Бәрі есімде
Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» еңбегінен үзінді. Дереккөзі: АСЫЛ АРНА телерадиокомпаниясы.
Құдайдың құдіретіне таң қаласың
Біреулерге Құдай бәрін береді: байлық та бар, алтын да, гауһар да, інжу-маржан да — бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ иман жоқ. Ең сорлы адам — сол. Бір кем дүние.
Әлем тәртібі және адам жолы
Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты. Бәрі тәртіппен: Күн де, Ай да, Жер де — өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да тура жолдан таймайды.
Ал адамдар ше? Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбіміз қисалаңдап кетеміз: бұралаң жолға түсеміз, адасамыз, сүрінеміз, құлаймыз.
Сонда: «Е, Құдай, не жаздым?!» — деп жылаймыз. Ал Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың. Бірақ соны ұмыта береміз. Бір кем дүние.
Тат сияқты қылық, кітап сияқты ем
Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады — ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.
Негізгі ой
Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.
Қадірлі кітаптар
- Ең бірінші — Құран.
- Екінші — хадистер.
- Ұлы классиктер, қазақтың ұлы ақын-жазушылары.
Кітап жем де, су да сұрамайды. Кітап — ғажайып қазына. Кітап — өмірсерік. Бір кем дүние.
Жайнамаз тағдыры: қорлықтан — сыйға
Әкеміз Мұртазаның қызғылтым шырайлы, жап-жаңа жайнамазы бар еді. Алдымен мешіт бұзылды. Оның үйінді болып қалған кірпіштерінің үстінде байғыз дейтін құс сұңқылдап, зарлап отыратын деседі.
Көп ұзамай Мұртаза «халық жауы» ретінде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сірә, желтоқсан айы еді. НКВД үйге тінту жасады. Мен ол кезде бес жастағы баламын — бәрі есімде.
Тінткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бір милиционер төрде ілулі тұрған жайнамазды жазып көріп: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр еді» — деп, Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды…
Арада алпыс жыл өткенде жолым түсіп, Кереку қаласына бардым. Мешітіне кіріп, дұға оқығанымда, Тәңірі жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешіттің суреті салынған сұлу жайнамазды сыйлады.
Сол сәтте баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келіп, қолыма қонғандай күй кештім. Бір кем дүние.
Уақыт өтпейді, өмір өтеді
Самайға ақ кірді, сақал-мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып, қастың бір талы да ағарыпты. Сөйтіп-сөйтіп… Сүйек те ағарады-ау. Несіне тырбаңдаймыз? Бәрі де өтеді.
Адамдар: «Уақыт өтіп барады» — деп өкінеді. Шындығында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.
Бәрін бір Алла біледі. Алланың білімі — шексіз. Білімі шектеулі — адамдар. Бір кем дүние…