Оқушыларға видео арқылы қоянның жауынан қашқан көрінісінен мәлімет беру

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Өтетін орны: Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей.

Мұғалім: Қанатбаева Гүлжамал Қартаңбайқызы (бастауыш сынып мұғалімі).

Пән: Ана тілі, сынып: 3-сынып.

Сабақ тақырыбы: «Көжек» (ертегі).

Білімділік мақсаты

  • Балалардың жабайы аңдар туралы білімін толықтыру.
  • Табиғат туралы көзқарасын қалыптастыру, қоршаған ортаға қызығушылық ояту.
  • Аңдардың түрі, түсі, ортаға бейімділігі туралы білімін пысықтау.

Тәрбиелік мақсаты

  • Табиғатты сүюге және қорғауға тәрбиелеу.
  • Жабайы жануарларға қамқорлық жасауға баулу (мысалы, табиғат бұрышындағы көжек).

Дамытушылық мақсаты

  • Қоршаған орта туралы түсінігін дамыту.
  • Ой-өрісін кеңейту, сөздік қорын байыту.

Әдіс-тәсілдер және дайындық

Әдіс-тәсілдер

Еске түсіру Ой қозғау Таңғажайып сәт Түсіндіру Сұрақ-жауап Сергіту сәті Ойын Бағалау Қорыту

Алдын ала жүргізілген жұмыс

  • Қоян туралы мәліметтер оқу.
  • Мақал-мәтелдер жаттау.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың назарын сабаққа аудару мақсатында қысқа психологиялық жаттығу орындалады.

Психологиялық дайындық мәтіні:
Адамның күлкісі — әлемдегі ең ғажайып құбылыстардың бірі. Адам күлкінің көмегімен таныса да, қоштаса да алады. Жымиыс сезіміміздің сырын ашуға жол ашады. Күлкі арқылы көңіл күйіңді білдіріп көр: бір-біріңе жымиыңдар, күлкілеріңді сыйлаңдар. Рахмет! Ендеше сабағымызды бастайық.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Иса Байзақов туралы қысқаша мәлімет

Иса Байзақов (1900–1946) — қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор. Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында туған. Қазақтың халық әндерін тұңғыш жинап бастырушы Александр Затаевич Иса Байзақовтың орындауынан «Кәкен», «Бике», «Жар-жар» және басқа да әндерді жазып алып, нотаға түсірген. Иса Байзақов орындайтын бірқатар халық әндері «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларының музыкасына енген.

Тапсырмалар

  • «Алтай аясында» өлеңін мәнерлеп оқу.
  • «Алтай» тауынан шығатын қазба байлықтарды атау.

Ертегілердің түрлері

  • Жан-жануарлар туралы ертегілер
  • Қиял-ғажайып ертегілер
  • Шыншыл ертегілер

3) Оқулықпен жұмыс

  • Ертегіні түсініп оқу.
  • Мазмұндау.

Топпен жұмыс (мәтін бойынша ізденіс)

1-топ

  • Шаруаның көжекке аяушылықпен айтқан сөзін тауып, оқы.
  • Мәтін соңындағы көжектің сөзін оқып, мағынасын түсіндір.

2-топ

  • Көжектің қорқынышты халі суреттелген жерді тауып, оқы.
  • Шаруа мен көжектің соңғы сөздерін мәтіннен тауып, әңгімеле.

4) Сергіту сәті

Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылардың зейіні сергітіледі.

5) Танымдық бөлім: қоян туралы мәліметтер

1-топ: ор қоян

Қоян шөл-шөлейтте және орманды далада мекендейді. Өсімдіктермен қоректенеді. Құлағы ұзын, құйрығы үлпілдеген әрі қысқа. Артқы аяқтары алдыңғы аяқтарына қарағанда ұзын болғандықтан биіктеу жерлерге тез көтеріледі, ал биіктен түсерде қиналып, кейде домалап та кетеді.

2-топ: ақ қоян

Жаздағы сұр қоян күзде терісін ақ түске өзгертеді. Осыған байланысты аңшылар оны кейде байқамай да қалады.

Қыс мезгілінде орманда азық азайғандықтан, қояндар кейде бақша дақылдары егілген жерлердегі қырыққабат пен сәбіздің қалдықтарын жейді. Кейде қар астынан шұңқыр қазып, күздік егіспен қоректенеді.

Қыста жас теректердің қабығын кеміріп жейді. Орманда мекендейтін кейбір жыртқыш аңдардан қоян жүйріктігінің арқасында сытылып кетуі мүмкін.

Видеоматериал

  • Құм қоян туралы видео арқылы қосымша мәлімет беру.
  • Қоянның жауынан қашуы туралы қысқа видео көрсетілім.

Әлемде талай қызық бар: Окуносима аралы

Окуносима — Жапониядағы Хиросима мен Сикоку аралығының маңында орналасқан шағын арал. Бұл жерді қояндарға арналған нағыз «жұмақ мекен» деуге болады: аралдың «қожайындары» өздерін еркін әрі батыл ұстайды.

Қоянның ерекшеліктері

  • Көзі басының ортасында емес, екі жағында орналасқан; артынан не жанынан келген қауіп-қатерді тез байқайды.
  • Тісі өткір.
  • Өзіне «үйшік» жасамайды, қысқа азық жинамайды.
  • Бұта түбінде, орман жиегінде тіршілік етеді; түнге қарай азық іздейді.
  • Көктем-жазда жасыл шөппен, өсімдік тамырларымен қоректенеді; қыста қалың қар астына тығылады.

Қорғану тәсілі

Барлық жан-жануарлар сияқты, қоян да өз жауынан қорғанады. Оны көбіне жүйрік қос аяғы аман алып қалады.

6) Топтық жұмыс: мақал-мәтел

1-топ

Қоян туралы мақал-мәтел жазу.

2-топ

Туған жер туралы мақал-мәтел жазу.

7) Өзіндік жұмыс

Көжектің суретін салу немесе мүсінін жасау.

Сабақты қорыту (сұрақтар)

  1. Көжек неге мұзға қайта оралды?
  2. Оның анасы қандай деп ойлайсың?
  3. Ертегідегі көжек қандай?
  4. Ертегінің негізгі идеясы қандай?

Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  1. Ертегіні оқып, мазмұндау.
  2. «Туған жер» тақырыбында эссе жазу.

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, топтық жұмысқа қатысуы, мәтінді түсініп оқуы және жауаптарының нақтылығы бойынша бағаланады.