Жарайды балам

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы

Өтетін орны

Қызылорда облысы, Әйтеке би кенті, №7 «Балдырған» балабақшасы

Тәрбиеші

Ербозова Бақыт

Тобы

Ересек топ

Ойын түрі

Мазмұнды кейіпкерлі ойын: «Емхана»

Мақсаты

Балалардың дәрігер еңбегін бақылауы арқылы іс-әрекетін рөлдерге бөліп ойнауға үйрету. Ақ халатты абзал жандардың қамқорлығын, мейірімділігін және кішіпейілдігін сезіне білуге дағдыландыру.

Ойын арқылы баланың білім деңгейін жандандырып, сөздік қорын молайту, ауызекі сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Жауапкершілікке, адалдыққа, имандылыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Көрсету
  • Сұрақ-жауап
  • Жеке жұмыс
  • Қорытындылау

Көрнекілік

  • Әр дәрігерге арналған арнайы бөлмелер
  • Дәрі-дәрмектер
  • Ақ халат, бас киім
  • Дәрігерге қажетті құрал-жабдықтар

Алдын ала жұмыс

Балабақша дәрігері Анар апайдың еңбегімен таныстыру.

Қажетті құралдар

Дәрі-дәрмектер, кітапшалар, халаттар, бас киімдер, құрал-жабдықтар.

Сабақтың барысы: диалог пен ұйымдастыру

Кіріспе әңгіме

Тәрбиеші: Балалар, келген қонақтармен амандасайық.

Балалар: Амандасады.

Тәрбиеші: Есімізге түсірейікші, қандай мамандық түрлерін білесіңдер?

Балалар: Дәрігер, аспаз, құрылысшы, дүкенші, шаштараз.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар! Жақында біз қандай мамандық иесімен таныстық?

Балалар: Дәрігер.

Тәрбиеші: Дәрігер Анар апайдың еңбегімен таныстық. Ол бізге не туралы айтты?

  • Дәрігер құралдарымен таныстырды.
  • Таза ауада жүру керектігін ескертті.
  • Дәрумені мол тағамды көбірек жеу керектігін айтты.
  • Спортпен шұғылдану қажет екенін түсіндірді.
  • Ауырып қалсақ, дәрігерге қаралу керектігін айтты.

Тәрбиеші: Дені сау азамат болып өсу үшін үлкендердің сөзін тыңдап, дәруменді тағамдар жеп, спортпен айналысуымыз керек. Таза жүріп, тамақ алдында қолымызды жууды ұмытпаймыз.

Ойынға дайындық

Тәрбиеші: Дәрігер болып ойнағыларың келе ме? Дәрігер мамандығы сендерге ұнай ма?

Бүгін тобымыз «Емхана» рөліне сай дайындалды: терапевт, бала дәрігері, қабылдау бөлмесі, егу бөлмесі, дәріхана, жанұя.

Ойын басталар алдында санамақ арқылы дәрігерлерді таңдаймыз. Әр дәрігердің өз міндеті бар.

Рөлдер мен міндеттер

Қабылдау бөлмесі

Науқасты жылы қарсы алады, карточкасын табады, тиісті дәрігерге бағыттайды, сауығып кетуіне тілек білдіреді.

Терапевт

Науқастың шағымын тыңдап, тексеріп, алғашқы көмек көрсетеді және ем тағайындайды.

Бала дәрігері

Баланы тексеріп, дәрісін және емін белгілейді, ата-анаға күтім жөнінде кеңес береді.

Егу бөлмесі

Дәрігердің тағайындауына сай екпе салады, емнің дұрыс орындалуын қадағалайды.

Дәріхана

Халыққа қызмет көрсетіп, дәрілерді береді, қабылдау тәртібін еске салады.

Тәрбиеші: Балалар, өз рөлдеріңді түсіндіңдер ме? Ендеше орындарыңа жайғасайық.

Ойын көріністері: «Емхана»

1-көрініс: Үлкен кісі терапевтке келеді

Қабылдау бөлмесі

Қызметкер: Сәлеметсіз бе! Қош келдіңіз!

Науқас: Көп жаса, балам.

