Құрметті асыл аналар, әжелер мен қыздар
Ана – өмірдің шуағы
Құрметті асыл аналар, әжелер мен қыздар! Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің түкпір-түкпірінде тойланатын 8 Наурыз — аналар, әжелер мен қыздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Ананың тілегі, ананың жүрегі, ананың махаббаты мен ыстық құшағынан қасиетті ештеңе жоқ. Ең жарық күннің нұры да ананың шапағатты мейіріміне тең келмейді.
Бүгінгі мерекелік кешіміз — «Ана – өмірдің шуағы» — ашық деп жарияланады. Барлық өнеріміз сіздер үшін!
Көрініс: мереке қарсаңындағы көңілді сәт
Мұхаммед:
Мереке, мереке! Мереке де келіп қалды. Бізде бәрі дайын ба? Қонақтар да келіп қалды.
Аслан:
Айттым ғой мен сендерге, үлгермейміз қазір деп. Бәріне қыздар кінәлі, өлең айтып болғаны.
Саят:
Ұлдар, ұлдар, ұрыспаңдар. Әне, өздері де келіп тұр. Көңілдірек қарсы алайық — біздің қыздар келіп тұр!
Қыздар ортаға шығады.
Би: «Анашым»
Мерекеге өнерімен келген қыздар мен ұлдар тобы көрерменге әсем би тарту етеді. Қол соғып, демеу берейік!
Би қойылымы:
«Анашым»
Ана туралы жұмбақ
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Қолын қатты тигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан —
Бұл кім?
Балалардың жауабы
Ана!
Ана — мейірімнің, сабырдың, шексіз қамқорлықтың символы.
Өлеңдер: аналарға арналған жүрекжарды жолдар
Бүгінгі мейрамда көктемдей көңіл сыйлайтын балаларымыз аналарға арнап өлең оқиды.
Гүлдана
Ана деген ақылшың,
Анаң барда батырсың.
Қасыңда кім болса да,
Тек анаңа жақынсың.
Нұрайым
Әр сөзімді жаттаған,
Жүрегімде сақтаған.
«Анашым» деп мақтанам,
Айналайын ақ мамам.
Гүлсезім
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.
Мариям
Шашымды өріп тараған,
Қабағыма қараған.
Үлкен-кіші демейді,
Сыйлайды оны бар адам.
Гүлай
Ақ анашым, аппақым,
Өзің жайлы тақпағым.
Өзің жайлы әнім де —
Арнадым саған бәрін де.
Балжан
Ана десем — шешек ашар жанарым,
Өмірімнің бастауы — сол жанарың.
Ана деген — тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.
Абай атамыз: «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…» — дегендей, балалардың орындауындағы «Ақ мамам» әні ұсынылады.
Ән: «Ақ мамам»
Өлеңдер: ананы ардақтау
Ана — елдің ардақтысы. Халқымыз Отанды да, ең аяулысын да «Ана» деп бекер атамаған.
Мұхаммед
Ақ қабақты анашым,
Күн сәулелі анашым.
Әлпештеген баласын —
Айналайын анашым!
Бағлан
Ақыл құйған санама
Күннен артық, расында.
Күн алыста, ал анам —
Үнемі менің қасымда.
Аман
Анамды мен жақсы көрем,
Айтқан тілін алып жүрем.
Қасымда анам жүргенде,
Шаттанып ойнап, күлем.
Еркебұлан
Сенен өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті аналар!
Би: қыздардың орындауында
«Кемпірқосақ»
Ойын: «Кір жаю»
Қатысушылар: 3 ана және 3 ұл бала.
Шарты: аналар шелектен жуылған беторамалдарды беріп тұрады, ал ұлдар оларды жіпке іледі. Бірінші болып болған топ шелектерін қолдарына алып, орындыққа отырады.
Әжелерге арналған құттықтау
Бүгінгі мерекеде әжелерімізді де шын жүректен құттықтаймыз. «Қариясы бар үйдің — қазынасы бар» деп бекер айтылмаған.
Досмұхан
Менің әжем мейірбан,
Мені жақсы көреді.
Қажетіне жарасам,
Жас балаша күледі.
Ажарлым
Мені жақсы көреді,
Күндей күліп жүреді.
Көп ертегі біледі,
Маған айтып береді.
Шұғыла
Әже деген көп шығар,
Әжемдей жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі —
Қандай ғажап күлкісі!
Асел
«Қоя ғой, қарғам, күнім» деп,
Айналар жанды жылытып.
Қараса әжем күлімдеп,
Кетеміз бәрін ұмытып.
Саят
Әжем менің асыл жан,
Жақсылыққа үйретіп,
Жамандықтан шектейді.
Әжеме ешкім жетпейді!
Ән
«Сағындым, әже»
Қыздарға құрмет
Достықты бірге ойлаймыз, бірге күліп ойнаймыз. Қыздарды да құттықтап, мерекені бірге тойлаймыз. Осы сәтте топтың ер азаматтары қыздарға арнап би билейді.
Би
«Джентльмендер»
Ойын: «Жылы сөздер»
Аналар өз балаларына берілген әріптерден басталатын жылы сөздер айтып, мейірім мен ықыласқа толы тілектерін жеткізеді.
Қорытынды құттықтаулар (көп тілде)
Әділбек (қазақша)
Қымбатты әжелер, аналар, апалар, қыздар! Сіздерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Сіздерге зор денсаулық пен мол бақыт тілейміз. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Досмұхан (орысша)
Милые мамы, дорогие бабушки, уважаемые воспитатели! От всей души поздравляем вас с весенним праздником 8 Марта. Желаем вам здоровья, счастья и успехов во всем!
Бағлан (ағылшынша)
Dear Mummy, dear Granny! I want you to be happy. On the eighth of March, I love Mummy, I love Granny. I wish them health, I wish them wealth!
Ұстаз болу — жүректің батырлығы, сезімнің ақындығы, мінездің күн шуағы, азбайтұғын адамның асылдығы.
Келесі сөз мектеп әкімшілігіне және ата-аналар қауымына беріледі.
Алғыс және жабылу сөзі
Сүйкімді де өнерлі балалардың қойылымын 0 «В» сыныбы ұсынды. Құрметті аналар мен әжелер! Сіздерді балалардың атынан шын жүректен құттықтаймыз. Аяулы аналарымыз, ардақты әжелеріміз және сүйкімді бүлдіршіндеріміз аман болсын!
«Ана – өмірдің шуағы» атты мерекелік ертеңгілігіміз осымен аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға рахмет!
Мекеме
ОҚО, Қазығұрт ауданы, Т. Рысқұлов мектеп-лицейі
Авторы
Бастауыш сынып мұғалімі: Кабланова Жазира