Қош бол, сүйікті әліппем
Қош бол, сүйікті Әліппем!
Мақсаты
Оқушылардың сауат ашу пәні барысында алған білімдерін тиянақтау.
Құрметті қонақтар!
Құрметті қонақтар, ата-аналар, әріптестер және оқушылар! Бүгін мектебімізде үлкен мереке, зор қуаныш. 1 «В» сыныбының оқушылары өздерінің сүйікті Әліппесін аяқтап, қоштасқалы отыр.
Әліппе — білімнің, ғылымның бастауы; даналыққа бастар алғашқы қадам. Бүгінгі қуанышты күн — «Әліппемен қоштасу» мерекесі құтты болсын!
«Қош бол, сүйікті Әліппем!» атты кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Жұмбақ
Әр білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы.
Жас балаға нұр шашқан,
Қандай кітап тіл ашқан?
Жауабы: Әліппе!
Мұғалім
Дұрыс, балалар! Ендеше ортамызға өздеріңнің сүйікті достарың — Әліппені шақырайық.
Балалар (хормен)
Келіңіз, Әліппе, келіңіз!
Әліппенің сөзі
Армысыздар, жан достар!
Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар —
Әліппе келді ортаға.
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген —
Келешегі ғажаптың
Басталады сендерден.
Мұғалім
Балалар, біз Әліппеге рахмет айтамыз. Рахметімізді әнмен жеткізейік.
Хор: «Әліппе» әні
Әліппеге арналған өлеңдер
1-оқушы
Ыстық әрбір беттерің,
Жазуыңды ұғамын.
Ақыл бердің, Әліппе,
Ақылдысың, мұғалім!
2-оқушы
Ізгілікті ойға тоқитын,
Шәкірт боп үздік оқитын.
«Әліппе» атты кемемен
Кеземін білім мұхитын.
3-оқушы
Үйретті бізді Әліппе
Қырық екі әріпке.
Сөз, сөйлем құрап әріптен,
Лайық болдық дәріпке.
4-оқушы
Оқитын әрі жазатын,
Білімге қол созатын.
Оқушы болдық сауатты,
Білімнің кенін қазатын.
5-оқушы
Іші толы әріпке —
Мынау әйбат Әліппе.
Барлық ілім-білімнің
Әжесі осы — Әліппе.
6-оқушы
«А» деген — аналар ғой ардақты,
«Ә» деген — әкелер ғой салмақты.
«Б» деген — балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі.
7-оқушы
Әліппем, менің Әліппем,
Сені қолға алып мен,
Есігін аштым мектептің —
Ертеңгі күн мен жарықпен.
8-оқушы
Пайдаң тисін Отанға,
Риза болсын халқымыз.
«5» болсын алар бағамыз,
Білімнен бақыт табамыз.
Ән
«Қошақаным»
Би
«Қаражорға»
Қане, балалар, ендеше Әліппені шығарып салайық.
Хормен
Қош бол, сүйікті Әліппе!
Келесі кітап — «Ана тілі»
Мұғалім
Балалар, сендердің білімдеріңді, өнерлеріңді көріп, Әліппе риза болып кетті. Енді «Ана тілі» кітабын оқитын боласыңдар. Бұл пәнді де жақсы оқиды деп сенемін. «Ана тілі» пәнін шақырайық.
Хормен
Ана тілі, Ана тілі, Ана тілі келеді.
1-оқушы
Ана тілің — біліп қой,
Бостандығың, теңдігің.
Ана тілің — біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ән
«Топ-топ балақан»
Би
Орыс биі
Ойындар мен би
Келесі кезекті «Кім жылдам?» ойынына береміз. Балалар үрілген шарды жарып, ішіндегі тапсырмаларға жылдам жауап береді.
«Көңілді күн» биі
Барлығы бірге билейді.
Ата-аналарға сөз
Енді сөз кезегін ата-аналарға береміз.
Қорытынды
Осымен «Қош бол, сүйікті Әліппе!» атты мерекелік кешіміз аяқталды. Қадірлі қонағымыз болғандарыңыз үшін көп-көп рахмет!