Марғаудың әрекеті дұрыс Қарғабекті қорғаушы

Астана қаласы, С. Мәуленов атындағы №37 орта мектеп

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Джусупова Жайна Жанатқызы

Пәні: Қазақ әдебиеті Сыныбы: 7

Сабақтың тақырыбы: Қ. Бекқожин «Ақсақ Темір мен ақын» (баллада)

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Қ. Бекқожиннің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беру, теориялық ұғымдармен таныстыру және шығармаға әдеби талдау жасау.

Тәрбиелік

Баллада арқылы халқымыздың баға жетпес қазынасы — сөз өнерін қадірлеуге, өнерді сүюге, адамгершілік қасиеттерді биік ұстауға тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың таным көкжиегін кеңейту, ой жүйесін дамыту, мәнерлеп оқу дағдыларын және ізденімпаздық қабілетін жетілдіру.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың түрі
Жаңа сабақ
Әдіс-тәсілдер
Баяндау, талдау, топтау, салыстыру
Көрнекіліктер
Плакаттар, қима қағаздар, шығармалар жинағы
Пәнаралық байланыс
Тарих, өзін-өзі тану

Сабақ құрылымы

  1. I Ұйымдастыру: сәлемдесу, қатысымды тексеру, назар аударту.
  2. II Үй тапсырмасын тексеру.
  3. III Жаңа сабақ: Қ. Бекқожин «Ақсақ Темір мен ақын» балладасы.
  4. IV Бекіту: мәнерлеп оқу, сюжеттік және көркемдік талдау.
  5. V Қорытынды, бағалау, үй тапсырмасы.

Үй тапсырмасын тексеру

1) Жаттау

Қ. Аманжоловтың «Дүниеге жар» өлеңін жатқа айту.

2) Шағын дебат

С. Шаймерденовтің «Ит ашуы» повесінен: Марғаудың әрекеті дұрыс па, әлде бұрыс па?

Лезбайды қорғаушы: «Марғаудың әрекеті дұрыс»

  1. Марғаудың Қарғабекке істегені орынды: әр адам арам пиғылы үшін жауап беруі керек. Лезбайдың үйінде адал асын ішіп жүріп, арам әрекетке барған адам жазасыз қалмауы тиіс.
  2. Абырды «ойын баласы» деп, сөзін жоққа шығаруға болмайды. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» деген бар: бала көргенін айтады.
  3. Лезбай өз төбетін жақсы таниды және сенеді. Марғау — батыл ит: өзіне қауіп төнсе де, иесіне жамандық жасағандарды тоқтатуға ұмтылады.
  4. Жануарлар тілсіз екен деп, оларды жазалай беруге болмайды. Марғау күшіктен бері сол үйдің тіршілігін көріп өсті; оның әрекетіне адамдардың арам ниеті себеп болды. Жануарлар жамандықты алдын ала сезеді.

Қарғабекті қорғаушы: «Марғаудың әрекеті дұрыс емес»

  1. Марғау — тілсіз жануар. Ол жамандыққа қарсы шыққысы келгенімен, адамдар оның ниетін бірдей түсінбеуі мүмкін. «Ит иттігін істейді» деген сөз де осыны меңзейді.
  2. Қарғабек пен Ұмсындықты «жазалаймын» деп, иесі Лезбайдың басына пәле төндірді, өзі «құтырған ит» атанды. Марғаудың әрекетіне өзі ғана куә болды; Абырдың сөзіне жұрт сенбейді, ал Дабыр бұл жағдайды растаған жоқ.
  3. Лезбай шопан итінің адамдарға бірнеше рет ұмтылғанын біле тұра, ескертуді елемеді. Ақыры Марғау Қарғабекті талап тастады.

Жаңа сабақ: Қ. Бекқожин және баллада әлемі

Қ. Бекқожин туралы қысқаша мәлімет

Туған жылы, жері
1913 ж. 25 қараша, Павлодар облысы
Білімі
1942 ж. ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітірген
Ән-өлеңдері
«Бейбітшілік жыры», «Кел, біздің ауылға»

Теориялық ұғым: баллада

Баллада — орта ғасырларда француз, испан, итальян поэзиясында қалыптасқан лириканың бір түрі. Тарихи шындықты, ерлік әрекеттерді сипаттайтын шағын сюжетті өлең.

Тарихи тұлға: Әмір Темір

Әмір Темір (1336–1405) — түркіленген барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы. 35 жылға жуық жеке-дара билік жүргізген. Қазақстан мен Қырғызстан аумағына (Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу, Тянь-Шань) жасаған жорықтарын аса қатігездікпен жүзеге асырған.

Жорықтардың салдары

  • Халық шаруашылығы күйреді, елдер арасындағы байланыс үзілді.
  • Халық қырғынға ұшырап, құлдыққа айналып, базарларда сатылды.
  • Қалалар қирап, өртелді.
  • Экономика мен мәдениеттің дамуына ауыр зардап келтірді.

Қазақстан жеріне ұзақ жылдар жасаған жорықтары 1405 жылы Отырар қаласында қаза болуымен аяқталған.

Балладаның өзегі: оқиға және идея

Негізгі оқиға

Әмір Темірдің Үндістан жорығынан оралып, түрік сұлтанына қарсы аттанбақ болған сәтінде түрік қызына ғашық Хафиз шайырмен кездесуі.

Негізгі идея

Әлем билеушісі атанған Әмір Темірдің сөз құдіретін бағалай білетін данышпан қырын таныту.

Бекіту: сюжеттік талдау

Шығарманы дауыстап, мәнерлеп оқу арқылы сюжеттік құрылымына сай талдау жүргізіледі.

Кіріспе

Ақсақ Темір ордасындағы салтанат.

Сюжеттік байланыс

Хафиздің ордаға келуі.

Шиеленісу

Хафиз бен Темірдің тілдесуі.

Шарықтау шегі

Ақынның Әмір Темірге берген бағасы.

Шешімі

Ақсақ Темірдің сөз құдіретіне бас июі.

Тілдік-көркемдік ерекшеліктер

Баллададағы көркемдеуіш құралдар мәтіннің эмоциялық қуатын арттырып, Темір тұлғасының айбарын, ақын сөзінің салмағын айқындайды.

Аллитерация

«Теңіздей тебіренді Жейхун бүгін, Темірдің жыр еткендей жойқындығын».

Кейіптеу

«Тажал ғып Азияға берген Тәңір, Талқандап талай жұртты, келген Темір».

Метафора

  • Темір — ашынған арыстан, жолбарыс, барыс, қара бұлт, айдаһар
  • Хафиз — киік; сөзі — мүсәпір (у)

Эпитеттер мен теңеулер

  • Эпитеттер: ақ шатырлар, көк орай, сары қымыз, долы сөз, самал таң
  • Теңеулер: Самарқандай, таңдай (т.б.)

Қорытынды сұрақтар

  1. Шығармадағы ең басты кейіпкер кім?
  2. Шығармада аты аталған шығыс шайырлары Хафиз, Низами туралы не білесіңдер?
  3. Балладада Ақсақ Темірдің сойқанды жорықтары мен қаталдығы қалай суреттеледі?
  4. Хафиз ақынға қандай баға береді?
  5. Дүниені қанға бөктіріп, адам басын тас орнына қалап сарай салдырған әміршінің Хафизге рақымшылық жасауының себебі неде деп ойлайсыңдар?
  6. Хафиз шайыр ақындық құдіретті қалай дәлелдейді?