Қызылорда обылысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік аулы 55 С. Қожанов атындағы ортамектебінің 7 - сынып оқушысы Әбсадық РауанЖетекшісі

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылы

№55 С. Қожанов атындағы орта мектебі, 7-сынып оқушысы — Әбсадық Рауан

Жетекшісі — Кембілбекова Гүлзина

Бабалар аманаты: ұрпаққа қалатын рухани жауапкершілік

«Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы» (М. Әуезов) деген сөздің салмағы бүгін ерекше сезіледі. Өйткені ұлттың өзегі — ұрпақ сабақтастығы, ал сабақтастықтың тірегі — тәрбие мен тағылым.

Бауыржан Момышұлының алаңдауы

Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, қорқынышым көбейіп жүр… Балаларын бесікке бөлей алмаған елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын ұрпақтан қорқамын», — деп жазған.

Бұл сөздер — қорқыныш емес, ұлттың ертеңіне деген қам. Тәрбие әлсіресе, дәстүр үзілсе, елдің рухани тірегі де шайқалады.

«Бабалар аманаты» кітабынан алған әсер

Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабын оқып шыққаннан кейін, күнделікті өмірде естіп жүрген сөздердің адам өміріндегі орны ерекше екенін тереңірек түсінгендей болдым. Үйде де, мектепте де, үлкендердің аузынан еститін қарапайым ұғымдардың тәрбиелік мәні аса зор екен.

«Сөз түсінеді деп сенген соң саған көп сөйлеймін… Мен білгенімді саған айтам, сен өз балаңа айтасың, үйретесің. Кейін балаң өз баласына айтса, сөйтіп бір шаңырақта бабалар аманаты жалғасады».

Аманаттың ең басты шарты — айтылған сөздің тоқтамы мен іс жүзіндегі жалғасы.

Елге қызмет етудің шынайы мәні

Күнделікті тілде «елге еңбек сіңіру», «халыққа қызмет ету» деген сөздер жиі айтылады. Бірақ оның терең мағынасын көп адам бірдей ұға бермейді.

Тіл

Ең алдымен ана тілді отбасында сақтау, баланың бойына сіңіру.

Дәстүр

Ата дәстүрді құр сөз емес, күнделікті әдет пен мінезге айналдыру.

Тәрбие

Үлкеннің өнегесін, кішіге ілтипатты тұрақты ұстаным ету.

Осыны ұмытпаған адам өз халқының алдында жеген нанын, татқан тұзын ақтайды.

Сәлем — сөздің анасы

Қазақ «Сәлем — сөздің анасы» деп, сәлемдесуге айрықша мән берген. Сәлем — әдептің басы, сыйластықтың бастауы, ниеттің айнасы.

  • «Болар елдің баласын сәлемінен танисың»
  • «Кісінің кішіпейілдігінің белгісі — көргенде сәлем бергені»
  • «Сәлемің түзу болмай, ісің түзу болмайды»
  • «Адамдықтың белгісі — иіліп сәлем бергені»
  • «Сәлем бермеу мен сәлемді алмау — күнәнің ауыры»

Дұрыс сәлемдесу, шынайы ілтипат бар жерде түсіністік те, нәтижелі жұмыс та болады. Тіпті бір-бірін танымайтын адамдар арасында да алғашқы сәлемнен кейін сөз жарасып, жақсы әңгіме өрбиді.

Әдеп пен заман: амандасу мәдениеті

Естуімше, ертеректе үйге кірген кісі дауыстап сәлем берген. Мұның мәні — үй иесіне келген адамның кім екенін аңғарту және әдептілік таныту.

Қазіргі кезде сүйісіп амандасу кей ортада дағдыға айналып барады. Мен бұл үрдісті орынсыз деп санаймын: кейде тіпті сыныптастарым кеше ғана көріссе де солай амандасып жатады. Мұның әсері телесериалдар мен бөгде мәдени дағдылардан да болуы мүмкін. Бұл мәселе Бауыржан атамызды да өз дәуірінде толғандырғаны — ойландырмай қоймайды.

Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі

Зейнеп Ахметованың қыз тәрбиесі туралы айтқан ойлары көңіліме қонып, жүрегімнен орын алды. Қыз баланың киіну мәдениеті, өзін ұстауы, қазақы қасиет, ізеттілік, инабаттылық — бәрі де ұлттың көрінісі екені анық.

Инабат

Өзін сыйлау — өзгені сыйлауға бастайды.

Ізет

Әдеп — тек сөз емес, күнделікті әрекет.

Қазақы болмыс

Ұлттық мінез — ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын арқау.

Өз атам туралы: адалдық — ең биік өлшем

Мен Бауыржан атаға өз атам — Айтілеуұлы Әбсадық туралы айтып, мақтанар едім. Атам ел сыйлаған, қадірлі адам болған, еңбегі зор.

Еңбек пен қызмет жолы

  • Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен.
  • Ел ішінде балаларды оқытып, хат танытқан.
  • Кейін жоғары білім алып, тарих пәнінің мұғалімі болған.
  • Бір кезеңде партия ұйымдастырушысы (парторг) қызметін атқарған.
  • Бірнеше жауапты лауазымда еңбек еткен.
  • Соңғы жылдары мектебімізде директор болып, сол жерден зейнетке шыққан.

Мен мақтан ететін қасиеттер

Мен атамның жоғары қызметтерін ғана емес, ең алдымен адалдығын, ақпейілділігін, әділдігін мақтан етемін. Көзкөрген кісілер оның шыншыл, қарапайым, өзгеге көмектесуге даяр болғанын айтады.

Атам дүниеден өткенде мен небәрі үш жаста едім. Дегенмен, оның күлімсіреп, мейірлене қарағаны есімде. Немерелерін қасына жинап, ертегі айтып беретін. Асан мен Үсенді мысал етіп, ойдан құрап айтатын ертегілері көп болатын. Қойған сұраққа ерінбей жауап беріп, түсіндіріп отыратын. «Жәутік» деп еркелететіні де жадымда.

Ұлттық болмыс және өзгені құрметтеу

Әдетте адамға өз халқының ұлттық өнеге-өлшемдері ерекше көрініп, өзгенікінен озық сезілетіні бар. Бұл — табиғи қасиет. Бірақ «менікі артық, басқанікі кем» деген жаңсақ ойға ұрынбау керек.

Әр нәрсенің үйлесіп жарасатын өз ортасы, өсіп-өнетін өз топырағы бар. Саналы адам елін-жұртын, ұлттық табиғи болмысын ардақтай отырып, өзгенікін де құрметтеп, түсіне білуі керек. Өзін зор санап, өзгені қор көру — көргенділік емес, өзімшілдіктің, надандықтың белгісі. Ал туған халқыңды білмей тұрып, өзгенікін келістірем деп еліктеу де кісілік емес — ол намыссыздыққа жетелейді.

Намыссыздық — қауіпті дерт. Оның өсіп келе жатқан ұрпаққа да, халықтың келешегіне де кесірін тигізетінін ұмытпау қажет.

Бауыржан атамыздың түйіні де осыған саяды: «Әр халық, әр ұлт өзіне-өзі ұқсағаны жақсы».

Жаһандану дәуірінде аманатқа адалдық

Ұлттық болмыс-бітімімізді сақтау үшін алдағы уақытта жаһандану ықпалына қарсы тұра білуіміз керек. Туып-өскен топырағымыздың қадірін біліп, қазақы салт-дәстүрді құр ұран ретінде қалдырмай, күнделікті өмірде іс жүзінде дәріптей алсақ, бабалар аманатына адал болар едік.

«Жетемін десең мұратқа — байрағыңды құлатпа, кір келтірме ешқашан — ҚАЗАҚ деген ұлы атқа!»

Мен болашаққа сеніммен қараймын. Ел дамуына бағытталған бастамалардың бірі — «Нұрлы жол» секілді стратегиялық ұстанымдар. Осындай сара жолмен жүрсек, бабалар жолынан, аталар салған даңғылдан адаспаймыз деген ойдамын.