Ұлт намысын қорғаған батырларды құрметтеу мен ұлықтауға баулу

Сабақтың тақырыбы

Амангелді Иманов — халық батыры

Сабақтың түрі

Жаңа ұғымды меңгерту.

Әдісі

Баяндау, сұрақ-жауап.

Көрнекілігі

Карта, слайдтар.

Пәнаралық байланыс

Қазақ әдебиеті, дүниежүзі тарихы, өнер.

Сабақтың мақсаты

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызын ашып, оның 100 жылдығына орай мазмұнды хабарлама жасату арқылы көтеріліс кезіндегі батырлар туралы түсінік қалыптастыру.

Амангелді Имановтың ерлігін баяндап, халқымыздың тарихынан тағылым бере отырып, оқушылардың ойлауын, қабілетін және шығармашылық әлеуетін дамыту.

Ойын анық жеткізуге, еркін пікір айтуға, топпен жұмыс істеуге баулу; патриоттық сезімді оятып, ерлікке, елін-жерін сүюге, Отанды қорғауға тәрбиелеу.

Ұлт намысын қорғаған тұлғаларды құрметтеуге, ұлықтауға және тәуелсіздігімізді баянды етуге өз үлесін қосуға бағыттау.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сынып 3 топқа геометриялық фигуралар арқылы бөлінді.

2) Жаңа сабақ жоспары

  1. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс
  2. Амангелді Иманов — халық батыры

Тақырыпқа кіріспе сұрақтар

  • «Көтеріліс» ұғымын қалай түсінесіңдер?
  • Қазақ даласында бұрын-соңды көтерілістер болды ма?
  • Батырлардан кімдерді білесіңдер?
  • Көтерілістер неліктен болады деп ойлайсыңдар?

1. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс

Тақырыпты түсіндіру үшін оқушылардың назарын картаға және көтеріліске қатысты суреттерге аудару ұсынылады (слайд №1–2).

Тарихи алғышарт

Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 1 тамызда басталды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің туындауына әлеуметтік-экономикалық және саяси факторлар әсер етті: отарлық езгінің соғыс жылдарында күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясаты және басқа да қысым түрлері.

Көтеріліске түрткі болған жарлық

Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы түрткі болды. Бұл жарлық Түркістан өлкесі мен Сібірдің 19–43 жас аралығындағы ер-азаматтарын армияның қара жұмысына шақыруды көздеді.

«16 жылында 25 маусымда, Даланы қара түн басты. Найзағай ойнап от шашты, Жым-жырт жатқан сахара, Басқандай болды албасты…»

Ақын суреттегендей, ел ішінде дүрбелең күшейді.

Көтерілістің ірі ошақтары

  • Жетісу өлкесі
  • Торғай өңірі

2. Амангелді Иманов — халық батыры

Тұлғалық дерек (слайд №3)

Өмір сүрген жылдары
1873–1919
Туған жері
Торғай уезі
Тегі
Иман батырдың немересі
Тарихи рөлі
1916 жылғы көтерілісті ұйымдастырушы, Торғай ошағындағы жетекші

Өздік жұмыс

№1 тапсырма (шығармашылық қабілеттерді дамыту)

1-топ

Батыр туралы мақал-мәтелдер.

2-топ

Өлең немесе шағын әңгіме құрастыру.

3-топ

Сурет салу.

1-топтың жұмысы

Батырлық пен ерлік туралы мақал-мәтелдер айтылды.

2-топтың жұмысы

Құрастырылған өлең жолдары:

Амангелді — батыр атам,

Елін, халқын қолдаған.

Қандай қиын кез болса да,

Ел намысын қорғаған.

Ақ білектің күшімен,

Ақ найзаның ұшымен,

Бабаларым қорғаған,

Ешқашанда олардың

Есімін мен ұмытпан.

3-топтың жұмысы

А3 форматында сурет салынды.

№2 тапсырма (ізденіс жұмысы)

«Амангелді Имановтай батырымызға елімізде қандай құрмет көрсетілді?» (слайд №4–5). Оқушылар алдын ала материал жинап әкеледі.

1-топ: Шығармалар

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы Омар Шипиннің «Амангелді батыр» дастаны бар. Дастанның басты мақсаты — Амангелді Имановты және ол бастаған көтерілісші сарбаздардың ерлігін жырлау.

  • Ж. Жабаев — «Амангелді» поэмасы
  • Бақыт Иманов — «Амангелді» романы
  • Ғ. Мүсірепов — «Аманкелді» пьесасы
  • Н. Байғанин — «Амангелді батырым» өлеңі

Өлеңдер мен үзінділер кезекпен мәнерлеп оқылады.

2-топ: Бейнебаян (кино)

1938 жылы Ленин орденді «Ленфильм» киностудиясы толықметражды дыбысты «Амангелді» фильмін шығарды.

  • Сценарий авторлары: Ғабит Мүсірепов, Всеволод Иванов
  • Режиссері: Мойсей Левин
  • Бұл — қазақтың тұңғыш дыбысты көркем фильмі
  • Басты рөлді Елубай Өмірзақов сомдады

3-топ: Кескіндеме

Амангелді бейнесі көптеген суретшілердің туындыларына арқау болды.

  • Ә. Қастеев — «Амангелді» портреті, «Амангелді шабуылы», «Торғай жорығы»
  • Қ. Телжанов — «Амангелді», «Амангелді қызыл атты әскері»

Мұғалім қорытындысы

Еліміз батырларын ұлықтай білген жұрт. Амангелді Имановтың туған ауданы және республиканың көптеген шаруашылықтары батыр есімімен аталады. Алматы қаласында және көптеген аудан, облыс орталықтарында батырға ескерткіш орнатылған. Атырау өңірінде де А. Иманов атындағы көше, Балықшы ауданында ауыл бар; Құрманғазы ауданында мектеп пен көшеге батыр есімі берілген.

Бекіту сұрақтары

  1. Амангелді Иманов кім?
  2. Амангелді Иманов қай кезеңдегі көтеріліске жетекшілік етті?
  3. 1916 жылғы көтерілістің шығу себептері қандай?
  4. Тағы қандай батырларды білесіңдер?

Қорытынды

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толуы — тарихи жадымызды жаңғыртатын маңызды белес. Бұл күресте А. Имановтан өзге де батырлар қол бастап, отаршылдық саясатқа қарсы тұрды.

Торғай даласында Амангелді Иманов сарбаздары көтерген ту — азаттыққа ұмтылған халық рухының символы. «Қазақтың Ленинграды» атанған Торғай өңіріндегі халық батырының есімі келер ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.

Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған батыр бабалар аңсаған тәуелсіздіктің қадірін түсіну — бүгінгі ұрпақтың парызы. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Үй тапсырмасы

Тақырып:

«Батыр — ел үшін туады» тақырыбына шағын әңгіме жазып келу.

Бағалау

Оқушылардың топтық жұмысы, жауаптарының мазмұндылығы, шығармашылық тапсырмалардағы белсенділігі және пікір білдіру мәдениеті ескеріледі.