Ойша жазу диктанты

Алғы сөз

Оқушылардың жазбаша сауатын жетілдіретін жұмыстардың маңыздысының бірі — диктант. Жазба жұмыстарға, соның ішінде диктантқа, бірінші сыныптан бастап ерекше көңіл бөлген дұрыс. Оқушыларды буын, терме, сөздік, көру, қатеден сақтандыру және бақылау диктанттарының түрлерімен ерте таныстырып, жүйелі түрде үйрету қажет.

Диктант — орфографиялық және пунктуациялық дағдыны тексерудің әрі қалыптастырудың тиімді құралы. Диктант түрлері мұғалімнің алдына қойған мақсатына қарай таңдалады. Оқушының сауатты жазуы, шығармашыл ойлауы, көркем жазуы және өтілген ережені меңгеруі орындалған тапсырмадан анық көрінеді. Бұл, өз кезегінде, жекелеген оқушылармен жұмысты қалай ұйымдастыру керектігін нақтылауға көмектеседі.

Бастауыштан орта буынға өткен оқушы келесі сатыға қиындықсыз бейімделсін десек, сауатты оқушы дайындауда диктант жұмыстарын тиімді қолдануымыз керек.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай құрастырылған бұл диктанттар жинағын әріптестеріме ұсынамын.

Диктанттың түрлері

Мақсатқа сай іріктеледі

1) Сөздік диктант

Сөздер мен сөз тіркестерінен тұрады. Өтілген ережеге сәйкес беріледі.

2) Таңдамалы диктант

Өтілген ережені бекіту мақсатында жүргізіледі. Оқушылар мұғалім оқыған мәтіннен ережеге сәйкес сөздерді немесе сөз тіркестерін теріп жазады.

3) Көру диктанты

Диктант мәтіні тақтаға жазылады. Оқушылар мәтінді өздері оқып, ережеге сай келетін сөздерді байқайды. Мұғалім мәтінді оқып береді, содан кейін мәтін жабылады. Оқушылар жазып болған соң мәтін қайта ашылып, өз жазғандарын түпнұсқамен салыстырып тексереді.

Көру диктанты әсіресе ережеге бағынбайтын сөздерді меңгертуде тиімді.

4) Ойша жазу диктанты

Оқушылар мазмұнды мәтінді оқып, жаттап, ережеге қатысты сөздерді түсінгеннен кейін, есінде қалғанын ойша жазып береді. Кейін дәптердегі жазғандарын тақтадағы мәтінмен салыстырып тексереді.

5) Сақтандыру диктанты

Ережелерді есте сақтау және қайталау мақсатында жүргізіледі. Мұғалім мәтінді оқиды. Тақтаға шыққан оқушылар ережеге сәйкес сөздерді түсіндіріп, тақтаға жазады. Сөздердің асты сызылып, дұрыс жазылуы алдын ала ескертіледі.

Әдетте күрделі ережелер өткеннен кейін қолданылады.

6) Түсіндірмелі диктант

Оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге жетелейді. Тақырып жақсы меңгерілгеннен кейін өткізіледі. Мұғалім мәтінді оқиды, оқушылар қайталап дәптерлеріне жазады. Мәтін жеңіл әрі мазмұны есте сақталатындай болуы тиіс.

Өткізу тәртібі: мұғалім мәтінді толық оқиды, негізгі ойды бөліп көрсетеді, мазмұнын ауызша әңгімелеп береді, кейін мәтінді бөлім-бөліммен қайта оқиды. Оқушы мәтін бойынша 3–5 сөйлем жазады. Бұл кезде мұғалім мәтіндегі басты ойдың дұрыс берілгенін қадағалайды.

Бұл түрі сауатты жазуға, грамматикалық формаларды дұрыс қолдануға және жазу тілінің дамуына ықпал етеді.

7) Бақылау диктанты

Үлкен орфографиялық тақырып аяқталғаннан кейін жазылады. Мәтінде өтілген ережеге қатысты материалдар беріледі, қосымша 1–3 грамматикалық тапсырма қосуға болады.

Қорытынды бақылау жұмыстары тоқсанның бірінші күніне, мерекеден кейінгі күнге және дүйсенбіге жоспарланбайды.

8) «Керек сөзді түсіндіру» диктанты

Бұл тәсіл арқылы оқушылардың тақырыпты қаншалықты түсінгені анықталады. Оқушылар орфографиялық және грамматикалық талдау жасауға дағдыланады. Соңында мәтін тексеріледі.

9) Көшіріп жазу диктанты

Оқушыларды қате жібермеуге, сөйлемді және оның бөліктерін толық көруге үйретеді. Алдымен оқушылар мәтінді тақтадан оқиды, өтілген ережелерге байланысты сөздерге түсінік береді, кейін мәтінді көшіріп жазады. Соңынан жазғандарын тексеріп шығады.

Көшіргенде жеке сөздерді емес, толық сөйлемді көшіруін қадағалау маңызды.

10) Шығармашылық диктант

Үйретуші, түсіндірмелі немесе сақтандыру мақсатында жүргізіледі. Ерекшелігі — оқушылар сөз тіркестерін қолданып, мәтін құрастырады. Мұндай жұмыс өз бетімен әрекет етуге, ойды жүйелеуге, сөздік қорды дамытуға және өткен материалды қайталауға ықпал етеді.

Біртіндеп күрделенгені дұрыс: алдымен сөздерден сөйлем құрау, сөйлемді бастау/аяқтау, тірек сөздер арқылы сюжетке сай сөйлем құрату. Алғашқы үлгілер ұжымдық талқылаумен орындалуы мүмкін.

11) Еркін диктант

Оқушылар бір ойды білдіретін бірнеше сөйлемнің мазмұнын есте сақтап, оны өз сөздерімен жеткізе алады. Кей сөздерді алмастырып, сөйлем құрылымын өзгертуге рұқсат етіледі, бірақ өтілген тақырыпқа сай сөздер қолданылуы керек.

Диктант мәтіндері (үлгілер)

Тәуелсіздікті ардақтайық

50 сөз

Биыл біздің тәуелсіз ел болғанымызға жиырма жыл толды. Бұл аз мерзім емес. Қанша уақыт өтсе де, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен ерлердің ерлігін ұмытпауымыз керек. Себебі біз солардың арқасында азат, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Ендеше, ағалардың қанымен келген тәуелсіздігімізді ардақтап, оны мәңгі сақтайық.

Желтоқсан жаңғырығы

38 сөз

Желтоқсан оқиғасына уақыт пен тарихтың өзі оң бағасын берді. Мәселен, Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Көтеріліске қатысқан өзге де ерлердің атында көшелер мен мектептер бар. Ел олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды. Желтоқсан — ерліктің, өрліктің қанымызға біткен белгісі.

Астана — әсем қала

54 сөз

Астана қаласы — қазақ елінің астанасы. Күн сәулесіндей жарқыраған әсем қаламыздағы «Бәйтерек» монументі мен өзге де ескерткіштер келушілерге тарихымыздан сыр шерткендей әсер қалдырады. Биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланады. Оған дейін талай нысан салынып, бас қаламыз одан әрі көркейеді деп сенемін. Бұл — еліміздің дамуына өлшеусіз еңбек еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамаларының нәтижесі. Жасай бер, қазағымның жас қаласы!

Ескерту

Бұл материал бастауыш сыныптарға арналған диктанттар жинағы ретінде мұғалімдерге көмекші құрал қызметін атқарады.

Жинақ 2–4 сынып Қазақ тілі Диктант түрлері