Сым кәптеу

Жезқазған қаласы

Жалпы білім беретін №10 орта мектебі

Технология пәнінің мұғалімі: Ниязбеков Қайрат Абдыкариевич

Пән
Технология
Сынып
5-сынып
Сабақ түрі
Сарамандық жұмыс (сыммен жұмыс)

Сабақтың тақырыбы

Сыммен жұмыс: сымды ию, майыстыру және түзету тәсілдері.

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға сым туралы түсінік беру; сымды ию, майыстыру, түзету сияқты негізгі әдіс-тәсілдерді үйрету; эстетикаға баулу.
  • Сыммен жұмысқа арналған құрал-саймандар мен жабдықтарды дұрыс пайдалану дағдыларын дамыту.
  • Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтауға тәрбиелеу.

Қажетті көрнекіліктер мен жабдықтар

  • Сым және оның түрлері (болат, алюминий, мыс және т.б.).
  • Сыммен жұмысқа арналған құрал-саймандар: қысқыш, атауыз, балға, тақтайша, тістеуік.
  • Сымды түзетуге арналған жабдықтар, суреттемелер мен плакаттар.

Қолданылатын әдіс-тәсілдер

Сұрақ–жауап Түсіндіру Сарамандық жұмыс Ой қиялға үңілу

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Оқушыларды түгендеу және белгілеу.
  • Сабаққа дайындықты бақылау, құрал-жабдықтарды тексеру.

2) Өтілген сабақты пысықтау

Қайталау сұрақтары:

  • Металдар деген не?
  • Шойын мен болаттың айырмашылығын атаңдар.
  • Түсті металдар туралы не білесіңдер?
  • Сым дегеніміз не?
  • Сымның қандай қажеттілігі бар?

3) Жаңа тақырыпты түсіндіру

Өндірістегі ерекшелік

Зауыттарда сым көбіне орам түрінде шығарылады. Қажетті дайындамалар ұзыннан арнайы өлшеп кесіп алынады. Бұйым жасау үшін ең алдымен сымды түзетіп алған дұрыс.

Көрнекілік арқылы түсіндіру

Сымды түзету тәсілдері суреттемелер мен плакаттар арқылы көрсетіледі. Арнайы жабдықтарды пайдалану арқылы түзету әдістері таныстырылады.

Қауіпсіздік

Сыммен жұмыс барысында құралды дұрыс ұстау, көзді және қолды қорғау, жұмыс орнын таза ұстау сияқты негізгі қауіпсіздік ережелері қысқаша түсіндіріледі.

Негізгі операциялар

Оқу шеберханасында әдетте диаметрі 0,5 мм-ден 5 мм-ге дейін әртүрлі сымдар қолданылады. Негізгі операциялар: түзету, кесу, ию/майыстыру.

Кесу

Кесу кезінде ұзындығы 110–250 мм, еріндерінің жалпақтығы 15–40 мм болатын кескіштер қолданылады. Қатты, жуан сымдарды кескішпен немесе зубиломен шапқылап кесуге болады (плита, төсегіш, жұмсақ металл төсем қолданылады). Кейде егеумен із салып, кейін сындырып бөлу тәсілі де пайдаланылады.

Түзету

Сымды плитаның үстіне қойып балғамен түзетеді. Егер сым жұмсақ болса, ағаш балғамен ұру қауіпсіздеу. Жіңішке әрі икемді сымдарды жұмыр ағаш/металл өзекке орап жазу, екі жалпақ ағаштың арасынан ысқылап өткізу, немесе бір түзудің бойына қағылған шегелердің арасынан өткізу арқылы түзетуге болады.

Ию (майыстыру)

Ию жұмыстары атауыз, қысқыш сияқты құралдар арқылы орындалады. Сондай-ақ сымды әртүрлі пішіндегі дайын қалыптарға салып июге болады. Тәсілдер мысалдар арқылы көрсетіліп түсіндіріледі.

4) Сарамандық жұмыс

Тапсырма

Сымнан көгершін бейнесін иіп жасау (бейбітшілік құсы).

Орындау кезеңдері

  1. 1 A4 қағазына көгершіннің сұлбасын салып, негізгі нүктелерін белгілеу.
  2. 2 Сымды сұлбаның үстіне қойып, сызық бойымен дәлдеп ию.
  3. 3 Дұрыстығын тексеріп, пішінін нақтылау.
  4. 4 Дайын бейнені қатты негізге желіммен немесе басқа тәсілмен бекіту.
  5. 5 Әртүрлі сәндік сымдармен көркемдеп аяқтау.

5) Сабақты қорытындылау

Оқушылардың жұмыстарын салыстыра отырып, орындалу сапасын талдау: дәлдік, беріктік, ұқыптылық және эстетикалық көркемдеу. Қосымша сұрақтар қойылып, оқушылар бағаланады.

Шеберхананы жинастыру: құрал-саймандарды орнына қою, жұмыс орнын тазалау, дайын жұмыстарды мұғалімге тапсыру, келесі сабаққа тапсырманы жазып алу.

Үй тапсырмасы

Өз қиялың мен ойың бойынша сымнан әртүрлі бұйымдар жасап көру және орындау тәсілдерін жаттықтыру.