Киіз үйдің сүйектерін ата

Сыныбы

6-сынып (алтыншы)

Сабақтың тақырыбы

Киіз үй және оның жасауы

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: киіз үй және оның жасау-жабдықтары туралы түсінік беру.
  • Тәрбиелік: сабақ барысында халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған құнды тәжірибесі мен қолөнерін оқушы бойына сіңіру; ұлттық қолөнерді қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, танымдық қабілетін арттыру және ұлттық өнер туралы білімін кеңейту.

Сабақ туралы

Сабақтың типі
Жаңа сабақ
Сабақтың түрі
Аралас сабақ (ойын)
Сабақтың әдісі
Түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгіме, тарихи деректер

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Киіз үй және оның жасауларының суреттері (слайд)
  • Тірек-сызбалар
Ұлттық мұра Қолөнер Сәулет Таным

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу
  • Оқушыларды түгендеу
  • Сабаққа дайындығын тексеру

II. Үй тапсырмасын пысықтау

«Кім тапқыр?» ойыны арқылы жасырын сұрақтарға жауап береміз.

  1. Киіз кілемдерді дайындауға пайдаланылатын негізгі материал: қой жүні.
  2. Сырмақ дегеніміз не? Киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш.
  3. Тоқыма кілемнің неше түрі бар? Екі түрі бар: тақыр кілем және түкті кілем.
  4. Тұскиіз дегеніміз не? Аппликацияланған, безендірілген, кестеленген қабырға кілемі.
  5. Тұскиіз неден жасалады? Барқыттан, жібектен, мауыттан, мақта матадан.
  6. Кілем оюларында қандай формалар басым? Ірі бойтұмар, жапырақ, гүл тізбектері, гүлдер, гүлшанақ, тауық қауырсыны формалары.
  7. Қазақ ұлттық кестесінің түрлері: біз кесте, баспа кесте, кенебе кесте.
  8. «Көшпенділер өмірінде кілем байға да, кедейге де өмірлік қажеттілігі зор бұйым» деп жазған этнограф: А. А. Боголюбов.

III. Кіріспе сөз

Маңдайша, босаға мен табалдырық,
Алты қанат кереге, қаламды уық.
Шіркін-ай, қандай шебер жасаған,
Көргенде таңдай қағып қалам тұрып.

Сұрақ

Бұл өлең жолдары не туралы?

Жауапқа бағыт

Киіз үйдің бөліктері мен шеберлік туралы.

Жаңа сабақ: Киіз үй — ұлттық мұра

Киіз үй — ата-бабамыздың негізгі баспанасы, қазақ халқының ұлттық мұрасы. «Атамыз — Алаш, керегеміз — ағаш, киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деген аталы сөздің мәні де осында.

Киіз үй тек қазаққа ғана тән емес: ол бүкіл түркі халықтарына, тіпті көршілес елдерге де ортақ көшпелі мәдениеттің маңызды белгісі. Біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған бұл баспананы халық «киелі шаңырақ» деп қастерлеген. Өйткені киіз үй — тұрағы, құтты мекені, мүлкі әрі мақтанышы.

Киіз үй — тек баспана емес. Ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер секілді бірнеше өнердің тоғысқан ғажайып туындысы.

Киіз үйдің түрлері

Киіз үйдің екі түрі бар: қазақы және қалмақы. Қазақы үй толық күмбезді, ал қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді.

Сән-салтанатына қарай

  • Қара үй
  • Боз үй
  • Ақ үй
  • Ақ ала орда
  • Ақ орда
  • Ақ шаңқан
  • Алтын үзік
  • Алтын орда

Қолданылуына қарай

Көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылыққа бейімделген үй түрлері болады:

қос абылайша күрке кепе итарқа жаппа жолым үй ас үй қалқа

Киіз үйдің негізгі сүйектері

Шаңырақ

Үйдің төбе күмбезі, отбасының нышаны.

