Мал атасы Дауыссыз дыбыстар

Ана тілі • 1-сынып

Сабақтың тақырыбы: «Мал атасы. Дауыссыз дыбыстар»

Бұл сабақ слайд арқылы өткізіледі. Оқушылар дауыссыз дыбыстарды танып, дауысты дыбыстардан ажырата білуді үйренеді, сонымен қатар төрт түлік және «мал атасы» ұғымы туралы түсінігін кеңейтеді.

Сабақтың мақсаты

Білімдік

Оқушыларға дауыссыз дыбыстар туралы түсінік беру; дауыссыз дыбыстарды сөз ішінен табуға үйрету; «мал атасы» туралы мағлұмат беру.

Дамытушылық

Оқу жылдамдығын арттыру; есте сақтау қабілетін дамыту; сөздік қорын молайту.

Тәрбиелік

Әдемі жазуға тәрбиелеу; малды сүюге және күтуге баулу; тәртіптілікке үйрету.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ

Пәнаралық байланыс

Дүниетану, қазақ тілі

Көрнекі құралдар

Төрт түлік суреттері, жұмбақтар, тест тапсырмалары.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, сын тұрғысынан ойлау стратегиясының элементтері, топтық жұмыс.

Сабақтың барысы

I. Қызығушылықты ояту

Психологиялық дайындық

Ширату өлеңі

Қатар-қатар тізіліп,

Оқушыға лайық,

Қолымызды жіберіп,

Түп-түзу боп тұрайық.

Жақсы оқып сабақты,

Әдеп сақтау сәніміз.

Отыруға нақпа-нақ,

Дайындалдық бәріміз.

1-қатар жай отыр,

2-қатар тез отыр,

3-қатар сен де отыр.

Сабақ бастар кез боп тұр.

II. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу.
  • Сынып бөлмесінің тазалығына көңіл бөлу.
  • Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, назарын сабаққа аудару.

Топқа бөлу: «Джигсо» әдісі

Балалар кезекпен 1, 2, 3 сандарын айтып шығады. Әр сан өз алдына жеке топ құрайды.

1-топ

Құлыншақ

2-топ

Ботақан

3-топ

Қошақан

III. Өткен материал бойынша білімді тексеру

«Ой қозғау» стратегиясы: «Қоян» мәтінін талдау және басқа аңдар туралы сұрақтарға жауап беру.

Әр тапсырмадан кейін оқушыларға ынталандыру үшін жұлдызшалар беріліп отырады.

IV. Жаңа сабаққа дайындық

«Ой шақыру» стратегиясы

Жұмбақ 1

Кішкене ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар.

Жауабы

Қой

Қойдың төлі: қозы

Жұмбақ 2

Екі айнасы бар, екі найзасы бар.

Жауабы

Сиыр

Сиырдың төлі: бұзау

Жұмбақ 3

Қамыс құлақ, тостаған тұяқ, мінсең қанат, сүті дәрі, еті тамақ.

Жауабы

Жылқы

Жылқының төлі: құлын

Жұмбақ 4

Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан.

Жауабы

Түйе

Түйенің төлі: бота

V. Мақсат қою

Бүгінгі тақырып — дауыссыз дыбыстар. Сабақ барысында дауыссыз дыбыстарды танып, оларды дауысты дыбыстардан ажыратуды және негізгі ерекшеліктерін білуді үйренеміз.

Қосымша бағыттар

  • «Төлді қалай шақырады?» өлеңімен танысу.
  • «Мал атасы» туралы түсінік қалыптастыру.
  • Төлді қалай шақыру керектігі туралы білімін толықтыру.