Күзгі жапырақтар

Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын №33 «Көркемай» балабақшасы, екінші сәбилер тобы.

Тәрбиеші: Махымғалиева Анария Төрешқызы.

Алтын күз ертеңгілік

Мақсаты

Білімділігі

Балалардың күз туралы ұғымдарын бекіту: күз мезгілінде жапырақтар сарғаяды, жемістер мен көкөністер піседі. Осы құбылыстармен таныстырып, қызығушылығын арттыру.

Дамытушылығы

Күз мезгілі туралы өлең-тақпақ жаттату, күздің ерекшеліктері туралы әңгімелеу.

Тәрбиелігі

Балаларды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны бүлдірмей таза ұстауға тәрбиелеу.

Іс-шара барысы

Музыка ойнап, әсем безендірілген залға балалар кіріп келеді.

Жүргізуші сөзі

Келді міне алтын күз,

Сары шашты жарқын жүз.

Мол өнімді ісімен

Таңдандырған халқын күз.

Армысыздар, ағайын! Сәлеметсіздер ме, қадірлі қонақтар! Бүгінгі мерекелі де ырысты «Алтын күз» құрметіне арналған ертеңгілігімізді бастаймыз.

Арай

Тоңазып атырап,

Көп жеміс піседі.

Сарғайып жапырақ,

Саудырап түседі.

Раяна

Аспанды сұрғылт бұлт,

Жан-жағынан жабады.

Күн бірте суытып,

Жауын көп жауады.

Яна

Көк майсалы көрікті,

Алқаптағы көп егін.

Бұл күндері киіпті,

Сары жібек көйлегін.

Аяру

Ағаштардан жамырап,

Ұшты кенет жапырақ.

Ой, алақай, тамаша,

Шашу шашты жапырақ!

Ән

«Күзгі жапырақтар» (хор).

Жұмбақ және әңгіме

Жүргізуші балаларды орнына жайғастырып, қонақ келетінін айтады. Содан кейін жұмбақ жасырады:

Жиып-теріп болатын,

Қамбаға астық толатын.

Қызыл қырман ойнайтын,

Қай мезгіл деп ойлайсың?

Дұрыс жауап: күз мезгілі. Жүргізуші күздегі табиғат өзгерістері туралы балалармен қысқаша сұхбат жүргізеді.

Қонақ: Алтын күз

Музыка ойнап, залға Алтын күз кіреді.

Сәлеметсіздер ме, балалар! Сәлеметсіздер ме, қонақтар!

Мен — Алтын күзбін, жайдары да жарқын жүзбін.

Қонаққа келдім сендерге: сәбіз, картоп, тәтті алма!

Жапырақ та сиқырлы — ойын ойнар түр-түрлі!

Жүргізуші Алтын күзге алғыс айтып, балаларды ойынға шақырады.

Ойын

«Кім жапырақты тез жинайды?»

Күзгі көкөністер

Алтын күз көкөністерді ортаға шақырады. Көкөністер өздері туралы тақпақтарын айтады.

Пияз

Асханадан шықпаймын,

Атым — пияз, бұқпаймын.

Көзден жасты шығарам,

Тұмаудан бірақ сақтаймын!

Қызанақ

Тал шыбығым бұралып,

Бақшаларда қызарып.

Тұрған ол мен — қызанақ,

Күнге қарап ұялып!

Қос картоп

Картоп — біздің атамыз,

Жер астында жатамыз.

Бір тамырдан тараған,

Ағайынбыз бәріміз!

Сәбіз

Өсіретін бойыңды,

Дамытатын ойыңды.

Қоянға да азықпыз,

Сәбіздерміз жазықсыз!

Осы кезде ортада шалқан қалып қояды. Музыка ойнап, ертегі басталады: «Шалқан» ертегісі.

Би

«Көкөністер» биі.

Ойын

«Көкөністерді жинаймыз».

Жемістер әлемі

Жүргізуші балалардан қандай жемістерді білетінін сұрап, дәмін ажырату ойынын ұсынады.

Ойын: «Дәмін ажырат»

Балалар жемістердің дәмін ажыратып көреді.

Жаңбырлы күнгі көңіл-күй

Біз — көңілді балдырған,

Сескенбейміз жаңбырдан.

Қолшатырды аламыз,

Әсем әнге саламыз.

Би: «Қолшатыр»

Ойын: «Күн мен жаңбыр»

Алтын күздің қорытынды сөзі

Өте тамаша биледіңдер, рахмет, балалар! Қолшатырларың қандай керемет!

Көктемде көшет отырғызсаңдар, күзде жемісін жейсіңдер. Адам ағзасына қажетті дәрумендер жемістер мен көкөністерде көп болады. Сондықтан оларды күнделікті жеп тұрыңдар.

Мен енді кетейін. Сау болыңдар! Келесі кездескенше!

Жүргізушінің қорытындысы

Алтын күздің сыйы — жемістерден дәм тататын кез келді. Топқа барған соң, балаларға үлестіріп беремін, сондай-ақ келген қонақтарға да тарту жасаймыз.

Сау болыңыздар! Күз берекелі, астықты болсын!