Тәрбиеші сөзін қалай түсінесің
Тәрбиеші болу оңай ма?
Бұл тренинг тәрбиешілердің ұйымдастырушылық қабілеттерін арттыруға, бір-біріне деген сенім мен қолдау атмосферасын қалыптастыруға, ұжымдағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар кәсіби шеберлікті шыңдап, топтық жұмысты тиімді ұйымдастыру дағдыларын жетілдіруді көздейді.
Мақсаты
Ұйымдастырушылық қабілетті дамыту, сенімділік ахуалын қалыптастыру, кәсіби шеберлікті жетілдіру, топтасып жұмыс істеуді нығайту.
Қатысушылар
Тәрбиешілер.
Форматы
Психологиялық жаттығулар, танысу, білімді тексеру, шығармашылық тапсырмалар, пантомима, шеберлік бөлімі және қорытынды талқылау.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Армысыздар, құрметті әріптестер! Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Бәріміз бір-бірімізге, жақындарымызға және жер бетіндегі барша адамдарға шын жүректен денсаулық тілейік.
Шаттық шеңбері (ұжымдық тілек)
Өзімді-өзім жақтаймын, Денсаулықты сақтаймын. Жүректен жылы соншама, Тілейміз саулық баршаға! Шын жүректен, үлкен махаббатпен, бәріңізге денсаулық тілейміз!
Әр баланың терең жан дүниесінде тығылып жатқан «күміс қоңырау» бар. Әлем балаларға қайырымды да көңілді болып естілуі үшін, сол қоңырауды таба білу қажет. Ол жол баланың шат күлкісінен, балабақшадағы қызықты, тартымды, қайталанбас өмірден бастау алады.
Неге бұл тақырып өзекті?
- Қазіргі таңда тәрбиеші болу оңай емес: ата-аналардың талабы да, қоғамның күтуі де жоғары.
- Балабақшаның ішкі-сыртқы көрінісі, жиһаз бен ойыншық қоры ғана емес, оқу-тәрбие процесінің заман талабына сай болуы маңызды.
- Бала балабақшаға қызығушылықпен келуі үшін де тәрбиеші кәсіби тұрғыда үнемі ізденісте болуы керек.
Сондықтан қазіргі тәрбиеші сауатты, өнерлі, тапқыр, шапшаң — қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» болуы тиіс. Бүгінгі тренинг тәрбиешілердің білімін, өнерін, тапқырлығын және жылдамдығын шыңдай түседі деп сенемін.
Әділқазылар
-
Ахметова С. Д.
Меңгеруші
-
Ықсанова Ш. Қ.
Медбике
Тәрбиешілер ортаға шақырылып, нөмірлерін таңдайды. Барлығы дайын болса, конкурс басталады.
Танысу бөлімі
Доппен танысу ойыны
Қолыңыздағы допты келесі тәрбиешіге бағыттар алдында өз есіміңізді айтып, есіміңіздің бас әрпінен басталатын бір жақсы қасиетіңізді атаңыз.
Мысалы: Ақмарал — ақкөңіл.
Тренинг барысы
I бөлім: «Есімхат»
Өзін таныстыру
Әр тәрбиеші өзі туралы қысқаша таныстырады: мамандығы, оқыған оқу орны, жұмыс орны және кәсібіне қатысты ой-түйіні.
II бөлім: Сергіту
Жаттығулар мен тілдік тапсырмалар
Қағазға жазылған тапсырмалар бойынша әр тәрбиеші төмендегілердің бірін жатқа айтады немесе құрастырады:
- санамақ
- мақал-мәтел
- жаңылтпаш
- жұмбақ
- өтірік өлең
III бөлім: Білімді тексеру
Билеттер арқылы сұрақтар
1-билет
- Индикатор деген не?
- Жаңа стандарт қай жылы және қандай бұйрықпен қолданысқа енгізілді?
2-билет
- Рефлексия деген не?
- Базалық оқу жоспарындағы білім беру салалары қандай және әр саланың базалық мазмұны қандай ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады?
3-билет
- Билингвизм ұғымын қалай түсінесің?
- Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің мақсаты қандай?
4-билет
- Қабілет деген не?
- Темперамент түрлерін ата және қысқаша сипаттама бер.
5-билет
- Моторика деген не?
- «Тәрбиеші» сөзін қалай түсінесің?
IV бөлім: Шығармашылық
Дидактикалық ойын құрастыру
Берілген тапсырмалар бойынша немесе тақырыпқа сай дидактикалық ойындар құрастырылады:
- 1) Сыңарын тап
- 2) Көзіңді жұмып, қолыңмен анықта
- 3) Не қайда өседі?
- 4) Қыста не киеміз?
- 5) Ретімен орналастыр
V бөлім: Сергіту
Пантомима
Пантомимикалық қимылдар арқылы ертегі кейіпкерлерін бейнелеу. Қарсылас жеребе арқылы анықталады.
VI бөлім: «Шеберлер»
Қолөнер көрмесі
Қолөнер бұйымдарын алдын ала жасап әкеліп, жасалу жолын қысқаша түсіндіріп беру.
VII бөлім: Қорытынды
Талқылау және рефлексия
«Тәрбиеші болу оңай ма?» тақырыбында қатысушылар 2 топқа бөлінеді: бір топ — сырт көз рөлінде. Тренингті сырт көз қорытындылайды.
Жүргізушінің қорытынды ойы
Өздеріңіз көріп отырғандай, тәрбиеші болу оңай емес. Бала тәрбиесі — қиын да күрделі іс. Тәрбие беру — әр адамның елеулі борыштарының бірі. Ал бала тәрбиесі дегеніміз — тұрмыс пен тіршілік майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін тұлға қалыптастыру. Сондықтан тәрбиеші бойындағы бар күш-жігерін, білімін аямаған күйі, жалықпай, қажымай-талмай, үлкен мәдениеттіліктің үлгісімен үйрете білуі керек.
Автор туралы
Өңір
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы
Мекеме
«Ақбота» шипажай типті балалар бақшасы
Лауазымы және автор
Әдіскер-психолог: Қалдымұратова Ақмарал