Кереге

Үйдің торкөз қабырғасы.

Уық

Кереге мен шаңырақты жалғайды.

Сықырлауық

Есік ағашы (киіз үйдің қақпасы).

Киіз үй бөліктері

  • Үйдің сүйектері: шаңырақ, кереге, уық, сықырлауық.
  • Киіздері: туырлық және басқа жабын киіздер.
  • Бау-шулары: баулар, басқұр, арқандар.

Киіз үйдің ішкі құрылымы

Киіз үйдің іші дәстүр бойынша төртке бөлінеді:

Төр

Ең құрметті орын: жүк жиналады, қонақтар отырады.

Сол жақ

Үй иесінің отыратын және жататын орны.

Оң жақ

Балалар орналасады; босаға жақта ер-тұрман, киімдер ілінеді.

От орны

Қасиетті орын: от жағылады, қазан асылады.

Жаңа ұғымдар: сөздікпен жұмыс

Басқұр

Кереге басы туырлықты тесіп кетпеуі үшін үйді айналдыра жүргізілетін жалпақ, оюлы құр.

Құр

Үй тіккенде керегелерді бір-біріне қосып байлайтын терме бау.

Туырлық

Кереге бойын, шағын үйлерде шаңыраққа дейін жабатын киіз.

Ши

Киіз үй бөлшектерін және тұрмыстық бұйымдарды жасауға пайдаланылатын өсімдік.

Түсінуді тексеру: сұрақ-жауап

Негізгі сұрақтар

  1. Киіз үй негізі неше бөліктен тұрады? Үйдің сүйектері, киіздері, бау-шулары.
  2. Шаңырақ қандай мағынаны білдіреді? Үй, отбасы.
  3. Киіз үйдің сүйектерін ата. Шаңырақ, уық, кереге, сықырлауық.
  4. Сандықтың астына қойылатын жиһаз қалай аталады? Жүкаяқ.

Қосымша сұрақтар

  1. Әбдіре дегеніміз не? Зат, бұйым, киім салатын үлкен сандық.
  2. Киіз үйдің іші нешеге бөлінеді? Төртке: төр, оң жақ, сол жақ, от орны.
  3. Киіз үйдің сүйектерін жасайтын адам қалай аталады? Үйші.
  4. Қоңыр үй деп қандай үйді атайды? (Талқылауға арналған сұрақ.)

Бекіту: технологиялық диктант

  1. Киіз үй бөлшегін, тұрмыстық бұйымдарды жасауға пайдаланылатын өсімдік ши деп аталады.
  2. Екі босағаны төменгі жағынан ұстап тұратын ағаш табалдырық деп аталады.
  3. Үй тіккенде керегені бір-біріне қосып байлайтын терме бау құр деп аталады.
  4. Кереге мен шаңырақтың ортасын қосатын негізгі бөлік уық деп аталады.
  5. Киім ілуге арналған ашалы, ою-өрнекті ағаш адалбақан деп аталады.

Қорыту тапсырмасы

Берілген сөздерді төмендегі үш топқа бөліп жазыңыз: 1) киіз үй жабдықтары, 2) киіз үй жасаулары, 3) артық сөздер.

Берілген сөздер

шаңырақ кереге туырлық маңдайша сықырлауық сандық кебеже жүкаяқ ағаштөсек кимешек шашбау қымыран барқыт

1) Киіз үй жабдықтары

Оқушы толтырады

2) Киіз үй жасаулары

Оқушы толтырады

3) Артық сөздер

Оқушы толтырады

Бағалау және үй тапсырмасы

Оқушыларды бағалау

Белсенділігіне, жауаптарының толықтығына және тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

  1. «Киіз үй және оның жасауы» тақырыбын оқу, мазмұндау.
  2. Киіз үйге байланысты ұғымдар туралы қысқаша жазып келу.
  3. Киіз үйдің жасау-жабдықтарына қатысты сөзжұмбақ құрастыру.