Жай ғана қарапайым сөз
«Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы»
Н. Ә. Назарбаев Абай атамыздың «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген сөзін еске алып, адамның кісі болып қалыптасуы көбіне ұстазға байланысты екенін ерекше атап өткен.
Мұғалімдік мамандық — бұл адамтану. Бұл — адамның күрделі де қызықты, сан қырлы рухани әлеміне үңіле білу. Адам өмір бойы білім алып, оны шәкірттеріне жүйелі түрде жеткізе білу — ұстаздық қасиеттің ең жоғары жетістігі.
Ұстаздыққа адалдық — әркімнің қолынан келе бермейтін іс
Сондай үлкен ұғымдағы ұстаздыққа барынша адал болып, бар ғұмырын осы салаға арнау — кез келген адамның қолынан келе бермес. Ата-анамның айтуынша, бала күнімде түрлі ойыншықтармен ойнағаннан гөрі, қолыма қағаз бен қалам алып «ағай болып» ойнауды ұнататынмын.
Сол арман мектеп қабырғасында-ақ басты мақсатқа айналды. Мұғалім болуды риясыз жақсы көрдім, жан жүрегіммен қаладым.
Ұстаз — қарапайым сөз емес
«Ұстаз»... Жай ғана қарапайым сөз секілді. Бірақ осы ұғым әр адамның жүрегінен орын алады. Тек орын алып қана қоймай, оның өмірлік ұстанымының, дүниеге көзқарасының, адамгершілік қасиеттерді сіңіруінің қайнар көзіне айналады.
Абай мен Шәкәрім айтқан үштаған
Халқымыздың біртуар перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болады. Олар — адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» десе, ұлы Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...» деп толғаған.
Бұл үндес ойлар ұстаз туралы айтылғандай әсер қалдырады. Себебі осы қасиеттерді бойына жинап қана қоймай, оны ұрпақ бойына дарытатын да, дамытатын да — ұстаз. Ұстаз — мемлекетіміздің ең қымбат байлығы саналатын халықтың санасын қалыптастыратын, зор жауапкершілікті арқалаған тұлға.
Адал еңбек
Үлгі болу — сөзден бұрын іс арқылы тәрбиелеу.
Мінсіз ақыл
Әділ бағалау, терең түсіндіру, жүйелі ойлау.
Таза жүрек
Мейірім, сенім, шәкіртке шынайы жанашырлық.
Шәкірт жетістігі — ұстаз бақыты
«Үлкен бір жұмысты сәтті орындаудың бір ғана жолы бар: істі жан-тәніңмен сүю қажет». Адам баласы өмірде жемісті ғұмыр кешіп, бақытты болуды армандайды. Табысты еңбек етсем, аңсаған мақсатыма жетсем деп тілейді. Сол үшін әрекет етеді, маңдай терін төгеді.
Шәкірттің әрбір жетістігіне қуану, өз еңбегіңнің жемісін көру — ұстаз үшін ең үлкен бақыт. Өз шәкірттерімді баули жүріп, кез келген істе нәтижеге жетуге ынталандырамын, оларға сенім білдіремін. Сенім болмаса, адам баласы жетем деген биігіне жете алмайды.
Соның нәтижесінде шәкірттерім түрлі деңгейдегі сайыстар мен олимпиадаларға қатысып, ғылыми жобаларды қорғауда жүлделі орындарға ие болып, жоғары белестерден көрініп жүр. Жан-жағыма жиналған шәкірттерімді көргенде, еңбегімнің жемісті болғанына шүкіршілік етем.
Ұстаздық жол — жалғасқан сабақтастық
Шәкірттерім жайқалған жапырақтай көбейген сайын, өзімнің де тәжірибем толысып, тамырым тереңдей түсті. Діңім қатайып, бұтақтарым басқа ұстаздармен ұштасып, ортақ мүддеге айналды. Әр шәкірт мені үлгі тұтып, бір мақсатқа ұмтылып, бір бағытқа біріге алса — қоғамның ауыр да абыройлы жауапкершілігін арқалаудан жалықпаймын.
Қорытынды ой
Мен осы қиын болса да қасиетті, ауыр болса да абыройлы — мұғалім мамандығын таңдағаныма мақтан етемін. Ұстаз — әрдайым үлкен әріппен жазылар, мағынасы терең сөз. Өйткені ол — шәкірттің жан дүниесін қалыптастыратын, жақсы қасиеттерін өсіретін, жүрегін нәрлендіретін адам.
Назым Хикметтен
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?!
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін маман иесі болғанымды мақтан тұтамын.