Дүкенде ойыны

Тақырып: Қаратпа сөз

Мақсаты

  • Қаратпа сөз туралы жүйеленген ұғым қалыптастыру.
  • Оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуі арқылы теориялық ойлауын және сөйлеу мәдениетін дамыту.
  • Ұйымшылдыққа, достыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Құралдар мен тәсілдер

Әдіс-тәсілдер

Көрнекілік, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, топтау, рефлексия.

Көрнекіліктер

Жеке суреттер, тірек-сызба, ойын құралдары.

Сабақтың барысы

Төмендегі жоспар қаратпа сөзді таныстырудан бастап, оны сөйлем ішінде дұрыс қолдануға дейінгі толық оқу әрекеттерін қамтиды.

1-кезең

Мотивациялық-бағдарлау кезеңі

Қызығушылықты ояту: үнтаспа арқылы сөйлемдер тыңдатылады. Оқушылар сөйлемдердің кімге қаратылып айтылғанын анықтайды.

Тыңдалымға арналған сөйлемдер

  • Сәлем, қымбатты достарым!
  • Сәлеметсіз бе, қадірлі ұстаз!
  • Армысыз, әже!
  • Ата, қайырлы таң!

Бұл сөйлемдер тақтаға жазылады. Оқушылар қымбатты достарым, қадірлі ұстаз, әже, ата сөздерінің қандай мақсатпен қолданылғанын түсіндіреді: сөйлеуші өзіне назар аудартқысы келеді.

Грамматикалық-тілдік жаттығу (2-жаттығу): бағанның екі жағындағы сөйлемдер салыстырып оқылады. Мазмұны мен тыныс белгілеріне назар аударылады.

Қаратпа сөз бар

  • Арайлым, сен кітапханаға бардың ба?
  • Әже, ертегі айтып беріңізші.
  • Дүкеннен керек-жарағыңды алуды ұмытпа, қызым.

Қаратпа сөз жоқ

  • Арайлым кітапханаға барды.
  • Әжем ертегі айтып берді.
  • Қызым дүкеннен керек-жарағын алуды ұмытпады.

Қорытынды сұрақ: «Не байқадыңдар?»

Оқушылар Арайлым, әже, қызым сөздері арқылы сөйлемнің белгілі бір адамға қаратылып айтылғанын байқайды.

Ереже

Біреудің назарын аудару үшін қолданылатын сөздер қаратпа сөз деп аталады. Қаратпа сөз сөйлемде үтір арқылы ажыратылады.

Сергіту сәті: қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары орындалады.

2-кезең

Операциялық-орындаушылық кезең

Оқулықпен жұмыс (3-жаттығу): мәтін тиісті дауыс ырғағымен оқылады. Қаратпа сөздер табылып, қаратпа сөзі бар сөйлемдердің айтылу мақсатына қарай қай түрге жататыны анықталады.

Мәтін үзіндісі

Шырағым, Кәмаш, мына Қарасақаудың баласы саған бүлдірген әкеліпті. Өзі бұрын есік ашпаған бала екен, жақсылап көйлек тігіп кигіз.

– Иә, балам, оқып жүрсің бе?

– Оқып жүрмін, Абай ата.

«Дүкенде» рөлдік ойыны

Ойын жағдаяты: досыңның туған күніне сыйлық алу үшін дүкенге келдің. Сыйлық таңдау қиын болды, көмекке дүкенші келді.

Тапсырма: дүкенші мен сатып алушының арасындағы әңгімені диалог түрінде құрастыр. Диалогта қолданылған қаратпа сөздерге ерекше назар аудар.

Ой сергіту жаттығуы

Сөйлемдер оқылады. Әр сөйлемнің қандай шығарманы еске түсіретінін айтады. Кейін сөйлемдерді қаратпа сөзі бар сөйлемге айналдырып жазады.

Берілген сөйлемдер

  1. Мысық Мақтақыздан құйрығын қайтарып беруін өтінді.
  2. Түлкі қарғаны мақтады.
3-кезең

Рефлексиялық-бағалау кезеңі

Тіл дамыту тапсырмасы

«Мен қарындашпен сурет саламын» және «Нан қайдан шығады?» ертегілері оқылады.

Тапсырма

Ертегі мазмұны бойынша сурет салуға дайындал. Салған суреттеріңе сүйеніп, ертегіні қаратпа сөздерді қатыстырып айтып бер.

Сәйкестендіру тесті

Өлең мазмұнына сәйкес келетін қаратпа сөзі бар сөйлем сызбасын бір-бірімен сәйкестендір.

– Бүлдірген тереміз, балақай.

– Алақай!

– Ат жарыс көреміз, балақай.

– Алақай!

– Айға ұшып барамыз, балақай.

– Алақай!

– Кел, ағаш жарамыз, балақай.

– Әй, ата-ай!...

Үй тапсырмасы

6-жаттығу.

Автор туралы

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қарақой ауылы, Қарағой бастауыш мектеп КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі Тілеуқабылова Қуаныш Тілеуқабыловна.

Материалдың толық нұсқасы: жүктеу бөлімі арқылы.