Бәрі қанша
Сайыс жоспары
«Тапқырлар сайысы»
Мақсаты
- Қызықты математика үйірмесінде алған білімді сайыс барысында көрсету.
- Танымдық көзқарас, логикалық ойлау, шапшаңдық, ізденімпаздық қасиеттерін дамыту.
- Өз пікірін дәлелдеп, қорғай білуге баулу.
Көрнекіліктер
Сандар, өлшемдер, санжұмбақтар, тапсырмалар жазылған қағаздар.
Ескерту
Әр бөлімнен кейін ұпайды 3, 4, 5 сандары арқылы бағалайсыздар.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Армысыздар, мұғалімдер мен оқушылар! 4-сыныптағы «Қызықты математика» үйірмесі бойынша өткізілетін «Тапқырлар сайысына» қош келдіңіздер!
Тәуелсіз таңның ұл-қызымыз,
Біліммен, өнерменен бұлқынымыз.
Бұл өмір сайыстардан тұрады ылғи,
Сайыста гүлдей жайнап құлпырымыз.
Енді «Сандар» және «Өлшемдер» топтарын ортаға шақырамыз. Бүгінгі сайысты саралап, әділ бағасын беретін қазылар алқасымен танысамыз.
Сайыс бөлімдері
-
I бөлім
Таныстыру
-
II бөлім
Ұшқыр ой
-
III бөлім
Ойлан, тап!
-
IV бөлім
Тез есепте
-
V бөлім
Жеті жұрттың тілін біл
-
VI бөлім
Кім жылдам?
I бөлім. Таныстыру
1-топ: «Сандар»
Сандардың мәні мен халық даналығы
1-оқушы
Цифрлардан әртүрлі сандар құрастырылады. Бар болғаны он цифр бар. Ендеше, әр санның сырына үңілейік.
2-оқушы — 1 саны
- 1 — жалғыз, дара, жеке.
- Бір елі ауызға екі елі қақпақ.
- Екі жарты — бір бүтін.
- Жақсы сөз — жарым ырыс.
- Бір құдірет: 18 мың ғаламды жаратушы — жалғыз Алла.
3-оқушы — 2 саны
- 2 — жұп, қос, егіз, пар.
- Екі құлағы екі езуінде.
- Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.
- Екі арыс: ата, ана.
- Екі мәңгілік: ай мен күн.
- Екі дүние: бұл дүние, о дүние.
4-оқушы — 3 саны
- 3 — орта баға.
- Ер кезегі үшке дейін.
- Үш жұрт: ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт.
- Үш байлық: денсаулық, ақ жаулық, қорадағы бес саулық.
- Үш дана: Абай, Шоқан, Ыбырай.
- Үш арсыз: ұйқы, тамақ, күлкі.
5-оқушы — 4 саны
- 4 амал, 4 бұрыш, 4 құбыла.
- Төрт тұлға: от, су, жел, жер.
- Төрт құбыла: шығыс, оңтүстік, батыс, солтүстік.
- Төрт маусым: көктем, жаз, күз, қыс.
- Төрт мұрат: дау мұраты — біту; саудагер мұраты — ұту; қыз мұраты — кету; жол мұраты — жету.
6-оқушы — 5 саны
- 5 — үздік баға.
- Бес қару: садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта.
- 5 асыл іс, 5 дұшпан, 5 парыз туралы ұғымдар.
7-оқушы — 6 саны
- 6 — жұп сан.
- Төртеу түгел болса, төбедегі келеді; алтау ала болса, ауыздағы кетеді.
- Алты алаш: қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, қырғыз және т.б.
8-оқушы — 7 саны
- 7 қазына, 7 жетім, 7 жоқ.
- Аптаның 7 күні, «Жеті жарғы», 7 ата.
- Жеті атасын білмеген ер, жеті жұрттың қамын жер.
- Жеті қазына: ер жігіт, сұлу әйел, ақыл, білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық (жүйрік тазы).
