Көркем әдебиет стилінің қолданылуы

Атырау қаласы, Жаңаталап селосы

Жамбыл атындағы орта мектеп

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Умарова Айнұр Камиевна

Сынып
9-сынып
Пән
Қазақ тілі
Сабақ түрі
Аралас сабақ
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, шығармашылық ізденіс

Сабақ тақырыбы: Ауызекі сөйлеу стилі

Сабақтың мақсаты

  • Қазақ тіліндегі ауызекі сөйлеу стилі туралы түсінік беру және оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру.
  • Түрлі әдістер арқылы тапқырлықты, жылдам ойлауды және есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Оқушылардың білімін бақылау арқылы сауатты жазуға дағдыландыру.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгендеу.
  • Оқу құралдарын тексеру, сынып тазалығына көңіл бөлу.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

2) Үй тапсырмасын пысықтау

Үй тапсырмасы бойынша сұрақтар қойылады:

  • Стиль дегеніміз не?
  • Тіл стильдері нешеге бөлінеді?
  • Кітаби тіл стилі өз ішінен нешеге бөлінеді?
  • Көркем әдебиет стилі қай кезде қолданылады?
  • Ресми іс қағаздар стилі қай жерде қолданылады?
  • Ғылыми стильдің қолданылу аясы қандай?
  • Публицистикалық стиль қай кезде қолданылады?

3) Жаңа сабақты түсіндіру

Күнделікті қарым-қатынас көбіне ауызекі тілдесу арқылы жүзеге асады. Ауызекі сөйлеу барысында сөйлеушінің мақсаты, тілдік құрылымдары және қолданыс ерекшеліктері айқын байқалады.

Ауызекі сөйлеу стилі: негізгі белгілер

Мақсаты

Кеңесу, көзбе-көз тілдесу, пікірлесу, ой бөлісу.

Қолданылу аясы

Еркін әңгіме-сұхбат, дауласу, көпшілік алдында сөйлеу.

Стильдік сипаты

Сөздер мен сөз тіркестерін еркін қолдану, даярлықсыз сөйлеу, ым-ишараны пайдалану.

Синтаксистік ерекшелігі

Сұраулы, лепті, толымсыз, риторикалық сұраулы сөйлемдер жиі қолданылып, сөйлеу диалогқа құрылады.

Тілдік амал-тәсілдері

Лексикалық ерекшеліктер

Қарапайым және бейтарап сөздер, диалект сөздер, кәсіби сөздер, ауыспалы мағынадағы бейнелі сөздер еркін қолданылады. Сондай-ақ метонимия мен эвфемизмдер де кездеседі.

Фонетика-морфологиялық ерекшеліктер

Кей дыбыстарды түсіріп айту, оқшау сөздер арқылы эмоциялық-экспрессивті реңк беру, қысқарған сөздерді қолдану байқалады.

Синтаксистік ерекшеліктер

Диалогтық құрылым басым болады; сөйлемдер қысқа, кейде толымсыз келеді. Сұраулы және лепті сөйлемдер жиі ұшырасады.

Көркем әдебиеттегі қызметі

Ауызекі сөйлеу стилінің белгілерін жазушылар көркем әдебиетте кейіпкердің бейнесін ашу, мінезін таныту мақсатында әдейі қолданады.

«Ананы қара, аузы аңқайып кетіпті. Жоғарғы ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп деген осыған айтылған сияқты».
Мысал сөйлем

Жаттығулар мен тапсырмалар

Жаттығумен жұмыс: 22-жаттығу

Мәтінді оқып, стиль түрлерін анықтаңдар.

Талдау жұмысы: «Томар» сөзі

  • Бірыңғай жуан буынды сөз.
  • Т — қатаң дыбыс.
  • Екі буыннан тұрады (ашық, бітеу).
  • О — жуан, еріндік, ашық.
  • Буын үндестігі сақталған.
  • М, Р — үнді дыбыстар.
  • Тасымалы: то-мар.
  • А — жуан, ашық, езулік; екпін соңғы буында.

1-тапсырма

Сөйлемдерді ауызекі сөйлеу стилінің белгілеріне қарай талдаңдар.

Ол кезде біз Сұлутөрдің Қосарық деген жерінде тұратынбыз. Бұлай деп кім, қашан қойып жүргені бізге беймәлім. Бірақ әр жерде бір тапал тамдардың арасымен ирелеңдеп ағып жататын арық бар болатын. Неше жылдар бойына су шайып, мүжіле-мүжіле арнасының екі жиегі биіктеп, жарқабақтанып кеткен.

2-тапсырма

Өлең жолдарын ауызекі сөйлеу стилінде түсіндіріңдер.

Бақыт деген — сенің бала күндерің.

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,

Бақытыңды да, басқаны да білмеуің,

Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім:

Бақыт деген — бірде шаттық, бірде мұң.

Бақытты сол — тәрік етіп түндерін,

Бақыт іздеп азаптанса кімде-кім.

Қорытынды бөлім

Білімді бекіту

Өткен тақырыптар бойынша сұрақтар қойылып, түсінбеген тұстарға түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Үй тапсырмасы

  • Тақырыпты оқу.
  • Ауызекі сөйлеу стиліне қатысты көркем әдебиеттен 5 сөйлем жазып келу.
  • 27-жаттығу.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі мен жауаптарының сапасына қарай білімдері «күлегештер» арқылы бағаланады.

Ескерту: Қажет болса, сабаққа қатысты слайд материалдары жүктеледі.