Сәйбек қарт
Сабақ тақырыбы мен мақсаттары
Пән / сынып
Әдебиет, 6-сынып
Тақырып
«Түбі адам болатын бала» (Б. Соқпақбаев, «Менің атым Қожа», 2-сағат)
Сабақ форматы
- Түрі: аралас сабақ
- Әдістері: сұрақ-жауап, талдау, СТО
- Көрнекілігі: интерактивті тақта, фильм үзіндісі, кеспе қағаздар
Білімділік
Повесть бойынша оқушылардың білімін жинақтау, Қожа бейнесіне талдау жасату және өз ойын жүйелі жеткізе білуге үйрету.
Дамытушылық
Шығарма арқылы ой-қиялды дамыту, мәтінмен жұмыс істеу, көркем туындыға әдеби талдау дағдыларын қалыптастыру, ізденіске жетелеу және шығармашылық қабілетті арттыру.
Тәрбиелік
Өзін және өзгені бағалай білуге, жағымды-жағымсыз қасиеттерді ажырата отырып қорытынды жасауға, ұстаз еңбегін құрметтеуге, айналасындағылармен сыйластықта болуға және адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Оқушылар кейіпкерлердің суреттері арқылы топтарға бөлінеді.
1-кезең: «Тоғыз жұмбақ» — Бұл қай сәт? Бұл кім?
Мәтіннен үзінділер оқылады. Оқушылар үзіндінің қай оқиғаға, қай кейіпкерге қатысты екенін анықтайды.
Бұл қай сәт?
«Төбемнен жай түскендей болды. Не істерімді білмеген қалпымда орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім. Маңдайымнан бұрқ етіп суық терім шығып кетті. Ох, шіркін, ай!»
Сабақ оқымай келгенде сүйікті ұстазы Анфиса Михайловна орыс тілінен сұраған сәттегі Қожаның күйі.
Бұл қай сәт?
«Есікті аша бергенімде, тынысым мүлде бітіп, жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін.»
Майқанованың сөмкесіне бақа салғаннан кейін: анасының ауылға келуі, Қожаның қора үстіндегі шөпке жатып ойланып, анасының алдына барған сәті.
Бұл қай сәт?
«Қожекеңнің сол мезет қандай күйге түскенін көрсеңіз. Бірақ бойымды тез жиып алдым да, сыр бермеуге тырыстым. Мүмкін, ол мені танымас деп ойладым.»
Оқулық алуға барғаннан кейін Майқанованың сынып жетекші болған сәті.
Бұл қай сәт?
«Қожекең сұр кепканы қойнына сүңгітіп жіберіп, тақыр бас қара бала болып шыға келді. Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қазан болып жатқанда мен ләм деместен сақ еткізіп, ақшаны сатушының қолына ұстата алдым.»
Оқулық сатып алуға барған кез.
Бұл кім?
«Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап-сыпыңдағыш.»
Жантас туралы Қожаның ойы.
Бұл кім?
«Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиыны емес, бақандай бір қарасы жүр.»
Сәйбек қарт.
Бұл кім?
«Галифе шалбар киген жіңішке аяқтары сидиып, шашы қақ жарыла желбіреп, қаздиып тұр.»
Ахметов.
Бұл кім?
«Бір секундқа кідіріп, мұрнымды көкке шүйіріп, маңғаздана қалдым да, қолымды кеудеме қойып, тәжім еттім.»
Қожа.
Бұл кім?
«Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды: ...»
Жаңа сынып жетекшісі — Сәбира Майқанова.
III. Жаңа сабаққа дайындық
2-кезең: «Жасырынған бейне»
Оқушылар сұрақтарға жауап беру арқылы автор мен шығарма туралы білімін еске түсіреді.
- Б. Соқпақбаевтің өмір сүрген жылдары.
- Қожаның анасының есімі.
- Б. Соқпақбаевтің туған жері.
- Қара сөзбен баяндалатын оқиғалы көркем шығарманың түрі.
- Қожаның ұстаздары.
- «Қожа мінез-құлық жағынан өзге емес, менің өзіме ұқсайды» деген пікірдің иесі.
Талқылау сұрақтары
- Бұл суретте кім бейнеленген?
- Қай сәт көрсетілген?
- Майқанова Қожаға қандай баға берді?
IV. Жаңа сабақты түсіндіру
Бақа оқиғасынан кейін Қожаның анасын педагогикалық кеңеске шақырады. Далада күткен Қожа Сәйбек қартпен сөйлесіп, қарт оның әкесінің азамат адам болғанын айтады. Осы әңгіме Қожаның ішкі жауапкершілігін оятып, «енді тентектік жасамаймын» деген уәдесін бекіте түседі.
Сәбира Майқанованың «Түбі адам болатын бала» деген бағасы Қожаға ерекше әсер етіп, ол өзімен өзі «құпия кеңес» құрады: мінезін түзеу, оқуына жауапкершілікпен қарау, айналасымен сыйластық орнату.
Мәтінмен жұмыс
3-кезең: Оқушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, рөлге еніп көрініс қояды.
1-топ: Сәйбек қарт пен Қожа
Сәйбек қарт: Бұл кім?
Қожа: Мен ғой, ата. Мен Қожамын.
Сәйбек қарт: Мұнда неғып отырсың?
Қожа: Педкеңеске келдім.
