Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жайпақ ауылы

Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жайпақ ауылы

Қабдығалиева Азия

Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ қазына. «Ұлттық» ұғымының өзегінде елге, жерге, тілге, дінге деген құрмет жатыр. Сол құндылықтарды бала бойына сіңіруде мектепке дейінгі ұйымдардың атқаратын қызметі айрықша.

Балабақша – ұлттық құндылықтар қалыптасатын орта

Тәрбие сәби ана құрсағынан басталады десек, оны білім теңізіндегі «балабақша» атты кемеде ұлттық құндылықтармен жетілдіру – аса маңызды міндет. Балабақшаға ұлттық тәрбиені жүйелі енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіре аламыз.

Рухы асқақ, іргесі берік ел болудың басты шарты – ұрпақ тәрбиесі мен білімін әрдайым назарда ұстау.

Тұлға мінезі қалыптасатын үш орта

Бұл жөнінде Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» – деп, тәрбиенің ортаға тәуелді екенін атап көрсеткен.

Ұлттық тәрбиенің педагогикадағы орны

«Ұлттық тәрбие» атауын әдеби-педагогикалық оқулықтарға алғаш енгізген – М. Жұмабаев. Ол педагогиканың қайнар көзі ұлттық тәрбиеден басталатынын айтқан. «Педагогика» еңбегінде:

«Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті».

Отбасы жауапкершілігі және тәрбие салмағы

Біздің елімізде бала – ерекше құндылық. Сәби дүние есігін ашқан сәттен-ақ айналасына қуаныш пен мейірім ұялатады. Өсіп келе жатқан баланың әр қылығы ата-анаға бақыт сыйлайды. Алайда сол бақыттың баянды болуы дұрыс тәрбиеге тікелей байланысты.

Макаренко ескерткен ең жауапты сала

Ата-аналар А. С. Макаренконың мына пікірінің мәнін терең түсінуі қажет:

«Балаларды тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең жауапты сала. Дұрыс тәрбиелеу – бұл біздің бақытты қарттық шағымыз, жаман тәрбиелеу – бұл біздің келешек қасіретіміз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдар алдындағы, бүкіл ел алдындағы айыбымыз».

Сондықтан әр отбасында ата-ана баласына ұлттық тәрбие бере отырып, оның инабатты, әдепті, адамгершілігі мол азамат болып қалыптасуына жағдай жасауы керек. Сонымен бірге баланың денсаулығы мықты, ержүрек, қайсар, батыл болып өсуіне де ата-ана жауапты.

Ұлттық рух және ұстаз міндеті

Қоғам қайраткері, ақын М. Шаханов: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек» – деп, ұлттың тірегін айқындаған. Осы ойды әрдайым жадымызда ұстап, еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етуіміз қажет.

Салт-дәстүрді үйрету ғана емес, мәнін ашу

Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, балаларға салт-дәстүрді жай ғана үйретіп қоймай, оның тәрбиелік түп-тамырын, мағынасын, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек.

Ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасын дұрыс қалау мұғалімдердің ата-анамен бірлесе жүргізетін жұмысына байланысты. Өйткені ұлттық тәрбиенің бірінші ошағы – отбасы, екіншісі – балабақша. Демек, ата-ана мен балабақша, яғни тәрбиеші мен жұртшылық арасындағы тығыз байланыс – табыстың басты шарты.