Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қарғалы ауылы, №241 орта мектеп

Тарих пәні мұғалімі: Құдиярова Зада

Сабақтың тақырыбы: Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан (презентациясымен)

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарасын қалыптастыру.

  • Елін, Отанын сүюге, егемен елді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар, патриоттық рухы мықты жастарды тәрбиелеу.

  • Желтоқсанда қаза тапқан қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне тағзым ету.

Сабақтың көрнекілігі

Плакаттар Суреттер Буклеттер Нақыл сөздер Интерактивті тақта

Сабақтың барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Кіріспе

Көк туым көтерілді, бағым жанып,

Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.

Шырқаймын Әнұранды бар дауыспен,

Арманым — Ата заңым қабылданып.

Биыл дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына 25 жыл толады. Сол оқиға тәуелсіздік туын биік көтеруге, қазақтың көк байрағын асқақтатып, ел екенімізді дәлелдеуге және әлемге танылуға жол ашқан тарихи белес болды.

«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға Алаш деген атты аламын…»

Азаттықты аңсаған Алаш арыстары қуғын-сүргінге ұшырап, сталиндік қызыл террордың құрбаны болды. Олардың азаттық идеясын жалғастырған кейінгі толқын іні-қарындастар 1986 жылғы желтоқсанда тәуелсіздік үшін күресе білді.

Негізгі ой

Тәуелсіздіктің түп-тамыры Желтоқсан оқиғасымен тікелей байланысты. «Түбін білмеген — тексіз» деген сөз осындайда айтылса керек: тәуелсіздіктің бастауы бабалардың ар-намысынан нәр алады.

Бейбіт шеруге шыққан жастардың бір бөлігі қанды қырғында қаза тапты, ал аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көріп отыр. «Уақыт — емші» деп жұбанғанымызбен, қыршын кеткен бауырларды еске алғанда жан жарасы жаңғырып, қайғының салмағы терең сезіледі.

Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев есімдерін ұмыттыру мүмкін емес.

Еске алу

Желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастардың рухына бас иіп, бір минут үнсіздік жариялайық.

Бір минут үнсіздік.

1-жүргізуші

Тарихи дерек

1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өтті. Сол пленумда Д. Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына бұрынғы Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г. В. Колбин сайланды.

Бұл шешім студент және жұмысшы жастардың бейбіт мақсаттағы шеруге шығуына түрткі болды. Алаңға шыққан жастар қарулы күшпен басып-жаншылды, демонстрация аяусыз таратылды.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы қазақ топырағында ұлттық санасы ояу, намысы қайсар жаңа буынның келгенін айқын көрсетті.

Ашық тәрбие сағаты

«Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.

Хор: Мемлекеттік Әнұран.

2-жүргізуші

Өлең

Жағасына жауының жетіп қолы,

Тартып алған тәуелсіздік күшпен өткен.

Тәуелсіздік — елімнің ерлік жолы,

Олжа емес салбырап түскен көктен.

Қуаныш аралас қасіретпен,

Ерлік жолда қаншама ғасыр өткен.

Еркіндік, ерлігін сақтау үшін,

Талай ердің бұл жолда басы кеткен.

Оқушылардың өлеңдері

1-оқушы

Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,

Тарихы оның тым әріден басталған.

Бодандықтан құтқарам деп елімді,

Талай боздақ қара жерді жастанған.

2-оқушы

Жазалаушы қара құрттай қаптады,

Қазағымды қырып-жойып таптады.

Сонда елімнің ұл-қыздары ардақты,

Қарсы шығып, ел сенімін ақтады.

3-оқушы

Жалғыз Отан — адамның жүрегі ғой,

Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.

Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,

Ербол, Қайрат — нағыз ердің бірі еді ғой.

4-оқушы

Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,

Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.

Болашаққа даңғыл жол салып берген,

Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.

5-оқушы

Желтоқсан — тарихымда әйгілі күн,

Ерттеп мініп ар-ождан сәйгүлігін.

Ерлерім елдік үшін атой салып,

Еншісін қайтарған бәйгелі күн.

Материалдар

Қажет болса, презентация материалдарын толық нұсқада жүктеп алуға болады.