Тұмар бекеті
«Туған тілім – тірлігімнің айғағы» интеллектуалды ойыны
Бұл зияткерлік сайыс оқушылардың ана тіліне деген құрметін арттыруға, тілдің көркемдігі мен құдіретін терең сезінуге бағытталған. Сайыс барысында топтар түрлі бекеттерден өтіп, өз білімін, тапқырлығын, шешендігін және шығармашылық қабілетін көрсетеді.
Мақсаттар
- Оқушыларға ана тілінің қадір-қасиетін танытып, көркемдігін сезіндіру, сөз құдіретін және тілдің адам өміріндегі маңызын ұғындыру.
- Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы дүниетанымын кеңейтіп, ой-өрісін дамыту.
- Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу мен шешендік өнерге баулу; мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге үндеу.
Көрнекіліктер
- Нақыл сөздер жазылған плакаттар, бекеттер мен топ атаулары.
- «Ана тілі – ардағым» кітап көрмесі.
- Мадақтау қағаздары.
- Microsoft PowerPoint бағдарламасында әзірленген презентация.
Қатысушылар мен рөлдер
- 3 топ: Тапқырлар, Зеректер, Ойшылдар.
- Жүргізушілер – сайыс барысын жүргізеді.
- Әділқазылар – ұпайды бағалайды, тең ұпай болғанда қосымша сұрақ береді.
Жүргізуші сөзі: сайыс рухы
Тіл атты бүгін бізде сайыс өтер,
Тұлпарлар тұяқтарын дүбірлетер.
Сайысқа сайгүліктер шапқалы тұр,
Ең жүйрігі мәреге озып жетер.
Жүйріктің екпініне шыдамайтын,
Шаба алмай, шабандоздар артта қалар.
Дүркіреген тіл сайыс аламанда,
Тамызған тілдің майын озып келер.
Поэзиялық арқау
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
— С. Торайғыров
Мұғалімнің сөзі: сапардың басталуы
Құрметті оқушылар, бүгін біз үш топ болып Қазақ тілі еліне сапар шегеміз. Алдымыздан бірнеше бекет кездеседі. Сол бекеттердегі тапсырмаларды орындаған топ «Қазақ тілінің жанашыры» атағына ие болады.
Әділқазылар алқасы
Әділқазылар алқасы ретінде тәрбие ісінің меңгерушілері, әдебиет пәні мұғалімдері және бастауыш сынып мұғалімдері шақырылады.
Ойынның шарты
- Сайыс аяқталғанға дейін қатысушылар 7 бекеттен өтеді.
- Әр бекеттің өз тапсырмасы мен ұпайы бар; тапсырмалар белгіленген уақыт ішінде орындалады.
- Ұпай саны тең болған жағдайда жеңімпазды анықтау үшін әділқазылар қосымша сұрақ қояды.
Сайыскерлерге сәттілік тілейміз, ойынымызды бастаймыз!
Бекеттер
1) «Қайырлы таң» бекеті
Үш топтың сәлемдесуі және таныстыруы. Бұл турда көрермен де дауыс бере алады: ұнаған топтың таныстыруына қолдарыңыздағы 10 ұпай белгісін жәшікке саласыз.
Тапқырлар
Білім қуған баламыз,
Жетілген ой-санамыз.
Сайысыңдар бізбенен,
Біз Тапқырлар боламыз.
Ұраны: Тіл тағдырын сән қылып, көтереміз мәңгілік!
Зеректер
Ілім-білім туралы,
Іздеген талмай деректер.
Білімді болсаң келіп көр,
Біз боламыз Зеректер.
Ұраны: Жаңғырығып үніміз, мәңгі жасар тіліміз!
Ойшылдар
Бағынады біздерге,
Өрмелеп шығар өр шыңдар.
Зерделейтін ғылымды,
Біз боламыз Ойшылдар.
Ұраны: Тіл тарихы халқымның, тілім – ұлттық қазынам.
Әділқазылар дұрыс жауап берген жағдайда алдарындағы жәшікке 10 ұпай белгісін салады.
2) «Үміт» бекеті
I тапсырма
Әр топ тіл туралы өлең оқиды. Сонымен қатар мақал-мәтелдерді жалғастыру: әр дұрыс жауапқа 20 ұпай.
- Отан ____ да ыстық. Жауабы: оттан
- Туған жерге ____ тік. Жауабы: ту
- Туған жердің ____ де ыстық, ____ де ыстық. Жауабы: күн, түн
- ____ көтермегенді, тіл көтереді. Жауабы: піл
- ____ ойлағанды, тіл бітіреді. Жауабы: ми
- ____ — көңілдің айнасы. Жауабы: көз
- Тіл ____ да өткір. Жауабы: қылыш
- Тіл — көңілдің ____. Жауабы: кілті
- ____ шалысынан сөз шалысы жаман. Жауабы: от
II тапсырма
Мақалдың бірінші жолы беріледі, екінші жолын табасыздар. Әр дұрыс жауапқа 30 ұпай.
- Ат жүйрігі асқа, …
- Ана тіліңді ұмытқаның, …
- Ұлтарақтай болса да, (ата-қоныс жер қымбат)
- Азаматтың қадірін, (ағайын емес жат білер)
- Тіс қатты ғой, (бірақ сынып кетеді)
- Жылқы ішінде жүйрік көп, (қазанаты бір бөлек)
- Жақсы адамның ашуы, (шәйі орамал кепкенше)
- Қалың болсаң жердей бол, (бәрін шыдап көтерген)
- Еріңді жек көрсең, (елге қалай сиярсың)
3) «Тұмар» бекеті
Қызықты грамматика. Әр дұрыс жауапқа 20 ұпай.
