Ұлағат тобы

Өнер алды – қызыл тіл

Бұл сайыс сабағы оқушыларға қазақ тілінің еліміздің мемлекеттік тілі екенін терең ұғындырып, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге бағытталған. Сонымен бірге оқушылардың өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, сөз өнеріне баулуды көздейді.

Мақсаты

  • Оқушыларға қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін ұғындыру.
  • Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ықпал ету.
  • Ұлтқа, елге сүйіспеншілікті арттыру және сөз өнеріне баулу.

Тәрбиелік мәні

  • Ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Тілдің тіршілігіміздің өзегі, бабадан қалған асыл мұра екенін түсіндіру.
  • Тіл мәдениетін сақтай білуге үйрету.

Түрі және көрнекілік

Түрі: сайыс сабақ.

Көрнекілік: тіл туралы қанатты сөздер мен өлең жолдары.

Қанатты сөздер

«Сүйемін туған тілді, анам тілін,
Бесікке жатқанымда-ақ берген білім».

С. Торайғыров

«Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті...
Біздің жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын».

А. Жұбанов

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту —
бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту».

Б. Момышұлы

Сайыстың барысы

  1. I Тіл деп соққан жүрегі
  2. II Дана ойдан шыққан сөз
  3. III Сөз тапқанға қолқа жоқ
  4. IV Өнер алды – қызыл тіл
  5. V Зерделі болса, ұл-қызым
  6. VI Танымдық ойындар

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Ана тілге деген сүйіспеншілік бала кезден басталады. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танимыз. Туған жердің ерекшелігі мен қасиетін де ана тіліміз арқылы қабылдап, оған деген махаббатымызды сөз арқылы жеткіземіз.

Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Қазақ тілі әлемдегі ең бай, беделді әрі бейнелі тілдердің бірі. Бүгінгі сайысқа «Ұлағат» және «Зерек» топтары қатысады.

Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде,
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.

I бөлім: «Тіл деп соққан жүрегі»

Тапсырмалар

  • Әр топтың ұранын айту.
  • Тіл туралы көркем сөз оқу.

Топтардың таныстыруы

«Ұлағат» тобы

Салт-дәстүрімізді, тілімізді қастерлеп, сақтаймыз.

«Ардақтым» өлеңін жатқа, мәнерлеп оқиды.

«Зерек» тобы

Ата-бабамыздың өнерін, тілін, салт-дәстүрін жалғастырамыз.

«Ана тілім» өлеңін жатқа айтады.

Танымдық әңгіме: «Тіл — тәтті де, ащы да»

Ерте заманда бір патша «тілдер патшалығына» саяхатқа шығады. Жолда алдына тілдей қағаз түсіп, онда: «Дүниеде не тәтті, не ащы?» — деген жұмбақ жазылғанын көреді. Патша жауабын таба алмай, данышпан қарияға хат жолдайды.

Данышпан қария былай деп жауап береді: «Дұрыс сөйлей білу — өнер. Ойлы, орнықты сөз жүрекке жетіп, жанды жадыратады. Сондықтан тіл — тәтті. Ал тілмен түскен жара жазылмайды: жебе салған жара жазылар, балтамен оталған орман қайта өсер, тілдің жарасы жазылмас. Сондықтан тіл — ащы».

Мақал-мәтелдерді жалғастыру

«Ұлағат» тобына

  1. Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса, кішіден сұра.

  2. Жіптің ұзыны, сөздің қысқасы жақсы.

  3. Піл күшті емес, тіл күшті.

«Зерек» тобына

  1. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды.

  2. Жүйелі сөз — жүйесін табар, жүйесіз сөз — иесін табар.

  3. Адам көңілінен азады, тілінен жазады.