Өмірде ата - анасы жоқ бала жетім

Тәрбие сағаты: «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ»

Бұл тәрбие сағаты мақал-мәтел мен жұмбақ айту арқылы оқушыларды көркем әрі ұтымды сөйлеуге, ойды дәл жеткізуге және қиыннан қиыстырып жауап беруге баулиды. Мазмұны жағынан шағын болғанымен, тәрбиелік мәні терең бұл мұра — ата-бабадан қалған рухани қазына.

Мақсаты

  • Мақал-мәтел мен жұмбақ айту арқылы көркем сөйлеу дағдысын қалыптастыру.
  • Ойды жүйелі құрастыруға, ұтымды жауап беруге үйрету.

Тәрбиелік мәні

  • Адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеу.
  • Өсиетті қадірлеуге, салт-дәстүрді сыйлауға баулу.
  • Шешендік өнер арқылы тарихи шежірені тануға ынталандыру.

Дамытушылық бағыты

  • Сөздік қорды дамыту.
  • Ойды кең әрі мазмұнды жеткізу мәдениетін қалыптастыру.
  • Жұмбақ арқылы логика мен ойлау қабілетін шыңдау.

Кіріспе сөз

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін сіздер «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» атты танымдық ойынға жиналып отырсыздар. Мақал-мәтел, жұмбақ және шешендік сөз — ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Аз сөзге көп мағына сыйғызған бұл мұра рухани байлықтың өлшемі десек, жұмбақтар ойды ұштап, зердені шыңдайды.

Оқушылардың өлеңмен бастауы

Дима

Сауық кешке келіңдер,
Сөзден маржан терейік.
Мына бір әнге еріңдер,
Мақал айтып көрейік.

Анна

Айтқан ата-бабам да:
Арпа, бидай — ас екен.
Ас болмайтын адамға,
Алтын, күміс — тас екен.

Айдар

Сүйсіндірер қауымды,
Өлеңшінің сөзі — алтын.
Өнерлі кісі — қадірлі,
Өнерлінің қолы — алтын.

Карина

Қайтіп кірер есікті,
Қатты жаппа тегіңді.
Екі елі қақпақ десіпті,
Елі толмас ерінге.

Алексей

Алғыс сөз көп халықта,
Іле жүрер құлаққа.
Ізденген жетер мұратқа,
Ізденуден жалықпа.

Ойынды бастамас бұрын, «Шашу» әнін қабыл алыңыздар. Енді «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» ойынын бастаймыз.

Ойынның шарты

  1. 1 Ортаға үш мақалшы шығып, алдын ала дайындаған мақалдарын айтады.
  2. 2 1-тур: екі айналымнан тұрады. Ұпайы аз қатысушы ойыннан шығады.
  3. 3 Көрермендер кезеңі: мақалдың жалғасын табу арқылы жеңімпаз анықталып, сыйлық беріледі.
  4. 4 2-тур: жұмбақшылар сайысы (екі айналым) және көрермендерге «Ұйқасын тап» бөлімі.
  5. 5 3-тур: жұмбақшы шешкен жауапқа мақалшы мақал айтады.
  6. 6 4-тур: ұпайы көп қатысушы қалады; қалауы болса шешендік сөздер бөліміне өтеді.

1-тур: Мақал сайысы

1-айналым: Мақалды жалғастыр

Оқу — білім бұлағы…

…білім — өмір шырағы.

Жаңбыр бір жауса,…

…терек екі жауады.

Өнерлінің қолы — алтын,…

…өлеңшінің сөзі — алтын.

Еңбек етсең ерінбей,…

…тояды қарның тіленбей.

Отан — қуат,…

…отбасы — шуақ.

Ұланы бар елдің…

…ұраны бар.

Болат қайнауда шынығады,…

…батыр майданда шынығады.

Білген кісі тауып айтады,…

…білмеген кісі қауып айтады.

Мың малың болғанша,…

…бір балаң ғалым болсын.

2-айналым: Сөзге мақал

Екі мақалшы қалады. Бір ойыншы мақал айтады, ал екіншісі сол мақалдың ішіндегі бір сөзге байланысты басқа мақал келтіреді.

Мысал: «Отан — отбасынан басталады.»

«Отан», «от», «бас» сөздерін қатыстырып: «Отан — оттан да ыстық.»

Әр мақалшы төрт мақалдан айтады. Екінші айналым соңында қате жібермеген мақалшы жеңімпаз атанады.

Көрермендер кезеңі: Мақалды жалғастыр

  • Ер жігіт ел үшін туады… …ел үшін өледі.
  • Әдепті бала — арлы бала,… …әдепсіз бала — сорлы бала.
  • Білекті бірді жығады,… …білімді мыңды жығады.
  • Атаңның баласы болма,… …адамның баласы бол.
  • Әдептілік белгісі… …иіліп сәлем бергені.
  • Қыз өссе — елдің көркі,… …гүл өссе — жердің көркі.
  • Жері байдың… …елі бай.
  • Жақсыдан үйрен,… …жаманнан жирен.
  • Ердің атын… …еңбек шығарады.

Келесі кезек 6 «А» сынып оқушыларының өнерпаздарына беріледі: «Қамажай» биі және өзбек биі.