9-оқушы — 8 саны
8 — «сегіз қырлы, бір сырлы» деген ұғыммен үндес. «Сегіз сері» атауы да жиі айтылады.
10-оқушы — 9 саны
9 құмалақ — ұлттық ойын әрі ой-өрісті шыңдайтын зияткерлік дәстүр.
11-оқушы — 10 саны (хормен)
1 — білім ал
2 — ерлік көрсет
3 — үлгі тұт
4 — тәртіп керек
5 — бестік баға
6 — алғыс ал
7 — жеңіс біздікі
8 — сенім керек
9 — талпыну керек
10 — оқу керек
Топ басшысы
Бірлік, ондық, жүздік бар —
Сандар сырын айтатын.
17 миллион халқым бар,
Айбарлы барыс қазақпыз.
2-топ: «Өлшемдер»
Қазақтың байырғы өлшем бірліктері
Топ басшысы
Қазақта бар өлшемдер,
Сөзімді менің көркемдер.
Елі, қарыс, қадам бар —
Қазақша нағыз өлшемдер.
Жақсы мен жаман арасы
Бес елі деп өлшенер.
1-оқушы
Халық тұрмыста қазақтың байырғы өлшемдерін қолданған. Адамдардың іс-әрекеті мен қадір-қасиетін салыстыру үшін «Бес саусақ бірдей емес» деген мәтел де айтылады.
2-оқушы — сыйымдылық (саусақпен)
Шым, шөкім, бір уыс, қос уыс.
3-оқушы — ұзындық (қолмен)
Білем, шынтақ, қолтық, құлаш, кере.
4-оқушы — ұзындық (саусақпен)
Елі, тұтам, сүйем, сынық сүйем, қарыс сүйем, сере, қарыс, кере қарыс.
5-оқушы — қашықтық
Аттам жер, бөрік тастам жер, иек артпа жер, қозы көген жер, құлаш созым жер, қырық қадам, тас лақтырым жер, таяқ тастам жер, сідік шаптырым жер.
6-оқушы — тереңдік (адам бойына байланысты)
Тобыққа дейін, тізе бойы, белуар (белбуар) бойы, кіндік бойы, кісі бойы.
7-оқушы — ауырлық
- Мысқал — шамамен 5 г.
- Қадақ — шамамен 400 г.
- Пұт — шамамен 16 кг.
- Қап — шамамен 4 пұт.
- Батпан — шамамен 10 пұт.
8-оқушы — көлем
Титімдей, бас бармақтай, жұдырықтай, кесектей, қазандай.
9-оқушы — уақыт өлшемдері (табиғатқа байланысты)
Ай туғанда, алғаш қар жауғанда, жер көктегенде, жұлдыздар өшкенде, күн батарда, күн арқан бойы көтерілгенде, күн көтерілгенде, күн күркірегенде, күн төбеге көтерілгенде, қансонарда, қырау түскенде, таң бозарып атқанда, таң қылаулап атқанда, шөп сарғайғанда.
Топ басшысы қорытындысы
Білу үшін, шырағым, білмегенді сұрағын.
Жүрген елдің ойында ескі өлшемдер мол екен.
Бұл өлшемдерді білейік, есте сақтап жүрейік.
II бөлім. Ұшқыр ой
Төмендегі есептерді топ болып талқылап, жауап беріңіздер.
1) Менің ақшама осы ақшаның жартысын қоссақ, 150 теңге болады. Менде қанша ақша болған?
Жауабы: 100 теңге.
2) Анасы 10 шоколадты бөліп берді: қыздарына — үш-үштен, ұлдарына — екі-екіден. Қыздар нешеу, ұлдар нешеу?
Жауабы: 4 бала: 2 ұл, 2 қыз.
3) Отбасында 3 ер бала бар. Әрқайсысы алдындағысынан 4 жас кіші. Жастарының қосындысы 24. Әрқайсысы неше жаста?
Жауабы: 12, 8, 4.
4) Бал құйылған қалбыр 500 г. Дәл сондай қалбырдағы май 350 г. Май балдан екі есе жеңіл. Қалбырдың өзі қанша тартады?