Қызметкер: Қай жеріңіз ауырып келдіңіз, ата?

Науқас: Басым ауырады.

Қызметкер: Карточкаңызды тауып берейін. Аты-жөніңізді, мекенжайыңызды айтыңыз.

Қызметкер: Міне, карточкаңыз. Сіз терапевт дәрігеріне барасыз. №1 бөлмеге кіре беріңіз. Сау болыңыз!

Терапевт

Дәрігер: Сәлеметсіз бе?

Науқас: Өркенің өссін, балам.

Дәрігер: Қай жеріңіз ауырып мазалайды?

Науқас: 2–3 күн болды басым ауыра береді.

Дәрігер: Қане, қан қысымыңызды өлшейін.

Дәрігер: Қан қысымыңыз жоғары екен. Қазір егу бөлмесіне жіберемін: қысымды түсіретін дәрі егіледі.

Дәрігер: Анализге жолдама жазып беремін. Дәріханадан мына дәріні алып барыңыз. Ертең таңертең қан тапсырыңыз. Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады.

Дәрігер (мейірбикеге): Зере, атаға анализге қағаз жазып берші.

Дәріхана

Дәріханашы: Сәлеметсіз бе, ата! Қандай көмегім керек?

Ата: Амансың ба, балам! Мына дәрілерді жазып беріпті.

Дәріханашы: Иә, бар екен. Қазір берейін. 2000 теңге болады.

Ата: Рақмет, балам.

Дәріханашы: Ем болсын, ата!

Егу бөлмесі

Медбике: Сәлеметсіз бе, ата!

Ата: Өркенің өссін, балам. Дәрігер жазып берді.

Медбике: Қағазыңызды беріңіз, тіркеп алайын. Бұрын осы екпені салдырып көрдіңіз бе?

Ата: Иә, балам. Уайымдама, алып жүрмін.

Медбике: Онда орындыққа жайғасыңыз. Ем болсын. Күніне екі мезгіл келіп алыңыз.

Ата: Жарайды, уақытылы келіп тұрамын. Үлкен азамат бол, балам!

Медбике: Сау болыңыз!

2-көрініс: Ана мен бала екпеге келеді

Қабылдау бөлмесі

Қызметкер: Сәлеметсіз бе, апай!

Ана: Сәлеметсіз бе!

Қызметкер: Қай шаруамен келдіңіз?

Ана: Кішкентайымды бір жолғы екпеге алып келдім.

Қызметкер: Карточкаңызды тауып берейін. Аты-жөні, мекенжай, туған күні?

Ана: Ахметова Шахназ. С. Мұханов көшесі, №5. 05.01.2010.

Қызметкер: Міне, карточкаңыз. №2 бала дәрігеріне барасыз. Сау болыңыз!

Бала дәрігері

Дәрігер: Сәлеметсіз бе!

Ана: Амансыз ба! Баламды бір жолғы екпеге алып келдім.

Дәрігер: Келе ғой, балақай. Атың кім?

Бала: Шахназ.

Дәрігер: Температураңды өлшейік. Аузыңды аш. Енді кеудеңді тексерейін.

Дәрігер: Қыс мезгілінде жылы киіну керек, суық су ішпейміз. Анаңның айтқанын тыңда, тұмау болып қалма.

Бала: Жарайды, анамның айтқанын орындаймын.

Дәрігер: Апай, қазір егу бөлмесіне барыңыздар. 3 күнге дейін шомылмаймыз. Кешке қызуы көтерілсе, жақын дәріханадан парацетамол алып, беріңіз. Жарай ма?

Ана: Жарайды, сау болыңыз.

Дәрігер: Сау болыңыз, ем болсын!

Егу бөлмесі

Медбике: Сәлеметсіз бе!

Ана: Сәлеметсіз бе, бір жолғы екпеге келдік.

Медбике: Келе ғой, балақай. Карточкаңызды беріңіз, тіркеп алайын.

Медбике: 3 күнге дейін суға түсірмейміз. Кешке қызуы көтерілсе, парацетамолдан бір түйір беріңіз. Жарай ма?

Ана: Жарайды.

Медбике: Сау болыңыз! Ем болсын!