2-тур: Жұмбақ сайысы

1-айналым

  • Жұмбақшылар өздері дайындаған жұмбақтарын бір-біріне жасырады.
  • Жүргізушінің жұмбағын шешеді.
  • Ең аз ұпай жинаған қатысушы ойыннан шығады.
  1. Жерді көрдім — қаласы бар,
    Үйлері жоқ мекендейтін.
    Көлді көрдім, өзен көрдім —
    Сулары жоқ терең дейтін.

    Жауабы: Карта

  2. Жұмбақ шешкіш кім екен?
    Сыртқа шықсам — түн екен.
    Моншақтарын шашып ап,
    Бір сары қыз тұр екен.

    Жауабы: Ай, жұлдыздар

  3. Қабат-қабат қаптама, ақылың болса аттама.

    Жауабы: Кітап

  4. Жезге ұқсас сабағы, дәні — халық тағамы.

    Жауабы: Бидай

  5. Екі аяқты, бір басты, жүгіреді тым қатты.

    Жауабы: Велосипед

  6. Күндіз білінбейді, түнде күлімдейді.

    Жауабы: Жұлдыздар

  7. Балалар суға салған жіп —
    Тереңнен іліп алар жүк.

    Жауабы: Қармақ

  8. Шөміші жоқ теңізді сапырады,
    Кебісі жоқ егінді жапырады.

    Жауабы: Дауыл

  9. Бұрап қойған сағаттай, айғайлайды таң атпай.

    Жауабы: Әтеш

2-айналым: Бір-біріне жұмбақ жасыру

Екі ойыншы бір-біріне жұмбақ жасырады. Ұпайы көп қатысушы жеңімпаз атанады.

Көрермендер кезеңі: Ұйқасын тап

  1. Өзінше ноян, қорқақ… Қоян
  2. Тұмсығымен шымшып, құрт тереді… Шымшық
  3. Кезіп жүрген шаңдақты, көрдім жаңа… Қаңбақты
  4. Алмастан тыным, шабады… Құлын
  5. Ақ жібек асыл көрпедей,
    Қыс болса жерді жабады.
    Жазғытұрым болғанда,
    Су болып сайға ағады.

    Жауабы: Қар

  6. Қалың киімді ұнатады, шешіндірсең жылатады… Пияз
  7. Асты тас, үсті тас, ортасында жанды бас… Тасбақа
  8. Тіріден өлі туады, өліден тірі туады… Жұмыртқа
  9. Тал басындағы түндіксіз отау… Ұя

3-тур: Жауапқа мақал айту

Бұл турда жеңімпаз мақалшы мен жеңімпаз жұмбақшы ортаға шығады. Жүргізуші жұмбақ жасырады: жұмбақшы шешеді, ал мақалшы сол жауапқа байланысты мақал айтады. Ұпайы аз қатысушы жеңіледі.

  1. Отыз екі батыр, екіге бөлініп жатыр.

    Жауабы: Тіс

    Отыз екі тістен шыққан сөз,
    Отыз рулы елге тарайды.
  2. Бір беткейде екі көл.

    Жауабы: Көз

    Көзің ауырса — қолыңды тый,
    Ішің ауырса — аузыңды тый.
  3. Еш тесікте тұрмайды, ол жоқта жер құрғайды.

    Жауабы: Су

    Тау мен тасты су бұзар,
    Адамзатты сөз бұзар.
  4. Білімнің дәнін тереді, балаға тәлім береді.

    Жауабы: Ұстаз

    Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы.
  5. Аспаннан домалап,
    Көп моншақ төгілді.
    Бусанып жон-алап,
    Терледі, керілді.

    Жауабы: Жаңбыр

    Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады.
  6. Ұзын, сары, қойнында толған наны бар.

    Жауабы: Бидай

    Арпа, бидай — ас екен,
    Алтын, күміс — тас екен.

4-тур: Қорытынды кезең

Ұпайы көп қатысушы ойынға қатысуын жалғастырады. Егер қаласа, шешендік сөздер бөліміне өтеді; қаламаса, сыйлығын алып, ойын аяқталады.

Шешендік сөздер

— Өмірде не жетім?

Өмірде ата-анасы жоқ бала — жетім. «Тоғыз жетім» деп те айтылады:

  • Халқына сенімсіз болса — хан жетім.
  • Хан ақылсыз болса — халық жетім.
  • Кеңесшісі ақылсыз болса — әкім жетім.
  • Суы жоқ — құдық жетім.
  • Ұлы жоқ — әке жетім.
  • Қызы жетесіз болса — ана жетім.
  • Досы жоқ — жігіт жетім.
  • Шәкіртсіз — ұстаз жетім.

— Үйде кім қадірлі, елде кім қадірлі?

Үйде

Қонақ пен бала қадірлі.

Бала — үйдің патшасы.

Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар.

Елде

Хан мен ұстаз қадірлі.

Қонақты қадірлеуді бәрі біледі.

Қорытынды

Осылайша өрбіген ойын нәтижесінде жеңімпаз анықталып, марапатталады. Шара «Атамекен» өнерімен аяқталады.

Ибраева Ботакөз Суюндуковна