Жауабы: 200 г.
5) Әкесі бақтан барлығы 25 алма, алмұрт және өрік жинады. Алма мен алмұрт — 15, алма мен өрік — 16. Әрқайсысы қанша?
Жауабы: 6 алма, 9 алмұрт, 10 өрік.
6) Әкем 65 жыл өмір сүрді. Оның 5 жылын суда өткізді. Суда өткізген ай санына тең жылды құрғақта өткізді. Неше ай, неше жыл?
Жауабы: суда 60 ай, құрғақта 60 жыл (есеп шарты бойынша).
7) Ерік шелегінде алабұға, теңгебалық, таутан — барлығы 14 балық. Таутан теңгебалықтан 10-ға артық. Әрқайсысы қанша?
Жауабы: таутан — 11, теңгебалық — 1, алабұға — 2.
8) Назгүл мен Бақыт — апалы-сіңлілі. Бақыттың 2 ағасы бар, Назгүлдің де 2 ағасы бар. Отбасында барлығы неше бала?
Жауабы: 4 бала.
9) Балалар 2,5 шелек жаңғақ жинады. Балалардың саны 5. Қалай тең бөліседі?
Жауабы: әрқайсысына 0,5 шелек.
10) Екі залда 50 орындық бар. Бір залдан 10 орындықты алып кеткенде, екі залдағы орындық саны тең болды. Әуелде әр залда қанша орындық болды?
Жауабы: 1-залда 30, 2-залда 20.
III бөлім. Ойлан, тап!
Математикалық санжұмбақты шешу арқылы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді оқисыздар.
I топ — «Ахмет атаның асыл сөзі»
Бұл сөзжұмбақты шешсеңдер, Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөзін оқи аласыздар.
Жауабы:
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
II топ — «Халық даналығы»
Сандарды сөйлете алсаңдар, халқымыздың қызға қатысты мақалын оқи аласыздар.
Жауабы:
Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі.
IV бөлім. Тез есепте
Ерназар әулеті
Ерте, ерте, ертеде Ерназар деген адам өмір сүріпті. Оның тоғыз ұлы болыпты. Әкесі тоғыз ұлына бір үйдің тоғыз қызын алып беріпті. Әр келінінен — тоғыз немере, әр немереден — тоғыз шөбере, әр шөбереден — тоғыз немене көріпті.
Жауабы
9 + 81 + 729 + 6561 = 7380 адам
«Жеті» тізбегі
7 адамның әрқайсысында 7 тазы бар. Әр тазы 7 түлкі ұстайды. Әр түлкі 7 тышқан жейді. Әр тышқан 7 масақ жинайды. Әр масақта 7 дән бар. Бәрі қанша?
Жауабы
7 + 49 + 147 + 1029 = 1232
V бөлім. Жеті жұрттың тілін біл
Жұмбақтардың жауабын үш тілде айту.
1) 11 түйе, 5 жылқы, 2 сиыр, 5 ешкі, 2 қоян, 3 түлкі. Барлығы нешеу?
Жауабы: 28.
2) Бір алманы төртке бөлдік. Бір бөлігін жедік. Қалған үш бөлігін қасымдағы үш досыма бердім. Маған қанша қалды?
Жауабы: 0.
3) Қарбыздарды екі-екіден санадым. Жұп саны — бесеу болды. Түп саны нешеу?
Жауабы: 10.
4) Оспан ортаға 37 қалам әкелді. Әр балаға екі-екіден тиді, ал Күләшқа бір қалам артық тиді. Класта неше оқушы бар?
Жауабы: 18 оқушы (қалғаны 1 қалам).
VI бөлім. Кім жылдам?
Әр топ сан есімі бар мақал-мәтел және жаңылтпаш айтып жарысады.
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Білімге деген құштарлық билесін адам санасын.
Білімді болсаң — білікті, бар сыннан жолды табарсың.
Мыңнан жүйрік кім болар? Қазылар бағасын береді.