Сәйбек қарт: Онда сенің не шаруаң бар?
Қожа: Мен жөнінде мәселе қарап жатыр.
Сәйбек қарт: Мәселе? Қандай мәселе? Сені мұғалім етеміз дей ме?
Қожа: Директор етеміз дейді.
Сәйбек қарт: Онда тіпті жақсы. Жалақың көп болады.
2-топ: Ахметов пен Қожа
Ахметов: Қадыров, сені біз мұнда не үшін шақырып отырмыз, білесің бе?
Қожа: Білемін.
Ахметов: Не үшін шақырып отырмыз?
Қожа: Тәртіпсіздігім үшін шақырып отырсыздар.
Ахметов: Сені мектеп өмірі тойдырды ма? Бұдан былай оқығың келмей ме?
Қожа: Жоқ, оқығым келеді.
3-топ: Анасы мен Қожа
Анасы: Ал, Қожатай, ақылың бар баласың. Бәрін өзің түсінуің керек. Егер сен тағы бір шу шығаратын болсаң, онда маған өкпелеме… Әкеңнен қалған мал-мүлікке ие бол, мен бұл үйден кетемін.
Қожа: Жоқ, маматай, кетпеші, жаным, мама! Ендігәрі тәртіпсіздік істесем, оңбай, көгермей кетейін!
Анасы: Мен үшін сенің адам болғаныңнан артық ешқандай бақыт жоқ.
V. Жаңа сабақты бекіту
Кинофильмге шолу
«Менің атым — Қожа» фильмінен үзінді көрсетіледі. Абдолла Қарсақбаевтың бұл туындысы 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен дүниежүзілік фестивальда қазақ киносындағы тұңғыш халықаралық жүлдені жеңіп алды.
2000 жылы ЮНЕСКО әлемдік киноның жүз жылдығына орай фильмнің бір эпизодын таңдап, соның негізінде пошта маркасын шығарды. Бұл — қазақ киносы тарихындағы үлкен жетістік.
4-кезең: «Кино майталмандары»
Оқушылар шеңберлерді таңдау арқылы кейіпкерлер туралы ой бөліседі.
5-кезең: «Бес жолды өлең»
Құрылымы:
- Кім? — зат есім (1 сөз)
- Қандай? — сын есім (2 сөз)
- Қайтті? — етістік (3 сөз)
- Сөйлем — кім туралы (4 сөз)
- Синоним — 1 сөз
«Теріп алу» әдісі арқылы кейіпкерлерге мінездеме беріледі.
Кейіпкерлер мінездемесі (іріктеу)
Қожа
Алғыр, пысық, ақылды, сотқар, тентек, мейірімді, әділетті, ақынжанды, әзілқой, тапқыр, қателігін түсіне білетін.
Жантас
Өтірікші, қу, зымиян, шыдамсыз, тиянақсыз, арамза, жағымпаз.
6-кезең: «Үнсіз бейнеле»
Оқушылар мәтін бойынша Қожаның қимыл-әрекетін мимика және пантомима арқылы көрсетеді.
«Омырауымды сипалап таппаған галстугым, сөйтсем, иығыма шығып кеткен екен. Бұрып әкеп, орнына қойдым да, зып беріп сыныпқа кірдім... Бір секундқа кідіріп, мұрнымды көкке шүйіріп, маңғаздана қалдым да, қолымды кеудеме қойып, тәжім еттім.»
«Есікті аша бергенімде, тынысым мүлде бітіп, жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін.»
«Маңдайымнан буым бұрқырап, есік алдына шықтым. Сәйбек көрінбейді. Омырауымды ағытып, желпініп, ойланып тұрмын. Не деп шешер екен? Мектептен шынымен-ақ шығара ма?»
7-кезең: «Оқиғалар тізбегі»
Ойын шарты: шатасқан оқиғаларды рет-ретімен орналастыру.
- Менің атым...
- Жолдама алған Жантас
- Бір сәтті кез
- Бақа әлегі
- Педкеңес (Майқанова, Миллаттың шешесі, Оспанов, Ахметов, Жантас, Қожа)
Кейіпкер сөзі (тану және сәйкестендіру)
- «Сабақты жақсы оқу — үлгілі оқушының бірінші белгісі.»
- «Келесі сабақта қайсың бақа ұстап әкелесіңдер?»
- «Қадыров түбінде адам болатын бала.»
- «Мен үшін сенің адам болғаныңнан артық ешқандай бақыт жоқ.»
- «Қара Көже, мынаның не екенін білесің бе?»
- «Мынау — біздің мектептің ақыны, болашақ Сәбит Мұқановымыз.»
Үй тапсырмасы
- «Менің атым — Қожа» фильмінің бұрынғы нұсқасы мен Еркін Рахышевтің «Менің де атым Қожа» нұсқасын салыстыра отырып, соған ұқсас фильмнің қысқа сценарийін құрастырыңдар.
- «Менің қиялымдағы Қожа…» тақырыбында эссе жазып келіңдер: Қожа қандай болуы керек?
Қорытынды және бағалау
Сабақты қорытындылау: оқушылардың жауаптары сараланып, белсенділігі мен жұмыс сапасына қарай бағаланады.
Авторлық мәлімет
Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Ақсуат жалпы білім беретін негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Темірболатова Гүлзира Тайырқызы.