Тапқырлар
A) Жуан дауыстыларды көрсет:
а, ә, о, е, ұ, ө, ы, ү, і, и
Жауабы: а, о, ұ, ы
В) Синоним қатарын жаса:
күшті, ел, үлкен, лауазым, өң, науқас
Зеректер
Ә) Табиғи жұп күйіндегі заттарды тап:
аяқ, ыдыс, көз, фотоальбом, ақша, құлақ, мұрын, етік, қолғап
C) Тілдік бөлшектерді үлкеннен кішісіне қарай ретте:
мәтін, буын, дыбыс, сөз тіркесі, сөз, сөйлем
Жауабы: мәтін → сөйлем → сөз тіркесі → сөз → буын → дыбыс
Ойшылдар
Б) Қатаң дауыссыздарды көрсет:
қ, г, к, п, б, с, т, в, х, ш, ц, д, н
Жауабы: қ, к, п, с, т, х, ш, ц
Д) Қимыл-қозғалыс, әрекет сөздерін таңда:
айт, тамақ, жаз, оқы, мылтық, адам, қоян, бер, берме, найза, ал
Жауабы: айт, жаз, оқы, бер, ал, берме
Барлық топқа ортақ тапсырма
Г) «Орамжапырақтар» сөзінен сөзжасам жасаңыз.
Мысал жауаптар: ор, ара, арық, жап, жара, жарақ, жарық, тарақ, тар, ақ, ақта, пырақ, орам, жапырақ, тақыр, қырат, т.б.
Бұл тапсырма үшін дұрыс жауаптарға 30 ұпай беріледі.
4) «Ғалым» бекеті
Тест сұрақтары.
Тапқырлар
1) «Тіл туралы» заң қашан қабылданды?
A) 1987 ж. 17 қараша
B) 1989 ж. 22 қыркүйек
C) 1990 ж. 13 маусым
D) 1992 ж. 15 қазан
4) «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте!» авторы кім?
A) Қ. Мырзалиев
B) Ә. Тәжібаев
C) С. Торайғыров
D) М. Шаханов
7) «Паспорт» сөзінің жаңа атауын табыңыз.
A) қағазы
B) куәлік
C) анықтама
D) төлқұжат
Зеректер
2) Тіл білімінің негізін салған кім?
A) Ш. Уәлиханов
B) М. Жұмабаев
C) А. Байтұрсынов
D) Ы. Алтынсарин
5) Абайдың ән-өлеңдер жинағы қайсысы?
A) «Айттым, сәлем, Қаламқас»
B) «Дариға жүрек»
C) «Сөйле, менің жүрегім»
D) «Асау жүрек»
8) Желтоқсан құрбаны кім?
A) Мәншүк Мәметова
B) Бауыржан Момышұлы
C) Қайрат Рысқұлбеков
D) Амангелді Иманов
Ойшылдар
3) Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады?
A) парсы
B) араб
C) португал
D) түркі
6) Қазақ балалар әдебиетінің атасы кім?
A) Абай
B) Ы. Алтынсарин
C) М. Жұмабаев
D) С. Көбеев
9) Биыл Тәуелсіздігімізге неше жыл толады?
A) 15
B) 19
C) 21
D) 20
5) «Өнер» бекеті
Тұрақты сөз тіркестерінің мәнін ашыңыз. Әр дұрыс жауапқа 50 ұпай беріледі. Бұл бекетте көрермен де дауыс бере алады: қолдарыңыздағы 50 ұпай белгісін ұнаған топтың шығармасына немесе әңгімесіне бересіз.
Тапқырлар
- Қас пен көздің арасында — лезде.
- Тайға таңба басқандай — анық.
- Тонның ішкі бауындай — тату.
Зеректер
- Қара қылды қақ жару — әділ.
- Аузына құм құйылды — үндемеу.
- Бет моншағы үзілу — ұялу.
Ойшылдар
- Төбе шашы тік тұрды — шошыды.
- Көзге түртсе көргісіз — қараңғы.
- Жарғақ құлағы жастыққа тимей — мазасыздану.
6) «Дарын» бекеті
Шығармашылық тапсырма: «Ана тілім – ардағым» тақырыбы бойынша өлең немесе әңгіме жазу.
7) «Шешен» бекеті
Берілген тапсырманы жалғастырып, өз ойыңызды жүйелі түрде өрбітіңіз. Уақыт: 5 минут.
Қорытынды бөлім
Сайыс мәресіне таяғанда әділқазылар ұпайларды санап, «Қазақ тілінің жанашыры» атағын иеленген топты анықтайды. Нәтиже шыққанша әуен тыңдалып, кейін топтар марапатталады.
Тіл — қасиетті, құдіретті, киелі. Бұл қасиеттер бойға ананың ақ сүтімен дариды. Қандай қиындық болса да, тіл өшпейді: ол ұрпақтың қанына, жанына өміршең рух болып сіңе береді.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
— Ә. Тәжібаев
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Көк байрағым мықты болсын қолдағы.
Мерейтойымыз да бүгінгі,
Бақытымыз болар біздің ол-дағы.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Қазағымның бұзылмасын қаймағы.
Еркіндігі мәңгілікке елімнің,
Желбіресін көгімде көк байрағы.
— Сынып жетекшісі Айсұлу апайдың арнауы