Жартысынан көбі жаңа сұрақ
Болашақ бағдары
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»
Н.Ә. Назарбаев
Мектеппен қоштасу: он күннің қалай өткенін байқамай қалдық
Күні кеше ғана соңғы қоңыраудың сыңғыры естіліп, алтын ұя мектебімізбен қоштастық. Бізді қанаттандырып, баптап ұшырғалы отырған аяулы ұстаздарымызбен, бірнеше жыл тай-құлындай тебісіп өскен сыныптастарымызбен, енді ешқашан кимейтін мектеп формасымен, күнделіктің салмағымен, қыздардың қос бұрымға тағатын аппақ бантигімен, балғын балалық шағымызбен қимай қоштастық.
«Тестке әлі бақандай он күн бар» деп жүргендей едік. Көзді ашып-жұмғанша маңызды сынақ күні де келіп жетті.
Тест күні: бақылау, тыныштық және бір мұғалімнің сабырлы әзілі
Тестке кірдік. Ұялы телефондарды металл іздегішпен тексеріп, кіргізбеді. Бейнебақылау жұмыс істеп тұр. Кезекші мұғалім өз ісіне адал, адамгершілігі мол, өте салмақты ағай екен.
Ағайдың сөзі — ескерту де, сабақ та
«Мен бір оқушыны көріп тұрмын: жарты сағаттан бері шпаргалкасын ала алмай қиналып отыр. Сол уақыттың ішінде қаншама есеп шығаратын едің. “Попытка” деген соңғы жарты сағатта да болады ғой. Шпаргалкаларыңды сағат он екіде шығарасыңдар», — деді.
Бір кезде жел соғып, есік тарс жабылып кетті. Өлі тыныштықта отырған біз шошып кеткенімізді жасыра алмай қалдық. Сонда ағай: «Не бойтесь, я с вами», — деп ара-арасында күлдіріп те қояды.
Өзім тестті ойдағыдай тапсырдым. Ақылым мен еңбегім қос қанаттай көтеріп әкетеді деп сеніп бардым. Қатаң, қысыммен өтетін тесттерді бұрын да көріп жүрміз. Сол себепті байқау сынағындағыдай еркін отырып, барымды салдым.
Нәтиже шыққан сәт: қуаныштан гөрі күмән басым
Көп ұзамай қорытынды шықты. Қуанғаннан мұңайған адам көп болды. Тіпті 100-ден жоғары ұпай жинағандардың өзінен де қуаныштың толқыны байқала бермейді: ұпай бар, бірақ көңілге толық қонбайды.
Қаншама жыл «беске» оқып, соңында аттестатында «төрт» алғанына жылаған оқушылар аз болмады. Көпшіліктің өкпесі, әсіресе, тарих пәнінің тестіне қара қазандай: сұрақтардың жартысынан көбі жаңа форматта шықты. Егер мұндай сұрақтар ең болмағанда соңғы шыққан алпыс байқау кітапшасына енгізілсе, соның негізінде дайындалар едік қой.
Әділет сезімі неге шайқалады?
- Аз ғана дайындықпен кіріп, бағы жанып кеткен оқушының «бестік» алып кетуі мүмкін.
- Ал ұзақ уақыт дайындалып, байқауда 25 ұпайды тұрақты жинап жүрген оқушының қынжылуы заңды.
- Нәтиже «жақсы» көрінгенімен, ішкі сенім мен әділдік өлшемі әрдайым сәйкес келе бермейді.
Тест — тағдыр таразысы ма?
Шынтуайтқа келгенде, оқушының тағдырын шешетін тест жүйесі әрдайым дұрыс өлшем емес деп ойлаймын. Көп жағдайда дұрыс нұсқасын жаттап алуға мәжбүрлейді. Әйтпесе ең жоғары шекке жету қиын. Жылдар бойы солай үйренген оқушы кез келген сұрақ қойылса, еріксіз түрде «варианты қайсы?» деп сұрауға дайын тұрады. Мұндай сәтте сұрақ қойған адамның өзі де ыңғайсызданып, ойдан «вариант» құрастыруға тырысып кететіні бар.
Ойлау қабілетіне әсері
ҰБТ-ның ең үлкен қиындығы — ойлауды бір ғана форматқа байлап қоюы. Бала білімді кеңінен қорытуға емес, белгі қоюға бейімделіп кетеді.
Басқа жол бар ма?
Егер оқушылар билет суырып, емтиханға дайындалса, тестке қарағанда бір тақырыпты тереңірек қамтып, көбірек нәрсе білер еді.
Білім сапасы: талап та, жауапкершілік те ортақ
Дамыған елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы білім сапасы әлі де көтерілетін тұстарға мұқтаж. Оқушыларға білім беріп жүрген кейбір оқытушылардың өзіне де үйрететін адам керек сияқты көрінетін кездер болады. Өкінішке қарай, «мен мұғаліммін» деп атағы ғана бар, жалақы алса болды деп мектепке орналаса салғандар жоқ деп кесіп айта алмаймыз.
Баланың білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, жақсы азамат болып қалыптасуына ең көп әсер ететін кезең — мектеп шағы. Ал мектептің жүрегі саналатын ұстаздар әлсіресе, одан қандай білімді, тәрбиелі ұрпақ күтуге болады?
Үміт — жас ұрпақта
Келешек ұландар болашақтың өз қолында екенін түсініп, «білекті емес, білімді жығатынын» шын сезініп, бар күшін оқуға салса деймін. Қазақстанның болашағына деген үмітім — жас ұрпақта.
Аз болса да осындай білімге ұмтылған, саналы ұландар өсіп келе жатқанына, оларға сындарлы ақыл мен сана берілгеніне Аллаға мың шүкір.
Түлектерге тілек
Сөз соңында бітіруші түлектерге сәт сапар тілеймін. Ойымды Күләш Ахметованың мына өлең жолдарымен аяқтайын:
Бақ тілеймін түлеп ұшқан достарға,
Білім ізде, кеуде соғып, құр қызба.
Туған елдің мақтанына айналып,
Ту тігейік аспандағы жұлдызға.