Ана: Рақмет сізге.

Дәріхана

Дәріханашы: Сәлеметсіз бе! Қандай көмегім қажет?

Ана: Сәлеметсіз бе, парацетамол бар ма?

Дәріханашы: Міне, дәріңіз. 50 теңге тұрады. Ем болсын, ауырмаңыз!

Ана: Рақмет, сау болыңыз!

3-көрініс: Үйге шақырту

Қабылдау бөлмесі (телефон арқылы)

Қызметкер: Сәлеметсіз бе? Алло, емхана, қабылдау бөлмесі.

Ана: Баламның қызуы түспей, қатты ауырып тұр.

Қызметкер: Аты-жөні? Туған күні? Қай көшеде тұрасыздар?

Ана: Айтуған Әлмансұр. 03.01.2010. Біржан сал көшесі, №110.

Қызметкер: Қазір дәрігерді үйіңізге жіберемін.

Бала дәрігері (шақырту қабылдау)

Қызметкер: Біржан сал №110 үйден шақырту түсті.

Дәрігер: Жарайды, қазір шығамыз.

Қызметкер: Машина дайын.

Дәрігер: Қане, жиналайық.

Үй жағдайында тексеру

Дәрігер: Ассалаумағалейкүм.

Үй иелері: Уағалейкүмассалам. Көшені таба алмай қаларсыздар деп күтіп тұр едік.

Ана: Баламның қызуы көтеріліп, ауырып тұр.

Дәрігер: Келе ғой, балақай. Температураңды өлшейік.

Дәрігер: Балаңыздың тамағы қабынып тұр, қызуы содан болуы мүмкін.

Ана: Кеше далаға жеңіл киініп шығып кетіпті.

Дәрігер: Қыс мезгілінде жылы киіну керек, суық су ішпейміз. Анаңның айтқанын тыңдаймыз, жарай ма?

Бала: Жарайды, анамның айтқанын орындаймын.

Дәрігер: Дәрілер жазып беремін. Медбике қазір дәрі егеді. Күніне екі рет ем алып тұрыңыздар. Ауызды шаюды ұмытпаңыздар.

Ана: Жарайды, уақытылы жасап тұрамыз.

Дәрігер: Тез жазылып кетуіңе тілектеспін. Ем біткен соң емханаға бір көрініп кетіңіздер.

Әке: Сау болыңыз, шығарып салайын.

Қорытынды және кері байланыс

Тәрбиеші: Балалар, ойын сендерге ұнады ма? Бүгін бәріңнің рөлдік ойындарың мен іс-әрекеттерің ұнады. Әсіресе Раяна, Меруерт, Дамир, Ринат — жарайсыңдар!

Бүгін біздің іс-әрекетімізді бақылауға күнделікті денсаулығымызды қадағалайтын дәрігеріміз Анар апай келіп отыр. Анар апай, балалардың ойыны сізге ұнады ма?

Анар апайдың пікірі

Балалар, ойын кезіндегі іс-әрекеттерің маған өте ұнады. Ризашылығымның белгісі ретінде сендерге дәрумендер алып келдім — бұл сендерге күш-қуат береді.

Балалар: Рақмет, Анар апай!

Балалардың тақпақтары

Раяна

Нәр алып жылы сөзіңнен,
Жақсарып келем жалындай.
Шипалы сөзің, еміңмен,
Көктемгі жасыл жайлаудай.

Меруерт

Адалдық ақ жол сеніммен,
Алғысын көптің ала бер.
Ақжарқын адал көңілмен,
Сырқаттың жайын таба бер.
Күш-қуат алып өмірден,
Қартайма, лаулап жана бер.

Күтілетін нәтиже

Жаңғыртады

Аурухана туралы бұрыннан білетін түсініктерін еске түсіреді.

Түсінеді

Дәрігерлердің түрлі салаға бөлініп қызмет ететінін түсінеді.

Қолданады

Рөлге бөлініп ойнау арқылы дәрігер еңбегін бағалап үйренеді, олардың күрделі жұмысына құрметпен қарайды.

Ойын осы жерде аяқталады. Күннің екінші жартысында ойын қайта жалғасады.