоштасатын күн туды.
Бізден ұшып, талмай қанат қағыңдар,
Жүректерден арман отын жағыңдар.
Жақсы оқып алтын ұя мектепте,
Бұл өмірден бақыт жолын табыңдар.
Бәріңді де сәбиім деп сүйетін,
Өздеріңді сағынып біз жүрейік.
Құтты болып қадамдарың аттаған,
Біз сендерге сәтті сапар тілейік!
Ән:
«Біз тәртіпті баламыз»
Балалардың тақпақтары
Ақ тілекті ағытып, қоштасу кешімізді бастайық. Жүздеріңнен шаттық арайы кетпей, әр күнің жарқын өтсін!
Айкен
Біз бақытты баламыз,
Жетіліп ой-санамыз.
Бақшамызбен қоштасып,
Мектепке кетіп барамыз.
Бұл күндерді қиялдап,
Сағынамыз әлі-ақ біз.
Ерасыл
Біз сабақты бастаймыз,
Қайталаудан аспаймыз.
Есептен де қашпаймыз,
Жазуды енді бастаймыз.
Малика
Ойыншықты жинаймыз,
Бөбектерге сыйлаймыз.
Оқу-білім үйреткен,
Өзіңізді қимаймыз.
Алты жасқа толамыз,
Қуантып ата-ананы —
Мектепке кетіп барамыз.
Жүргізушінің батасы
Мектепке енді барыңдар,
Үлгілі бала болыңдар.
Жақсы оқып сабақты,
Кілең бестік алыңдар.
Көк жүзінде самғаңдар,
Тауды бұзып, тас жарып,
Мұхиттарды жалғаңдар.
Күллі әлемді шарлаңдар,
Ғарышқа да самғаңдар.
О, жарандар, жарандар,
Қане, мұнда қараңдар!
Би:
Салтанатты би
Көңілді көрініс: Жалмауыз кемпір
Жүргізуші
Балалар, қазір тағы бір қызық болайын деп тұр. Біреу келе жатқан сияқты.
Жалмауыз кемпір
Иә, иә… Балалар мені күтіп жүрген шығар. Мендей әдемі, сұлу кемпірді күтпегенде кімді күтеді?
Менімен амандасқыларың келіп отыр ма? Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Самал жел маған хабар әкелді: сендер мектепке барады дейді. Солай ма? Қартайдым, құлағым да дұрыс естімейді… Барасыңдар ма мектепке?
Ой, неге сонша айқайлайсыңдар? Мені керең дейсіңдер ме?
Ә-ә, барайын деп жүр екенсіңдер ғой. Кім сендерді мектепке жібереді екен? Мен, мыстан кемпір, оған қарсымын!
Қоңырау туралы диалог
Жүргізуші: Бұл — қоңырау. Сыңғырлап сабаққа шақырады, сабақ біткенде тағы сыңғырлап үзіліс басталғанын білдіреді.
Жалмауыз: Алақай! Үзілісте күліп-ойнап, жүгіріп, бұзық болуға болады!
Ән (Жалмауыз кемпір):
Мен әдемі кемпірмін,
Зейнетақы аламын.
Мектеп деген «бәледен»,
Тонымды алып қашамын.
Оқымай-ақ, балалар,
Пенсияға шығыңдар.
Ұйқың қанып тұрасың,
Ойын-сауық құрасың.
Жүргізушінің түйіні
Бұл кемпір зейнетке шыққан екен, сендерге де «солай жаса» деп тұр. Бірақ олай болмайды: балалардың бар өмірі алда. Олар мектепке барады, жақсы оқиды, ертең әрқайсысы бір мамандық иесі болады.
Сіз ондай үгіт айтқанша, біздің балалардың өнерін тамашалаңыз.
Орындайтын: Ардаққызы Айкен
Ескерту
Бұл мәтін мерекелік шараға арналған сценарий ретінде өңделіп, тыныс белгілері мен емлесі түзетілді.